---
title: "«ЭКСПО-2017» көрмесіне Катар мемлекеті ғылыми жобаларын ұсынады"
description: "Қазақстан сонау Аравия түбегіндегі Катар мемлекетімен де экономикалық, инвестициялық серіктестік аяс..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-10-28T21:58:03+00:00"
modified: "2015-10-28T21:58:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekspo-2017-k-rmesine-katar-memleketi-ylymi-zhobalaryn-synady-623002"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekspo-2017-k-rmesine-katar-memleketi-ylymi-zhobalaryn-synady-623002/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ЭКСПО-2017» көрмесіне Катар мемлекеті ғылыми жобаларын ұсынады

> Қазақстан сонау Аравия түбегіндегі Катар мемлекетімен де экономикалық, инвестициялық серіктестік аяс...

Қазақстан сонау Аравия түбегіндегі Катар мемлекетімен де экономикалық, инвестициялық серіктестік аясын кеңейте түспек.

Қысы, жазы ыстық ел күн сәулесін кәдеге жарата білетін Катар мемлекеті баламалы қуат көзі күн энергетикасы бойынша өз тәжірибесімен бөлісетін болды. Қазір катарлық ірі компания Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне ғылыми жобаларын әкелуді көздеп отыр.

Аравия түбегінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Катар мемлекетінің аумағы біздің елдей ұлан-байтақ болмаса да, ауқатты ел болып табылады. Басқа да араб мемлекеттері секілді қара алтын мен көгілдір отынға бай Катардың халқы 2 млн-нан сәл ғана асатынын ескерсек, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің 100 мың доллардан көп болуы түсінікті де. Парсы шығанағымен шектесіп, Сауд Арабиясымен шекаралас жатқан шағын мемлекетпен серіктесуге Қазақстанның құлшынысы зор. Олар да ерекше ниетті. Әсіресе күн энергетикасын өндіруде қазақстандықтармен әріптестік орнатуға құлықты. Қысы да, жазы да ыстық Катардың күннен қуат өндіруде мүмкіндігі мол, бұл ретте олар Қазақстанның сапасы әлем қызығатын кремнийін импорттап отыр. Күн энергиясын сақтайтын ұяшықтар, пластиндерді де Қазақстан экспорттайды. Доха қаласындағы Qatar Solar Energy компаниясының өкілдері Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне де қатысуға ниетті. Катарлық күн батареяларын өндіру процесін көрсеткен зауыт құрылтайшыларының бірі Ахмед Аббаси арнайы жоба барын мәлімдеді.

Ахмед Аббасси, Qatar Solar Energy компаниясының бас менеджері:
- Мен Қазақстан компаниясымен әріптестік орнатқанымызға қуаныштымын. Тұрақты энергетика секторында, баламалы қуат көзін өндіруде Қазақстанның да әлеуеті зор. Біз де осы саладағы тәжірибемізді сіздер ұйымдастыратын халықаралық көрмеде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бізде ғылыми институттардың бірнеше желісі бар. Қандай жоба бойынша жұмыс істейтініміз жөніндегі келісімге жақында қол қойылады.

Катарлық компания өкілдері күннен алынатын қуаттың өнеркәсіптік кешендерді қамтуға қауқары жетпейтінін мойындағанымен, бірнеше жылда оның есебінен халыққа таратылатын энергияның бағасын арзандатуға болады деп отыр.

Набих Шерради, Qatar Solar Energy компаниясы техникалық департаментінің директоры:
- Әлем күн энергиясының маңызына ерекше көңіл бөліп отыр. Біз Қазақстанмен әріптестік аясында сапалы шикізаттан бәсекеге қабілетті модульдер жасап отырмыз. Бізді4 панельдер екі жағынан да энергияны тартып, сақтауға қауқарлы.

Шағын мемлекет Қазақстанмен тек күн шуағының пайдасын көруде ғана серіктесіп қоймай, ауылшаруашылығы саласында өзара әрекеттесуге әзір. Шалғай жатқан араб мемлекетімен арадағы тауар айналымы соңғы 8 айда айтарлықтай аз болса да, алыс-беріс бар. Осыдан 22 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан екі елдің инвестициялық байланысы айтарлықтай. Астанадағы «Нұр Астана» мешітін қайтарымсыз көмек ретінде қаржы бөлген де осы – Катар мемлекеті. Сондай-ақ Катар тарабы Семейде ядролық сынақ салдарынан жапа шеккендерді оңалту орталығының құрылысына да ықпалын тигізбекші. Астанада жаңа әмір атындағы мектеп те араб мемлекетінің инвестициясына салынады.

http://gbpp.org/kz/2015/10/10638

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ekspo-2017-k-rmesine-katar-memleketi-ylymi-zhobalaryn-synady-623002](https://yvision.kz/kk/post/ekspo-2017-k-rmesine-katar-memleketi-ylymi-zhobalaryn-synady-623002)