---
title: "Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана..."
description: "Тілші қызметімнің арқасында, осы уақытқа дейін, кең байтақ елімнің ерекше жерлері мен қазақ тарихынд..."
author: "Mrojin"
published: "2012-03-23T18:16:30+00:00"
modified: "2013-01-14T02:16:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimni-keremeti-1-payyzy-ana-242230"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimni-keremeti-1-payyzy-ana-242230/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...

> Тілші қызметімнің арқасында, осы уақытқа дейін, кең байтақ елімнің ерекше жерлері мен қазақ тарихынд...

Тілші қызметімнің арқасында, осы уақытқа дейін, кең байтақ елімнің ерекше жерлері мен қазақ тарихында ойып тұрып орын алған тарихи нысандарда болдым.Бұл жерлерге алыс - жақын шетелден келетіндер аз емес, ендеше біз де бұл жерлерді ерекше бағалауымыз керек сияқты. Сол кездегі әсеріммен осы суреттер арқылы сізбен бөліскім келеді, құрметті оқырман!

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/4fl1sT87VzjdPYXE9W62V885eAce3M.jpg)

Арыстанбаб кесенесі. Бұл кесене XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстанбаб мазарының үстіне салынған.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/tBbrc4OP1hZ8opYB1vtybw8TM02Ua1.jpg)

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/JDo03B4XQE0MQ6XNGNbclxvrU3oWQu.jpg)

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/0XbGdl7Wsr0z37dAxdSEU9kLJO5G2m.jpg)

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Ал мына төмендегі осы кесененің ішінде тұратын "Тайқазан". Түркістандағы қасиетті қазан. Оны Қарнақ қаласында 1399 ж. Тебриздік шебер Абд ул-Әзиз ибн Шараф әдДин 7 металл қоспасынан құйып жасаған. Оған алпыс шелек су сияды, салмағы 2 т. Қазанның бүйіріне өсімдік кейпіндегі өрнектер салынып, араб әріптерімен оюлап құйылған жазулары бар.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/h0E711YkIGCSWc2BhBK5tWkHDAj7XR.jpg)

Түркістан тай қазаны 1935 ж. Санкт-Петербургтегі Әрмитаж басшыларының өтініші бойынша 3-халықаралық конгреске көрсету үшін әкетілген еді. Әрмитаждың төменгі қабатында 48-залда 54 жыл тұрып, Қазақстан үкіметінің талап етуі бойынша 1989 жылдың 18 қыркүйегінде қасиетті Т. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі өз орнына қойылды.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/PdK02gaNDD46TK1JQyz612WmLEuOTO.jpg)

Сауран. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/Q0VRu26rL7lz5g9OGwNe67nSKX1QTg.jpg)

13 ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14 ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/M627D4Lg8f7Escj8M5eR5V2z229Ihf.jpg)

Көне қаладағы ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Дәл міне суреттегі Сауранның негізгі қақпасында археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/c0QU4dF3fru3vFws173L46qTL315gr.jpg)

Қорқыт ата ескерткіші. сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінен 18 км жерде, Қорқыт станциясының түбінде орналасқан. Қорқыт Ата ескерткіші темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/p9M4r42ptGXBQqh6S1mJU483j1xX4C.jpg)

Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт Ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/F2057On8UW0aXrY9cplt0UjzVSgiXN.jpg)

Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/J376yuVRESbR4sWUPNOq9V7yLc24ti.jpg)

Қамбаш көлі. Қамбаш көлі бірнеше іріктеуден кейін еліміздегі туризмді дамыту картасына енді. Осында экологиялық туризмді дамыту мақсатында коттедж қалашығы және бес жұлдызды қонақ үй, саябақ салу жоспарланған.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/ByPBsMp62uJ6pT6z1k323MIYWFsx12.jpg)

Қамыстыбас көлі деп те айтайды екен бұл жерді. Қызылорда облысы Арал ауданында, Қамыстыбас темір жол станциясынан 2 км батысқа қарай орналасқан. Теңіз деңгейінен 58,1 м биіктікте жатыр. Жазық келген оңтүстік-батыс жағалауы Сырдариямен жалғасып жатыр. Қамыстыбаста сазан, алабұға, шортан, т.б. балықтар кездеседі. Көлде қаз, үйрек, т.б. құстар, қамыс, құрақ арасында ондатр, жабайы шошқа кездеседі. Табиғи пилингтің не екенін мен осында бірінші рет білдім ))))

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/3fxsZy87pq710AZY04RF7J6MQ7s83a.jpg)

Арал порты. Бұрын бұл Арал теңіздің жағалауы болатын. Қазір мұнда жалғызсырап ескі кемелер мен заманауи спорт кешені орналасқан.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/iNzGrcat2tzFreHmAzDcUvTzQmHnoZ.jpg)

"Дәл қазір Арал суы ескі жағалаудан 80 шақырым жерде"- деп түсіндірді бізге.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/pK5i1Zianp2t59qp24F42FnPIhgvEf.jpg)

Сапар барысында біз түйені кездестірдік.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/gGt5UQtc3yxF2r2cXL1r2sGLOm3Bfu.jpg)

Каспий теңізі. Ақтау қаласында болған адам міндетті түрде жағалауға барады. Керемет әсер, баяндауға сөз жетпес табиғаттың көрінісі.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/mGp5n5Gc3GuI272NETquv5fDjd8G3z.jpg)

Ал мынандай тас түрі Маңғыстау өңірінде жиі кездеседі. Ақтау қаласының өзі осы тастың үстінде тұрғызылған көрінеді. Табиғи құрылыс материалы.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/WC7g1fIO96vIW63lZ2Dv6A6yzkIx8Q.jpg)

Хан Ордалы Сарайшық мемориалды кешені. Сарайшықта жеті хан жерленген деген тарихи деректер бар. Міне сол жеті ханға қойылған мемориалдық кешен.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/h4AH1f93jg4Mib6cfc26b5HWNpqvvY.jpg)

Жеті хан мемориал ескерткіш кешені, өзі аппақ қардай сұлулығымен және адам қолдарының керемет жасау айбындылығымен таң қалдырады.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/QVWs0mocn6lIH6PnyZtwy1c3S16v5H.jpg)

Сарайшық қалашығы. Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ –ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке-Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол, «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен». (Жақында Ибн-Батутаның кітабінің электрондық нұсқасын көшіріп алдым өзіме, оқу керек). Ал Сарайшық қалашығының қазіргі ахуалы жайында мына сілтемеден http://mrojin.yvision.kz/post/238934 көре аласыздар.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/zJ98AUoH7BDgZ5gW25jc7V13Y7VonQ.jpg)

Қос мұналары мешіт, Семей қаласы. 1856 - 1862 жж.

- құрылысы және сәулет ескерткіші. ХІХ ғ. мұсылмандық сәулет үлгісі. Мешіт татар көпесінің қаржысына түрік жобасымен салынған. Мешіт жұмыс істеп тұр. Осы мешіттен жер асты жолдары бар деген жорамалды естіп сол жолдарды іздедік. Кәмпеске кезінде талайды құтқарған екен сол жер асты жолдар.Алайда оларды анықтау бізге бұйырмады. Айтпақшы сол жолдардың бірі молдалар үйіне дейін апарады деген сыбыс та болды. Мынау сол молдалар үйі.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/vXGb0sA49L1i3ZmPV52AAkNNUYMAz7.jpg)

Осы үйге қатысты тағы бір қызықты дерек. Бұл үй Мұхтар Ауезов пен Бибигүл Төлегенованың қара шаңырағы саналады екен. Осы үйдің қорасында жас Ауезво футбол ойнаған екен. Бұл үйдің қазіргі тұрғындары бұл жайында хабардар. Бізге бірәз мақтанып айтты осының барлығын.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/Igi7erMJ0IEXj7NzTT5KG75TKz2J1v.jpg)

Өрт сөндірушілер мұңарасы. Семей қаласында еліміздегі ең көне өрт сөндірушілер мұңарасы бар. Биіктігі 30 метр мұңара бүгінде мұражай болып тұр, іші тарихи деректер мен жәдігерлерге толы, ал үстіне кей кезде жас жұбайлар көтеріледі екен.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/VkR6A2A3G8y6DueW5iZ5qohUxxyZ0S.jpg)

Патшалық Ресей заманында Семей қаласын жаудан қорғап жүрген зеңбірек. Қазір Ямышев қақпасының жанында орналасқан.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/x24faDGhukkC1954jEsrkVd55ctI8l.jpg)

Карев үйі, Орал қаласы. Көпес Каревтің қырсықтығы мен кекшілдігі болмаса, бұл зәулім ғимарат та болмас па еді. Көшенің қарсы бетінде тұратын жолдасы Овчинниковпен ренжісіп Карев осы ғимаратты салдырады. Неге? Өткені көпес Овчинников күніге таң атысын бір кесе көфесін алып балконға шығып қарсы алғанды ұнататын. Ал кекшіл Карев осы әдетінен айырамын деп жолдасының үйіне қарсы бірнеше қабатты мына ғимаратты салдырады. Бірақ дегеніне жетпей қалады, құрылыс барысында биіктең құлап, мерт болады Карев. Бұл үйдің құрылысын оның әйелі бітіреді. (Кекшіл болмау керек еді сірә Каревке. Ал ұрыс керіс болмайтын нәрседен басталды дейді халық.)

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/okQ3nFc6mYcnlyB9783Gv9bxeIpoTc.jpg)

Жошы хан кесенесі. Жошы хан кесенесі (1228-1230) Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында, Жезқазғанның солтүстік шығысынан 55 км қашықтықта орналасқан.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/wI58F77fk8BLTjDuWZbSwJ49FRJ0e0.jpg)

Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі (оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы, т.б.) қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда 1227 жылы қайтыс болған Жошыға 1228 жылы күмбез тұрғызылған болу керек.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/U4KvxA28QhiuH62YZy1iesrRGZmiSx.jpg)

Домбауыл кесенесі. Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан Домбауыл кесенесі ғалымдардың пікірінше Орталық Қазақстандағы ең көне құрылыстардың бірі болғанымен есте қалады. Домбауыл ғұндар билеген кезде салынған болып есептеледі. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/bTKp20oL6c2C899sP9lP3ZFM4NCpUp.jpg)

Әйгілі тарихшы Құрбанғали Халитұлының «Сегіз оғыз» елінің қалай қалыптасқанын баяндағанда теріс таңбалы тайпа аты – Домбауыл екеніне ерекше мән береді. Осыған орай сонау Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінде тұратын қандастарымыз да «Теріс таңбалы тайпаның аты Домбауыл екен, Найманның ноқта ағасымын деп басқа найман тайпаларына (тоғыз тайпаға) таңба үлестіріп, өзіне таңба жетпей қалғандықтан таңбаны теріс басып, содан теріс таңбалы атаныпты» дегенді айтады. Сонда «Тоғыз тайпаға таңба үлестірген Домбауыл кім? Бұл туралы қаншалықты мәлімет бар?» дегенге келсек, жоғарыдағы айтылғандарға қоса, академиктер Әлкей Марғұланның, Ахмет Жұбановтың, шежіреші ғалым Мұхамеджан Тынышбайұлының, шежіреші Нығмет Мыңжанұлының жазған жазбаларында да Домбауыл батырдың Найманнан шыққанын тайға таңба басқандай айқындап көрсетеді.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/m2M98HgIFPMR1WwWL8Xj102DG4c0zQ.jpg)

Қазақ даласындағы өткеннен сыр шертетін осынау кешеннің нақты иесі тарихта болған Найман Домбауыл батыр. Қазақ жер мен суға, белгі мен мазарға ат қоюға абай болғанын еске алсақ, Жошының іргесінде жатқан оның бас батыры, ақылшы серігі Домбауыл екенін білгеніміз абзал. Домбауылдай батырдың атын асқақтатып, оның қос ұлы – Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа өмір сүрген, тұлпарының тұяғы тиген жер ұлтымыздың мақтанышына айналған қасиетті Ұлытау болғанын естен шығармайық

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/DnWKg8nvS1980Z9hy1A3mUSRxUvv8L.jpg)

Алаша хан кесенесі. Алаша хан – бұл тарихи болғанмен аты аңызға айналған тұлға. Шынында мұндай адамның атының тура аудармасы «ала» дегенді білдіріп, өзі қазақ халқының ата тегі болып саналған адамның болған-болмағанын ешкім білмейді. Алаша хан туралы ескертпелер тек аңыздарда ғана емес, басқа да түркі елдердің аңыз-әңгімелерінде де кездеседі. Сондықтан ғалымдар оны Еуразия далаларындағы көшпенділер бірлігі заманының культтік белгісі екендігін айтады, ал кесененің өзі XI – XII ғасырлар кезеңінде қазақ даласын басқарушысының құрметіне тұрғызылған деп санайды.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/htNuBWqxmIZH8nf076d8kK0Dtsu3e7.jpg)

Қаракеңгір өзенінің оң жағасында түрлі-түсті қыштан тұрғызылған кесене күмбез арқалығымен жабылған және алдыңғы қасбетінде мықты пилондары бар күрделі сәулет құрылысына жатады.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/f00ta5AMFxdS5z41QYh5arF84Dvuz7.jpg)

Мазарды зерттеуді Ш.Уәлихановтың «Қырғыз қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы» атты мақаласынан бастау алады. (1855 ж.). 1868 жылы подполковник Красовскийдің "Область сибирских киргизов" атты еңбегінде ежелгі құрылыс туралы сипаттама пайда болады. Орталық Қазақстанның сәуле ескерткіштерін зерттеуге «Атбасарцветмет» тресінің бас геологы Қ.И.Сәтпаев атсалысты. Кейін ол академик атанды.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/9JgFWPw6Mw0J7z2HXKLqV51UC2DVQo.jpg)

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/YE5yiT9NcX9B2xqlLCa89s010E5vK9.jpg)

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/9E0Zg31wXwEMZLG57E1Z5v6FN4y35H.jpg)

Кесененің қабырғасында бір адам сиятындай қылып арнайы көтерілетін орын қарастырылған. Ол арқылы кесененің үстіне шығуға болады.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/3LdjP1bU33weKu17uwi6u37KvR7eoX.jpg)

Сыртқы қабырғалары квадрат, ромб пен үшбұрыш тәрізді қыш қалауымен әшекейленген, ал басты қасбеті күйдірген сары сазбен безендерілген.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/XsIVeIuHGer0iNUp98DERyrjJ4WUf1.jpg)

Айша Бибі кесенесі, Тараз. Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал, аңыз оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы еді дейді. Сол аңыздың айтуынша, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/d7FcY8MA14jl1Z2jH8JxCxfLVdSsPg.jpg)

Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді. Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, шаң тозаңнан арылып, біраз дем алуға тоқтайды. Күтушісі ас жабдығына кіріседі. Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі күтушісі ас әзірлегенше дем ала тұрмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Су сабатының салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланған, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады. Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді. Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып, сол күмбез әлі тұр Тараз қаласының іргесінде. **(Ғаламтор кеңістігінде тапкан әнгімеден үзінді бұл)**

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/8a4Ak7tSXZ01pW375OFQBYX6v46mmh.jpg)

Қарахан кесенесі, Тараз қаласы. Қазақстанда 11 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Ша-Махмуд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған. Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы 19 ғасырдың 90-жылдарына шейін сақталған. 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/Zoj7pm746165OyxUgu0KclwSgeC83s.jpg)

Теректi әулие петроглифтерi. «Теректі әулие» атанған төбешіктер шоғыры Жезқазғаннан солтүстік-шығысқа қарай 88 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерден көне тарихи ескерткіштер табылған.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/Ef2BuADPib2nlwchl5PnZWjA0o68r5.jpg)

Қола дәуіріне (біздің заманымызға дейін екінші мыңжылдығына) жататын Теректі-Әулие петроглифтары ұзындығы көп жерге созылып баратын жайпақ тасты гранит қалдықтарында қалың жабылған жазулар ғалымдар үшін үлкен қызығушылық тудырады. Неғұрлым көп тараған сарындар жануарлар, көбінесе аттардың бейнелеуімен байланысты, сондай-ақ түйе мен өгіздердің суреттері бар.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/qY9j02a217GMXUG4H14svJZt5vKrAw.jpg)

Суреттер ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің көрінісі болып табылады, аң аулауға, жабайы аңдарға арналған, сондай-ақ Күнге табынушылығын суреттейтін сюжеттер бар. Суретті орындау техникасы қызығушылық тудырады, онда ежелгі адам алғашқыда бейнелеудің пішінін салып, кейіннен суреттің нұсқасы бойынша ұсақ жұмыр таспен тегістейтін. Теректі-Әулиемен көптеген аңыздар байланысты, сондықтан да қажылыққа барып тауап етушілер, және сондай-ақ мистиканы әр түрлі жақтаушылары бұл жерде жиі болатын қонақтар.

![Елімнің кереметі! 1 пайызы ғана...](https://storage.yvision.kz/images/user/mrojin/XGQ3Dp4GIy4eO2SH4Aj9M1k9I245tC.jpg)

P.S Бұл Қазақстандағы кереметтердің тек 1 пайызы ғана достар, қалғанын көрсем міндетті түрде сіздермен өз блогым арқылы бөлісуге тырысамын!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elimni-keremeti-1-payyzy-ana-242230](https://yvision.kz/kk/post/elimni-keremeti-1-payyzy-ana-242230)