---
title: "Елімізде зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды"
description: "Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі зейнетақының орташа мөлшерін жария..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-01-18T09:22:37+00:00"
modified: "2024-01-18T09:22:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimizde-zeyneta-yny-ortasha-m-lsheri-belgili-boldy-1000035"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elimizde-zeyneta-yny-ortasha-m-lsheri-belgili-boldy-1000035/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елімізде зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды

> Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі зейнетақының орташа мөлшерін жария...

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі зейнетақының орташа мөлшерін жария етті.

![Елімізде зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/325d7f529d5bcd4cd8baaf38fad715.jpg)

Министрліктегілердің хабарлауынша, 2023 жылы республикалық бюджеттен 2,3 миллион адамға 3,3 триллион теңгеден аса сомаға зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 1 триллион 16,6 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 297,4 миллиард теңге бөлінген.

"2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақы өсімі 10,5 пайыз (инфляция деңгейінен 2 пайызға ілгерілеп) болды. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды.2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңге", - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, министрлік өкілдері 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі зейнеткерлер саны 2 миллион 344 мың болғанын айтып отыр.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өскен.

"Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төмен мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылды", - дейді ведомстводағылар

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elimizde-zeyneta-yny-ortasha-m-lsheri-belgili-boldy-1000035](https://yvision.kz/kk/post/elimizde-zeyneta-yny-ortasha-m-lsheri-belgili-boldy-1000035)