---
title: "Елбасының өлеңіне жазылған жаңа ән «На-На» тобының орындауында насихатталмақ"
description: "Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамед..."
author: "AIKYN"
published: "2012-09-06T01:35:45+00:00"
modified: "2012-09-06T01:35:45+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasyny-le-ine-zhazyl-an-zha-a-n-na-na-tobyny-oryndauynda-nasihattalma-288205"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasyny-le-ine-zhazyl-an-zha-a-n-na-na-tobyny-oryndauynda-nasihattalma-288205/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елбасының өлеңіне жазылған жаңа ән «На-На» тобының орындауында насихатталмақ

> Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамед...

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановтың «Мой город» әнін ресейлік «На-На» тобы кең көлемде насихаттауға кірісті. Есімі елге белгілі композитордың айтуынша, бұл туынды тәу еткен Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орайластырылып жазылған екен. Мереке күні орталық стадионда ұйымдастырылған мемлекеттік шарада сиясы кеппеген шығарманың тұсауын танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин кеседі. Арада екі аптадай уақыт өткенде продюсер Бари Алибасов авторға хабарласып, Астана туралы ән сұрайды. Елорданың туған күніне тарту ететін концерттік бағдарламаларына қосу үшін арнайы іздеп жатқанын жеткізеді.

- Бари Алибасов - байырғы досым. «На-На» тобының репертуарында екі әнім бар. Қайда бармасын, тастамай айтып жүреді. Сондықтан өнердегі, өмірдегі достарыма «Мой город» әнінің болашағын сеніп тапсырдым. Олар әуелі бірінші нұсқасын жаздырып, бір данасын маған тыңдауға жіберді. Бірақ шынымды айтсам, көңілімнен шықпады. Бұл жай ғана өлең емес, Елбасының сүйіспеншілігінен, көрегенділігінен, парасат-пайымынан шыққан сөздер. Өз қолымен тұрғызған арман қаласы жайлы жауапкершілік сезімдері, асқақ арманы мен шынайы махаббатымен өрiлген. Сондықтан ұлт Көшбасшысының жүрек лүпілі тыңдаушы назарына қаз-қалпында, өзгеріске ұшырамай ұсынылуын жіті назарда ұстадым. Абырой болғанда, сол кезде сәті түсіп Мәскеуге бара қалдым. Жігіттерге жолығып, қалай орындалу керектігін көрсеттім. Көзбе-көз отырып үйреттім. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың шілде айында «На-На» тобы Астанада концерт беріп, әнді орындап, астанамыздың рухын аспандатып кетті, - дейді өнер иесі. Бари Алибасов та қалыс қалмай, топтың ресми сайтында өз пікірін ерекше толқыныспен білдіріпті.

- Қалай болғанда да адамдардың ұзақ жылғы достығы өз жемісін бермей қоймайды екен. Шығармашылық қарым-қатынасына да оң әсерін тигізетін көрінеді. Олай дейтінім, ешкім айтпаса да Төлеген Мұхамеджановтың қоржынында жақсы ән барын іштей сездім. Хабарласқанымда, екі апта бұрын ғана жаңа туындысының өмірге келгені белгілі болды. Өлеңін Президенттің өзі жазғанын естігенде қызығушылығымыз одан сайын арта түсті. Нұрсұлтан Әбішұлына деген шексіз құрметімізді танытатын мүмкіндік туғанын түсіндік. Әнді тыңдап көргенімізде тіпті тамсандық. Кереметтігіне шүбәміз болған жоқ. Төлегеннің өзі қандай қарапайым, кеңпейіл болса, туындылары да әдемілігімен, даладай дархан иірімдерімен, әсем әуезділігімен бір-бірінен асып түседі. Өзін мықты санайтын орындаушылардың өзі оның музыкасын алғанда ойланып барып, кіріседі. Шыны керек, сахнада талай жыл жүріп төселген біздің өзіміз әннің әрлеуін үш мәрте жасадық. Президенттің өлеңі мен композитордың ойын бұлжытпай жеткізу үшін біраз әурелендік. Іздендік, еңбектендік. Дайын әуенге дауыс жазу да оңай соқпады. Бес рет орындап, түк шығара алмадық. Ақыры Төлеген Мәскеуге ұшып келіп, әр нотаны қолмен қойғандай етіп, жіліктеп түсіндіріп берді. Әйтеуір, әншілеріміз әрең дегенде әннің табиғатын бұзбай, дұрыс жол тапты. Бірде-бір әнге дәл бұлай қиналмап едік. Есесіне, жерлестерімнің алғысында есеп жоқ. Жақында Конституция күнінде Қарағанды қаласында өткен концертте қаумалаған халықтың ортасынан шыға алмадық. Барлығы рақметтерін айтып, қолтаңба алып, суретке түсіп, Мәскеуге ерекше сезіммен оралдық, - дейді Бари Алибасов. Тағы бір айта кетерлігі, ғаламторда «На-На» тобының орындауындағы «Мой город» әнін тыңдаушыларда есеп жоқ. Олар қазақстандық туындыны тыңдап қана қоймай, түрлі пікірін қалдырған. Басым бөлігі «Керемет ән. Балалық шағымызды, туған қаламызды еске түсіреді» деп ағынан жарылған. Композитор Төлеген Мұхамеджанов «Ән елордаға арналғанымен, мәтінде Астана деген сөз жоқ. Әркімнің өз қаласын есіне алып, тебіренетіні сондықтан болса керек» дейді. Тақырыпқа тұздық: «На-На» тобының продюсері Бари Алибасов тікелей өзі атсалысып, ғаламтор арқылы жолданған сұрақтарға жауап беріп отыратын топ сайтына бір ғана Астана қаласының жүзден аса суреттері салынғанын байқадық. Қаланың көрікті жерлерін армансыз аралап, көз тартар сұлулығын айдай әлемге паш етіпті. Әр суреттің астына тақырыпша қоюды да ұмытпаған. Асқан ұқыптылықпен жасалғаны көрініп тұр. Астана туралы, Елбасымыздың сындарлы саясаты жөнінде өзге елдің тұр­ғындарының жүрекжарды жылы лебіздерін оқығанда, кеудеңізді мақтаныш кернейді. «Астананың суреттерін жатып көрсең де, тұрып көрсең де көз тоймайды. Қысқа уақыт ішінде қала өте керемет салынған. Жол түссе, міндетті түрде барып, демалатын боламыз» дейді олар. Бұдан бөлек, топтың еліміздің өзге қалаларында өткен гастрольдік сапар­ларының барлығын осы желіден тамашалауға мүмкіндігіңіз бар. Сахна сыртындағы талай қызықтың да куәсі боларыңыз анық. Мұның барлығы Бари Алибасовтың туған еліне деген ыстық ілтипатын, патриоттық, азаматтық борышын көрсетсе керек. Өзге елде топ құрып, қазақша ән салғызып, қайда жүрсе де туған елін насихаттауға күш салатын продюсердің бұл ісі өзгелерге үлгі болса екен дейміз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elbasyny-le-ine-zhazyl-an-zha-a-n-na-na-tobyny-oryndauynda-nasihattalma-288205](https://yvision.kz/kk/post/elbasyny-le-ine-zhazyl-an-zha-a-n-na-na-tobyny-oryndauynda-nasihattalma-288205)