---
title: "Электронды үкімет уақытты үнемдейді"
description: "Бүгінгі таңда облысымызда және аудандарда Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «электронды үкімет» ..."
author: "ceka"
published: "2014-09-25T01:40:07+00:00"
modified: "2014-09-25T01:40:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elektrondy-kimet-ua-ytty-nemdeydi-431093"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elektrondy-kimet-ua-ytty-nemdeydi-431093/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Электронды үкімет уақытты үнемдейді

> Бүгінгі таңда облысымызда және аудандарда Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «электронды үкімет» ...

Бүгінгі таңда облысымызда және аудандарда Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «электронды үкімет» бағдарламасын кеңінен насихаттау мақсатында «электронды үкімет бұрышы» ашылған. Бұл орталықтың қызметкерлері әрбір келушілерге электронды сандық кілттерді беру мен оны қалай пайдалану керек екендігі жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

Дәл осы ХҚКО-ларда электронды қызмет күн өткен сайын жанданып келеді. Бастысы, кедергісіз, тосқауылсыз қызмет көрсету қағидаты жолға қойылды. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығына бара қалсаңыз, бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ, азайған. Мұндай жағдайда жемқорлықтың тамырына балта шабылатыны да белгілі.

Электронды үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік берген де дәл осы механизм.

Басқаша айтқанда, электронды үкімет порталында лицензияны рәсімдеу үшін ЖСН ғана керек болатын (басқа ақпараттың бәрі дағдылы сұранымдар арқылы алынады), коммуналдық қызмет ақылары мен айыппұлдарды онлайн жүйесінде төлеуге, анықтама алу үшін ХҚКО-ға жеке куәлік қана талап етілетін бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге немесе электронды үкімет порталында небары 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей, кез келген уақытта баланың балабақшаға кезегін көруге, мекенжай анықтамасын ұялы телефонға алдыртуға және осы секілді басқа да көптеген 180-ге жуық қызмет түрлері көрсетіледі.

**Сайтқа тіркелу тегін**

Ол үшін www.egov.kz электронды порталына кіресіз. Онда электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) деген бар. Сол бойынша өтіп, шыққан сауалнаманы толтырып, қағазға шығарып алып, жеке куәлік пен өтінішіңізді алып, Халыққа қызмет көрсету орталығына келесіз. Мұнда келгеннен кейін екі жұмыс күн ішінде электронды цифрлық қолтаңба арқылы электронды жәшікке бара аласыз.

- Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, 2013 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызын электронды жүйеге ауыстыру қаралған. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде онлайн әдісті және кардридер төлем құралы белсенді жұмыс атқаруда. Кардридер (Cardreader) латын тілінен аударғанда оқыту құралы деп аталады. Кардридер құралы арқылы ХҚКО-да төлемдер төлеп, ЭЦҚ-ны пайдалануға мүмкіндік бар. ХҚКО-да бүгінгі таңда кардридер құралы арқылы жеке куәлікке ЭЦҚ кілтін құйып, өзіңіздің үйден немесе ҚҚП-нен (қоғамдық қолжетімділік пункті) кез келген анықтама алуға болады. Сол сияқты үйде отырып жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуге, жер, үй салығын төлеу қарастырылған. Қазіргі таңда салық басқармасында, Жол полиция басқармасында және облысымыздағы ХҚКО-да кардридер бағыты бойынша үйрету, төлемдер төлеу жұмыстары жүруде,-дейді «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы бойынша филиалының №1 қалалық бөлімінің басшысы Асылан ҒҰБАШ бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, электронды үкімет порталында болған ақпарат пен қызметтер топтастырылып, арнайы рубрикаларға бөлінген. Мәселен, «Отбасы» айдарында заңды некені тіркеу үшін электронды арыз беру, аты-жөнді өзгерткені үшін куәліктің салығын төлеу, баланың туу туралы құжаты мен балабақшаның кезегіне қатысты мәліметті табуға болады. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеудегі салықтың төрт түрі: үй, жер, көлік, үстемпұл төлеуге мүмкіндік алады.

«Порталдың жаңа үлгісінде онлайн қызметтер бір тізімде берілген. Ал жаңадан ашылған блоктардың бірі - Азаматтар мен үкімет. Аталған бөлімде мемлекеттік орган өкілдерімен электронды түрде ақпарат алмасудың жолдары көрсетілген. Бұл жерде тұтынушы интернет-конференциялар, министрдің қабылдауына жазылу, сондай-ақ бірінші басшылардың блогтарына қатысты ақпарат алуға және министрлердің онлайн қабылдануында бола алады», - дейді ол.

Бірақ Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет көрсетушілерге алғашында қиындықтар болғаны байқалады. Мұндағы қызмет көрсетушілердің айтуынша, кейбір тұтынушылардың компьютерді дұрыс білмейтіндігінен қиналыс туған. Бірақ жастар мен орта жастағы адамдар, яғни ғаламторда көп отыратындар электронды үкіметтік порталды бір түсіндіргеннен тез алып кеткен.

- Интерактивті кезең деген бар. Аталмыш кезең барысында порталды пайдаланушылар түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ, анықтама алып, үйден шықпай-ақ кез келген мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, оның мәртебесін қадағалап отыру мүмкіндіктеріне ие болады. Электронды үкімет порталында халық құжаттарды жинауға кететін уақытты үнемдеуге қол жеткізе алады. Бұл кезеңде әрбір қазақстандық порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған мемлекеттік органның байланыс мәліметтері секілді барлық қажетті ақпараттарын ала алады. Электронды үкімет дамуының транзакциялық кезеңінде азаматтар мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге мүмкіндік алады. Егер де осыған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару керек болса, енді онлайн жүйесінде қызметті пайдалануға да, оның ақысын төлеуге де болады,- дейді «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы бойынша филиалының №1 қалалық бөлімінің инспекторы Алғадай АМИРОВ.

Сол сияқты бірыңғай байланыс орталығы 1414-ке телефон шалу арқылы тұтынушы электронды үкімет порталы туралы тегін кеңес, сұрақтарына жауап және барлық өтініштерін білдіре алады. Бұдан басқа «өзіне-өзі қызмет көрсету секторының» «Connection centre» регламенті арқылы да әр келген тұтынушы аты айтып тұрғандай, өз-өзіне қызмет көрсете алады. Бұл қызмет көрсету түрінде тұтынушының куәлігі немесе жеке қолтаңбасы сұралады. Алдағы уақытта «өзіне-өзі қызмет көрсету секторының» «Connection centre» регламенті барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында орнатылмақ.

Подробнее: http://www.m-astana.kz Копирование Материалов из сайта, возможно только с обязательной гиперссылкой на Материалы Сайта, как первоисточник и с сохранением смысла, изложенного в Материалах. Это ограничение в равной степени распространяется на все СМИ, в том числе и страницы сети Интернет. Активная гиперссылка на Сайт должна быть указана в первом или втором предложениях текста Материалов.. При использовании фото/видео обязательно указание автора и название ресурса «Мұнайлы Астана» с водяным знаком.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elektrondy-kimet-ua-ytty-nemdeydi-431093](https://yvision.kz/kk/post/elektrondy-kimet-ua-ytty-nemdeydi-431093)