---
title: "Экипаж ұшақтың елді мекенге құламауы үшін батылдық пен ерлік танытты"
description: "Бүгін Қорғаныс министрлігінде Қарағанды маңында МиГ-31Б ұшағының апатқа ұшырауы деректеріне байлан..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-04-25T00:46:20+00:00"
modified: "2013-04-25T00:48:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekipazh-sha-ty-eldi-mekenge-lamauy-shin-batyldy-pen-erlik-tanytty-349719"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekipazh-sha-ty-eldi-mekenge-lamauy-shin-batyldy-pen-erlik-tanytty-349719/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Экипаж ұшақтың елді мекенге құламауы үшін батылдық пен ерлік танытты

> Бүгін Қорғаныс министрлігінде Қарағанды маңында МиГ-31Б ұшағының апатқа ұшырауы деректеріне байлан...

**

![Экипаж ұшақтың елді мекенге құламауы үшін батылдық пен ерлік танытты](http://www.mod.gov.kz/mod-ru/images/stories/250413/250413_2.jpg)

Бүгін Қорғаныс министрлігінде Қарағанды маңында МиГ-31Б ұшағының апатқа ұшырауы деректеріне байланысты баспасөз конференциясы өткізілді. Бұрын хабарлағанымыздай. 2013 жылғы 23 сәуірде «Қарағанды» авиациялық базасында жоспарға сәйкес түнгі ұшулар жүргізілді. Экипаж парашютпен секіріп үлгерді, өкінішке орай экипаж командирі полковник Едігеев Марат Оразұлы (50185 әскери бөлімі) қайтыс болды, штурман майор Галимзянов Руслан Раифұлы орта жарақатпен госпиталда, оның өміріне қауіп жоқ.**

«Борттық нөмірі 02 МиГ-31Б ұшағының экипажы жауынгерлік дайындық курсы жаттығуларына жататын жойғыш авиацияның алыс қашықтықтағы іс-қимылдары – «бағыт бойынша және кіші биіктік зонасында ұшу» тапсырмаларын орындап жүрген болатын. Аталған авиациялық база ауа райының кез келген жағдайында, күні-түні Астананың және мемлекеттің әуе кеңістігін әуеден бүркемелеу бойынша жауынгерлік кезекшілік жасайды. Ұшақтың бұл түрінің жауынгерлік радиус қимылы осындай тапсырмаларды орындауға мүмкіндігі жеткілікті»,-деді ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Александр Сорокин бүгін баспасөз конференциясында. Сорокиннің айтуы бойынша ұшулардың Жауынгерлік парадқа дайындық іс-шараларына қатысы жоқ. Жаттығулар ұшу құрамының жауынгерлік кезекшілікті жүргізу дайындығы жоспарына сәйкес орындалған болатын. Ұшқыштар кез келген ауа райы жағдайында, тәуліктің кез келген уақытында жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы керек. Экипаж кез келген метеожағдайға күні-түні ұшуға дағдыланған, олардың ұшу элементтерінің барлық жаттығуларын орындауға рұқсаттары бар,-деп атап өтті басқолбасшы .

Экипаж командирі авиациялық базаның командирі екінші класты ұшқыш полковник Марат Едігеев Ю.А. Гагарин атындағы әскери-әуе академиясының түлегі, әуеде жалпы ұшу уақыты 1600 сағатты құрайды. Оның ішінде ұшақтың осы түрінде – 450 сағат. Ұшқыш барлық метеожағдайда, тәуліктің кез келген уақытында ұшуға бейімделген.

Оқиға болған жерге ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы келіп жетті. Іздестіру-құтқару қызметі апат болған жерге дер кезінде әрі жедел жетті.

Қазіргі уақытта экипаждың ерлік пен қаһармандық көрсетіп, машинаны соңына дейін сақтап қалуға тырысқаны және ұшақтың оқиға орын алған аудандағы «Просторное» елді мекеніне құлауының алдын алғаны белгілі болып отыр.

– Ұшқыш Руслан Галимзяновтың айтуы бойынша, бұрылысты орындағаннан кейін 3000 метр биіктікте көлденеңінен ұшу кезінде ұшақ сол жаққа қарай айнала бастап шиыршық атады.Э кипаж командирі құлап бара жатқан ұшақтың бағытын төменде жақын маңда орналасқан елді мекеннен әрірек әкетуге тырысып бағады. Жерге 1000 метр жақындаған сәтте парашютпен секіруге шешім қабылдайды. Бірінші болып майор Галимзянов Руслан одан кейін 0,4 секундтан соң полковник Едігеев Мұрат ұшақты тастап сыртқа секіреді. Құлдилау жылдамдығының ерекше жоғарылығынан ұшқыш Едігеев Мараттың парашютінің ашылуына биіктік таршылық етті,- деді Александр Сорокин.

Бұрын хабарланғанындай Ұшар алдында авиациялық техникада ақау болмаған. Ұшақ 2012 жылы желтоқсанда күрделі жөндеуден өтіп «Қарағанды» ұшақжайына жеткізілген болатын. Жөндеу Ресей Федерациясының Ржев қаласындағы 514-ші авиажөндеу зауытында жүргізілді. 514-ші авиа жөндеу зауытының өкілдері кепіл мерзімінде «Қарағанды» ұшақжайында (екі жыл) болды.

Ұшақ күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 42 сағат ұшу жаттығуларын орындады. Аталмыш ұшу ауысымында төрт рет ұшу тапсырмасын орындады, бұл бесінші рет ұшуы еді.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен мемлекеттік комиссия құрылды. МиГ-31 ұшағына күрделі жөндеу жасаған Ржев қаласындағы авиажөндеу зауытының мамандары, Ресей Федерациясы ұшу қауіпсіздігі қызметінің мамандары және Ресей Федерациясы авиация өнеркәсібі министрлігінің өкілдері шақырылды. Олар біздің мемлекеттік комиссиямен бірлесіп авиациялық апаттың себеп салдарын тексереді. Комиссия жұмысының нәтижелері туралы апаттың себептері жайлы қосымша хабарланады.

Тиісті Заңнамаға сәйкес қайтыс болған экипаж командирі ұшқыш Марат Едігеевтің отбасына бес жылдық ақшалай үлес мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады.

Батылдық пен ерлік танытқаны үшін экипажды мемлекеттік наградамен марапаттау туралы ұсыныс бар.

 

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ekipazh-sha-ty-eldi-mekenge-lamauy-shin-batyldy-pen-erlik-tanytty-349719](https://yvision.kz/kk/post/ekipazh-sha-ty-eldi-mekenge-lamauy-shin-batyldy-pen-erlik-tanytty-349719)