---
title: "Елбасы Талдықорғандағы Оқушылар сарайына барды"
description: "Қазақстан Президенті Оқушылар сарайында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет б..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-09-19T02:04:00+00:00"
modified: "2016-09-30T04:28:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasy-taldy-or-anda-y-o-ushylar-sarayyna-bardy-713578"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasy-taldy-or-anda-y-o-ushylar-sarayyna-bardy-713578/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елбасы Талдықорғандағы Оқушылар сарайына барды

> Қазақстан Президенті Оқушылар сарайында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет б...

Қазақстан Президенті Оқушылар сарайында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

![Елбасы Талдықорғандағы Оқушылар сарайына барды](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/9I5eBX2N9R9y6LrkNojamDQ4BkLcTE.jpg)

Мемлекет басшысы биология, физика кабинеттерін, техникалық шығармашылық модельдері көрмесін, хореография залын, үлкен концерт залын аралап көріп, көркемөнер галереясындағы суреттер экспозициясымен танысты.

Елбасы назарына ән және би өнері бойынша балалардың концерттік нөмірлері ұсынылды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Оқушылар сарайына келетін балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, шығармашылық табыс пен бақ-береке тіледі.

Соңында Мемлекет басшысы Оқушылар сарайына жайлы автобус тарту етті.

Ғимараттың жалпы алаңы – 13 мың шаршы метрден астам. Мекеме инфрақұрылымы шеберхана, зертхана, көрме және мәжіліс залдарын, сондай-ақ музей, медиатека, дыбыс жазу студиясы мен обсерваторияны қамтиды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңа мектепке барды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының №168 мектебіне барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы мектептің оқу бөлмелерін аралап, материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Сондай-ақ, Елбасы оқушылардың ата-аналарымен және педагогтармен кездесті.

Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті қазір мемлекет-жекеменшік серіктестігінің арқасында елімізде жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып жатқанын атап өтті. Жаңа салынған мектеп тиімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып саналады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтап, алға қойылған міндеттерге қол жеткізу жолында табыс тіледі.

Жаңа ғимараттың жалпы алаңы – 8390 шаршы метр. Мектеп заманауи құрылғылармен жабдықталған және 600 оқушыға арналған. Мұнда гуманитарлық ғылымдар тереңдете оқытылып, мемлекеттік тілде білім беріледі.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elbasy-taldy-or-anda-y-o-ushylar-sarayyna-bardy-713578](https://yvision.kz/kk/post/elbasy-taldy-or-anda-y-o-ushylar-sarayyna-bardy-713578)