---
title: "Екiншi қыста"
description: "Екiншi қыста Көп ұзаған жоқ, корпус балалары жатақ үйлерiне орналасып оқу басталды. Шоқан корпус тәр..."
author: "kitap2"
published: "2016-03-17T01:38:17+00:00"
modified: "2016-03-17T02:59:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekinshi-ysta-684103"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ekinshi-ysta-684103/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Екiншi қыста

> Екiншi қыста Көп ұзаған жоқ, корпус балалары жатақ үйлерiне орналасып оқу басталды. Шоқан корпус тәр...

**Екiншi қыста**

Көп ұзаған жоқ, корпус балалары жатақ үйлерiне орналасып оқу басталды. Шоқан корпус тәртiбiне түсiнген, оқу жайына да жаттыққан бала қатарында, класс iшiнде көзге көрiне бастады. Өткен жылдары екi топқа бөлiнген балалардың жiктелуi кәдуiлгiдей балалар арасына көңiлсiздiк туғызған. Әсiресе рота балалары Шоқандардың яки эскадрон балаларына өктемдiк көрсетедi. Олардың кемсiте бой көрсетуiне Шоқан шыдамай, бiрнеше рет өзiне ерген балаларды бастап, қарсы тұрып қайрат көрсеттi. Бiр күнi рота баласының бiреуi «киргиз, калбит» дедi. Шоқан оған:

– Сен алдымен айтатын сөзiңдi бiлiп алып айтсаңшы, сүзек болған кiсiдей естiгенiңдi сандырақтамай. Мен киргиз емеспiн, қазақпын. Және калбит деген араб елiнiң бiр тайпасы, ол қазақ емес. Айта алмайтын сөзiңе тiлiңдi жаныма, босқа жауыр болады, – дедi. Шоқанға айтар жауап таба алмаған рота баласы қаша жөнелдi. Оны Шоқандар: «Адам емес, адамның қаңқасы» деп мазақтады. Сонан әлгi бала өз ротасының iшiнде қаңқа атанып масқара болды. Шоқанның осындай тапқыр, өжеттiгiне қол қойған балалар оны әрдайым арқа тұтып, басшы ететiн болды.

Бұл жылдардағы корпус балаларының асығып күтетiнi жексенбi күнi. Өйткенi қалада үйi бар балалар жексенбiде бостандық алып үйлерiне барады. Әрбiр класта бiр бала староста болып белгiленiп, балалардың бостандық алуын, мезгiлiмен қайтып сабағын әзiрлеуiне жауаптылық iстейдi. Шоқандардың класына Леонид деген бала староста болып белгiленген. Леонид бойшаң, сөлекеттеу, сабақта топастау болатын. Оның үстiне өзi мейлiнше дүниеқор едi. Үйi қалада болмағандықтан, ол демалыс күнi көп ешқайда шыға қоймайтын, сондықтан да ол старосталыққа ұсынылған едi.

Леонид қалаға баратын балаларға алым салатын болды. Үйiне босап барған бала, корпусқа келерде Леонидке кәмпит әкелiп бередi. Егер кәмпитсiз келсе, келер демалыста сылтау тауып жiбермей қояды. Сондықтан Леонидке балалардың жалыныштылығы үдеп, ол кейбiр демалыста бiр сауыт кәмпит жинап алатын болды. Леонид ол кәмпиттi демалыс арасындағы күндерде балалардың өздерiне дәптерге, қарындашқа, қаламсап-қа сатып, сәудегерлiк iстей бастады. Қаламынан айырылған, қарындаштан айырылған балалар сабақтарын жазар құралы болмай, сабақтан ақсайтын болды. Осының салдарынан класс iшiндегi Гена, Сережа дейтiн екi кiшiрек бала мүлде сабақтарын нашарлатып алды.

Леонидтiң осы сияқты мiнезiн әшкерелеп Шоқан:

– Леня Протков, жәшiгiңде кәмпит көп, дүниеқор, ши мойын, – деп мазақтады. Бұл балалар арасына жайылып кеттi. Протков Шоқанмен төбелеспек болып едi, бiрақ басқалар ара түсiп, оны шетқақпай қылды. Класс жетекшiсi тексерiп, Протковтың қобдиынан бiрнеше баланың қарындаш, қаламы табылып, ол үлкен ұялыс тапты. Мұнан кейiн Протковты старосталықтан түсiрiп, Шоқан белгiлендi. Протков жыл аяғы болмай-ақ оқудан шығып кеттi.

Шоқан старосталыққа белгiленгеннен кейiн бiраз уақыт өткенде бiр күнi рота балаларының бiреуi Шоқандардың класындағы бiр баланы ұрып кетiптi. Ол жылап класс старостасы Шоқанға келдi. Рота балаларының үстемдiгiн көтермейтiн Шоқан сол кезде келе қалған, жатақ үйдiң тәртiбiн қарап жүретiн офицерге айтты. Офицер Шоқанның өзiне зекiп, – «офицерлердiң балалары тәртiптi, сендер өздерiң тәртiпсiзсiңдер», – деп таяқ жеген баланың өзiн жазалап, түскi тамаққа жiбермей қойды.

Шынында да, Шоқандардың класында тентектiк, андай-мұндай тәртiпсiздiк бар болатын. Бiрақ мына баланың бұл жолғы көрген зорлығы рота балаларының үстемдiк етуiнен болған едi. Соған ыза болған Шоқан: «Мына жирен қоразға арыз айтқаннан да, артынан топырақ шашу керек едi», – деген. Шоқанның мына сөзiн естiген балалар ду күлiп, «тамаша теңеу, өзi бiр шiп-шикiл сары екен» десiп, мәз болды. Кейде бiрiн-бiрi «жирен қораз құсап қоқайма» деп ажуалайтын. Бiр күнi сабақтан қайтып, тамақтарын iшiп, жатақ үйде балалар шуылдасып отырғанда, сырттан атой болды. Мұндай атой тәртiпкер офицер келе жатқанда болатын. Шоқандардың бөлмесiндегi балалар жым-жырт бола қалды. Сонша болмады кезектi тәртiпкер жирен офицер бөлмеге кiрiп келдi. Анадағы серiктерiн орынсыз жазалағаннан берi өшiгiп қалған балалар бiрiне-бiрi ым қағып, офицердiң көзiн тасалай берiп қораз болып қоқырайып, сыр бермей тынышталған болды. Балалар монтиып өз бөлмелерiнде тәп-тәртiптi бола қалысты. Офицер кейбiр ұқыпсыз балалардың төсек-орнын көрiп, жөндеңдер дегеннен басқа өрескел мiн таппай шығып кеттi. Офицердiң артынан Анатолий деген тентек бала ере барып, есiктi жауып, бер жағынан жұдырықпен перiп-перiп жiбердi. Ол жүгiрiп келiп орнына отыра бергенде, есiк қайта ашылып, офицер үйге қайта кiрiп:

– Менiң артымнан есiктi ұрған кiм? – деп тепсiндi.

– Жоқ, тақсыр, бiз көргенiмiз жоқ. Ондай дыбыс естiмедiк.

Офицер қанша ызбарланғанымен балалар қайысып қорықпады. Ешкiм мойнына алмады. Офицер ызаланып корпустың бастығы Ждан-Пушкинге келiп, рапорт жазып, Шоқандардың класын жазалауды, тәртiпке шақыруды өтiндi. Келесi күнi Ждан-Пушкин өзi келiп, балаларды тексерiп, кластың бастаушысы Шоқаннан қысып сұрады. Шоқан да, басқа балалар да айтпады. Сонан Шоқандардың класы қыс ортасына дейiн жексенбiге бiрде-бiр бала үйiне босамады, үлкен қысымға ұшырады.

Алғашқы Ждан-Пушкин келiп тексергенде Шоқан:

– Тентектiктi кiм iстесе сол өзi айтуы керек. Мен өзiм көргенiм жоқ, – деп қайыспаған. Басқа балалар да Шоқанның осы сөзiн айтып сыр бермеген. Ал Анато-лийдiң тентектiкке қолы барғанымен, iстегенiн мойнына алуға батылы бармады. Балалар бiрнеше жексенбiде үйлерiне бара алмай зарығып, кейбiр балалар «айтамыз» дегенде:

– Батылы барса, өзi айтып, жолдастарын жазадан құтқарсын. Егер оған батылы бармаса, бiз ондай қорқаққа куә болмаймыз, – деп Шоқан балаларға айтқызбады. Сонан қыс ортасы ауған кезде Ждан-Пушкин балалардан қажығандық таба алмады. Өзi жазалау бұйрығын өзгертiп, Шоқандардың класы ел қатарлы демалыс алды. Бiрақ Анатолийға балалардың арасында «қорқақ» деген ат тағылды. Балалар оны Анатолий деген атымен атамай «қорқақ» деп шақыратын болды. Ол осы атқа намыстанып, келер жылы оқуға келмей қойды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ekinshi-ysta-684103](https://yvision.kz/kk/post/ekinshi-ysta-684103)