---
title: "Елеулі істер бастамасы «Сұңқар» студенттер кәсіподағы"
description: "Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы «Болашақ – жастардың қолында!». Осы ұранды негізге ал..."
author: "belasar"
published: "2015-03-11T22:36:34+00:00"
modified: "2015-03-11T22:47:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/eleuli-ister-bastamasy-s-ar-studentter-k-sipoda-y-481264"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/eleuli-ister-bastamasy-s-ar-studentter-k-sipoda-y-481264/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елеулі істер бастамасы «Сұңқар» студенттер кәсіподағы

> Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы «Болашақ – жастардың қолында!». Осы ұранды негізге ал...

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы «Болашақ – жастардың қолында!». Осы ұранды негізге ала отырып ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді өшірмей, үнемі жандандырып отыратын, осы тарапта патриотизмді қалыптастыру барысында жұмыс жасайтын Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Сұңқар» студенттер кәсіподағы. Бұл кәсіподақ өз негізінде түрлі қайырымдылық болсын, жалпы, студенттер үшін елеулі істер атқарып келеді. Бұл кәсіподақтың бағыты қандай, ол қандай мақсатты алға тартады, жалпы, кәсіподақ жұмысын қашан бастады? Осы сауалдар аясында «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрағасы Сыдықова Айдана Дәренқызын әңгімеге тартқан болатынбыз.

![сункар](https://storage.yvision.kz/images/user/belasar/bKSdkIwx0XFqqHLv9E1tiZ6Q2fi4oM.jpg)

**Айдана, сұхбатымызға уақытыңызды бөліп, келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ҚР конституциясы мен ҚР Азаматтық кодексі негізінде әрекет ететін қоғамдық бірлестік екені белгілі. Негізін қалаған да Дәурен Абаев екен. Ұйымның құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз.**

- *Иә, расында біздің кәсіподақты құрған Дәурен Абаев. Ол қазіргі кезде Елбасымыздың кеңесшісі және баспасөз хатшысы. Негізі, бізге биыл 15 жыл толып отыр. Алайда, кәсіподақ 15 жыл бұрын емес, университет құрылғалы бері өз жұмыстарын жасап келеді. Бұл 1934 жылдар болатын. Кейіннен, 1999 жылдары Дәурен Абаев кәсіподақты жандандырып, ресми түрде ашқан болатын.*

**Қысқаша ұйым төрағасы ретінде өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Ұйым төрағасы болып қалай тағайындалдыңыз, жалпы, ұйым жұмыстарына қашаннан бері араласа бастадыңыз?**

- *Мен басында көптеген ұйымдардан дәл осы «Сұңқарды» жаныма жақын тартып құрамына өттім. Кейіннен, өз факультетімде төраға болдым. Бір күні жалпы «Сұңқардың» төрағасы ауысатыны белгілі болып, жаңа төрағаны сайлау басталды. Өзін ұсынғандар да болды. Мені де ұсынды. Дауысқа салынып, мені 4 курста төраға етіп сайлады. Орынбасарым ретінде Сандуғаш Сандыбаева тағайындалды. Міне, осымен төрағалықты алып жүргеніме екі жыл да болды.*

**Кәсіподақ университеттік және факультеттік деңгейдегі іс – шараларды өткізуге де қаржылай көмек көрсететіні мәлім. «Сұңқардың» өз бюджеті де бары белгілі. Осы жайында айтсаңыз.**

- *«Сұңқар» тек әртүрлі деңгейдегі іс – шараларға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге де қаржылай көмек көрсетіп отырады. Яғни, бюджеттегі барша ақша тек студенттер игілігі үшін жұмсалып отырады.*

*

![сункар](https://storage.yvision.kz/images/user/belasar/35hYPLDoHK50qMIoBKS42T173F8sWM.jpg)

*

**Биыл кәсіподақ өзінің 15 жылдығын атап өтуде. Жалпы, кәсіподақ мүшелігіне кез келген студент қабылдана ала ма?**

- *Иә, біздің құрамымызға барша студенттер қосыла алады. Оған қоса, біздің кәсіподақта активисттерді түрлі марапаттаулармен, стипендиямен мадақтайды. Жалпы, қай ұйым болса да активисттерге көңіл бөліп отырады. Бізде де дәл солай.*

**Кәсіподақ негізінде көптеген акциялар ұйымдастырылады. Соның бірі «Бауырсақ Party». Бұл акцияның мақсаты қандай?**

- *Бұл акция тіл мерекесіне сәйкестендіріліп өткізіледі. Яғни, студенттер бауырсақ, тағы басқа тәттілерімен студенттер арасында мақалдар, жаңылтпаштар айтқызып сыйлыққа береді. Бұл акцияның мақсаты тіліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосу. Бізге дәл осындай идеялармен студенттер келіп жатады. Біз оларды да қолдап, ойларын жүзеге асыруға өз ықпалымызды тигізіп отырамыз. Мәселен, осы жылы біздің бастамамен, қолдауымызбен студенттердің кітаптары жеке басылып шықты.*

![сункар](https://storage.yvision.kz/images/user/belasar/09L66r8do08FG0HybBwp62q721DYWc.jpg)

**Белсенді студенттерді «Ыстықкөлге» жолдамамен қамтамасыз етіп отырасыздар. Қаржы ұйым тарапынан болып тұра ма, әлде тек белгілі бір мөлшердегі пайызын ғана қаржыландырады ма?**

- *«Ыстықкөлге» біз тек ең мықты активисттерді жібереміз. Үш күндік бұл жолдамамен демалып қайтқан студенттер өте көп. Ал қаржы жағын «Сұңқар» кәсіподағы өзі түгелдей өтеп береді.*

**Көптеген ұйым жобаларымен қоса Көңілді Тапқырлар Клубының да ұйымдастыруымен айналысасыздар. Ақпан айының соңында «Сұңқар» кубогының жартылай финалы да өтті. Қай команда, сіздің ойыңызша үздік ойын көрсете білді?**

- *КВН ұйымдастырумен айналысып жатқанымызға біраз болды. Жартылай финалда мен ешкімді бөліп жарып атай алмаймын. Себебі, әр факультет өзінше ерекше. Сонымен қатар, КВН – ді ұйымдастыру толықтай біздің еншімізде, сол себепті, КВН өтілген уақытта ұйым мүшелері басы – қасында болып, мінсіз етіп өтуін қадағалап жүреді. КВН – ге үнемі танымал тұлғалар шақырылады. Біздің ҚазҰУ – дан шыққан Ұлттық құрама, яғни «Жайдарманның» жеңімпаздары да біздің қолдауымызбен алға көтерілді.*

![сункар](https://storage.yvision.kz/images/user/belasar/u7B2xFAG7DOUp48EQ7idliv00UlQTz.jpg)

**«Үздік студенттік топ» идеясы кімнің бастамасымен ойластырылған?**

- *Бұл бастаманы қолға алғанымызға биыл жыл болып отыр. Мұнда әр факультеттен топтар өздерінің шамаларын шыңдап, бар білгірліктерін ортаға салып отырады. Байқау шарттарына негізделіп, ұздік нәтиже көрсеткен топ «Үздік студенттік топ» атауына ие болады. Қазір бұл байқауға барша факультет топтары дайындық үстінде.*

![сункар](https://storage.yvision.kz/images/user/belasar/33fq0KajNY6Wa5ff71zLnu4DReG3hI.jpg)

**«Сұңқар» кәсіподағын республикалық деңгейде көтеріп өзге де университет студенттерін ұйымға қосу жоспарда бар ма?**

- *Мен басқа ұйымдарға жауап бере алмаймын, дегенмен, мұндай жоспар менің ойымда бар. Республика бойынша үлкен кәсіподақ болып ашылса, әрине, бұл жақсы болар еді. Алайда, ашылғанның өзінде атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі бақылап отыру да қажет. Басқа да университеттерде де кәсіподақтар бар. Олардың қалай және қандай жұмытар атқарып жүргендігі тек өздеріне аян. Мен тек «Сұңқарға» жауап берейін. Болашақта осы үлкен жоспарды жүзеге асырсам деймін. Бірақ, қандай жоспар болмасын айтқым келеді, біз үнемі мемлекет мүддесі үшін жұмыстар атқаруға дайынбыз және Елбасының шешімдері мен саясатын үнемі қолдаймыз.*

**Сұхбатыңызға рахмет!**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/eleuli-ister-bastamasy-s-ar-studentter-k-sipoda-y-481264](https://yvision.kz/kk/post/eleuli-ister-bastamasy-s-ar-studentter-k-sipoda-y-481264)