---
title: "Еліміздегі ең ірі жылыжай Шымкентте бой көтеретін болды"
description: "Қазақстандағы ең үлкен жылыжай кешені Шымкент қаласында салынбақ. Бұл жобаны жүзеге асыру жайы елорд..."
author: "MarkSeveryanin"
published: "2023-11-20T10:09:37+00:00"
modified: "2023-11-20T10:09:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimizdegi-e-iri-zhylyzhay-shymkentte-boy-k-teretin-boldy-997796"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimizdegi-e-iri-zhylyzhay-shymkentte-boy-k-teretin-boldy-997796/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Еліміздегі ең ірі жылыжай Шымкентте бой көтеретін болды

> Қазақстандағы ең үлкен жылыжай кешені Шымкент қаласында салынбақ. Бұл жобаны жүзеге асыру жайы елорд...

Қазақстандағы ең үлкен жылыжай кешені Шымкент қаласында салынбақ. Бұл жобаны жүзеге асыру жайы елордада келісілді

![](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/6ab21b0cdba51acf677cd8d2288501.png)

2023 жылғы 17 қарашада Астанада өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI қазақстандық дөңгелек үстел аясында өзара ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойылды.

Әлемдік бизнестің және қаржы секторының өкілдерін жинаған іс-шараға ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Шымкент әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов жалпы сомасы 662 млн АҚШ долларына екі шетелдік компаниямен меморандумға қол қойды. Сөйтіп, екі жоба жүзеге асырылатын болды.

Біріншісі – қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу. Бұл іспен Түркияның ірі компаниясы – "Alarko Holding" айналыспақ. 650 млн долларға жүзеге асырылатын инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жалпы 500 га аумақта 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, жаңа технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жылыжай бизнесін дамытуға мүмкіндік береді.

Екіншісі – «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауыт салу. Тағы бір түрік компаниясы – "IŞIKLAR PACKAGING Ltd." жүзеге асыруы тиіс бұл жобаның құны 12 миллион АҚШ доллары болады.

Екі жобаның да тұрақты өңірлік өсуге, инвестициялар тартып, қала экономикасын дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеріне сенім мол.

Айта кетейік, Астанада өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі биылғы қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2023) алдыңғы қатарлы халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің 500-ден астам өкілі, инвесторлар, беделді сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары шақырылған еді. Қазақстан атынан министрліктердің басшылары, квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, сондай-ақ отандық бизнес өкілдері қатысты.

Шарада өңірлердің тұрақты өсіміне инвестиция салу мәселесі қарастырылды.

Қатысушылар Қазақстан аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктерін, көлік әлеуетін, логистикалық қызметтердің жаңа спектрін, заманауи тұрақты өндірісті, экспорттық әлеуетті кеңейтуді, инновациялық технологияларды, озық технологияларға инвестицияны талқылады.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elimizdegi-e-iri-zhylyzhay-shymkentte-boy-k-teretin-boldy-997796](https://yvision.kz/kk/post/elimizdegi-e-iri-zhylyzhay-shymkentte-boy-k-teretin-boldy-997796)