---
title: "Елбасы «Көксу» қосалқы шаруашылығында болды"
description: "Қысы қатаң, жері шөлейт, жасыл желек шығуы қиын Қызылорда да бүгінде экзотикалық бақ өсіп тұр. Мемле..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-10-21T22:06:27+00:00"
modified: "2015-10-21T22:06:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasy-k-ksu-osal-y-sharuashyly-ynda-boldy-602710"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/elbasy-k-ksu-osal-y-sharuashyly-ynda-boldy-602710/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елбасы «Көксу» қосалқы шаруашылығында болды

> Қысы қатаң, жері шөлейт, жасыл желек шығуы қиын Қызылорда да бүгінде экзотикалық бақ өсіп тұр. Мемле...

Қысы қатаң, жері шөлейт, жасыл желек шығуы қиын Қызылорда да бүгінде экзотикалық бақ өсіп тұр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр еліне жасаған жұмыс сапары барысында тәжірибелік тәлімбақтың алғашқы өнімдеріне баға берді. Бұл өңірдің бренді болып қалыптасқан тізімге ақ күріш пен қара алтын ғана емес, енді мандарин мен Алматы апорты да қосылмақ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Қызылорда облысы әкімдігімен аймақтың ахуалдық орталық қызметімен де танысты. Мұндағы жобаның басты мақсаты – әкімдік қызметінің тиімділігін заманауи ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы арттыру. Ахуалдық орталық макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау, қаржы, демография, қоғамдық саяси ахуалды талдау қызметін атқарады. Орталықта жұмыс істейтін 21 маманның біліміне білігі сай, қызметтің қыр-сырына әбден қанық қызметкерлер. Олай деуге толық негіз де бар. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандардың тың жобасы Амстердамда өткен инновациялық көрмеде бас жүлдені иеленді.

Сыр еліндегі аумағы жиырма гектарға жуық тәжірибелік телімге тең келер ештеңе жоқ бұл маңда. Шөп шықпайтын шөлейт жерді көгалдандырып, көптің ықыласына бөленген мамандар он бес жылда талайды таңдай қақтырды. Эколологиялық жағдайды жақсартуға жанталасып жүрген мамандардың жетістігімен танысуға Мемлекет басшысы шаруашылыққа арнайы келді.

Елбасы келе салысымен тың тәжірибені енгізген шаруашылықты тамашалауға кірісті. Ағаштардың жай-күйін білмекке мамандармен тілдесті. Өйткені қолдан орман өсіруде Президенттің бір кісідей тəжірбиесі бар. Бас шаһарды жағалай жатқан жасыл белдеу бүгінде Астананың климатын айтарлықтай өзгертті. Мұндағы мамандардың да көксегені сол. Экологиялық ахуалды жақсартып, шөлейт жерді көгалдандыру. 2000 жылы құрылған тәжірибелік телімде бүгінде қарағай, арша, шырша, емен сияқты аймақтың табиғатына бейімделмеген ағаштар жайқалып өсіп тұр. Сыр өңірінде сексеуілден өзге ағаш өспейді деген түсінік түбегейлі өзгергені анық аңғарылады. Жайнаған жасыл бақты тамашалаған Президент бұл ретте Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарын түйіндеп, бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мына бақты көріп отырсыздар. Мінекей, мынандай бір адам ойымен, жігермен ағаш өспейтін, тұз соры шығып жатқан жерге орман өсіру деген қандай керемет. Дәл осындай адамдарды мақтау керек. Астана төңірегінде де ағаш орман өспейді деген болатын, қазір қандай орман өсті. 70 мың гектар өсіп тұр қазір. Ол енді Бурабайдың орманымен қосылайын деп жатыр. Егерде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша барлық жастар ағаш отырғызуға ынталанып, сол ағашты өсіруге дейін күтіп бағатын болса, өмірде із қалды деп санауға болады. Екінші жағынан елді көркейтеді, ауаны тазартады. Жеріміз әдемі болады. Қазақстан жері кең байтақ. Ал орман деген 3-4%-дан аспайды.

«Мұндағы мамандар қаланы көгалдандырумен қатар жергілікті климат жағдайында бұрын-соңды өспеген өсімдіктер қорын қалыптастыруда. Өз кезегінде Қызылордада қаулап өскен жасыл желектен бөлек, түрлі салалардың қарқынды дамуы байқалады», – деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы Қызылорда өңірінің территориясына қазір автокөлік дәлізі – «Батыс Қытай-Батыс Еуропа», теміржол, газ құбыры, электр жүйесі түгел өтіп жатыр. Қаланың өзінің тұрғындарының барлығы Сырдың бойында орналасқан, сондықтан ол үлкен жағдай жасайды деп ойлаймын халыққа, жұмыс істеуіне, әрі-бері баруына, жол жүруіне, байланысуына барлық өңірлерменен, сондықтан жалпы жағдайды дұрыс деп айтуға болады. Өндіріс құрылыстарын көрдік, күріш өңдеу деген бұл жерде болмаған, ал енді Индустриалды-инновациялық бағдарламамен бұл жерде үлкен мекемелер іске қосылатын болады. Оның ішінде ең үлкені әйнек жасайтын зауыт. Бүкіл Қазақстанға құрылыс әйнегін жасауға болады.

Тұқымбақтан аймақты абаттандыруға әкімдік қазірдің өзінде көшеттер алуда. Мұнда 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш өскіндері бар. Алқапта еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істеуде. Қосалқы шаруа қожалығынының иесі: «Ендігі менің мақсатым – қаланы толықтай көғалдандыруға өз үлесімді қосу», – дейді.

Рая Үдербаева, «Көксу» қосалқы шаруашылығының басшысы:
- Біздің бүгінгі күнгі басты мақсатымыз – шаһарды шаңнан тазартып, қаланы 100% көгалдандыру. Жуырда маған қылқан жапырақты ағаштар үшін жылыжай орнатады. Сонда бізде мына ағаштардың барлығын дәннен өсіруге мүмкіндік туады. Біз қазірдің өзінде мандарин мен Алматы апортын өсірудеміз. Болашақта оның жемісін көретінімізге кәміл сенемін.

Елбасы алашқа ана ұлт пен ұлысқа пана болған Сыр еліндегі сапарын қорытындылай келе, ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға бөлеп тұрған өлке жұртына бақ береке тіледі.

http://gbpp.org/kz/2015/10/10166

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/elbasy-k-ksu-osal-y-sharuashyly-ynda-boldy-602710](https://yvision.kz/kk/post/elbasy-k-ksu-osal-y-sharuashyly-ynda-boldy-602710)