---
title: "Е.Сағадиев: ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау енді талап етілмейді"
description: "«Алтын белгіні» енді мектептің өзі беретін болады, ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау талап етілмейді. Бұ..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-11-22T08:59:22+00:00"
modified: "2016-11-22T08:59:22+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/e-sa-adiev-bt-da-altyn-belgini-rastau-endi-talap-etilmeydi-728987"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/e-sa-adiev-bt-da-altyn-belgini-rastau-endi-talap-etilmeydi-728987/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Е.Сағадиев: ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау енді талап етілмейді

> «Алтын белгіні» енді мектептің өзі беретін болады, ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау талап етілмейді. Бұ...

«Алтын белгіні» енді мектептің өзі беретін болады, ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау талап етілмейді. Бұл жөнінде ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҚР Үкіметінің отырысы барысында хабарлады.

«ҰБТ форматы өзгереді, бұрын 5 пән бойынша 125 сұрақ болып, оның ішінде 4 пән бойынша 100 сұрақ қана ескерілсе, 2017 жылғы ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ болып, оның 120-сы да ескерілетін болады. Ең жоғарғы балл 140, себебі екі балдан жинауға болатын сұрақтар да бар», - деп хабарлады министр.

«Министрлік мұғалімдермен, білім саласы мамандарымен және ата-аналармен 30-дан астам кеңес өткізе отырып, ауқымды талдамалық жұмыс жүргізді. Осы жұмыстың нәтижесінде ҰБТ-ны екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылданды. Қорытынды аттестаттау – мектепті бітіру емтиханы, ал ҰБТ – ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде бөлек өткізілмек», - деп түсіндірді БҒМ басшысы.

Тестілеуді өткізу уақыты өзгерген жоқ және ол 3 сағат 30 минутты құрайды.

Ведомство басшысы атап өткендей, сұрақтар 5 пән бойынша болады, оның ішінде 3 – міндетті пән бойынша және 2 – талапкердің қандай мамандық бойынша оқуға түсетініне байланысты бейінді пән бойынша.

Бұдан бөлек, министр «Алтын белгіні» енді мектептердің өздері беретінін хабарлады.

«Алтын белгіні» енді мектептің өзі беретін болады, ҰБТ-да «Алтын белгіні» растау талап етілмейді», - деп мәлімдеді министр.

Жалғыз өзгеріс, бұрын сұрақтарды облыстық білім басқармалары дайындаса, енді екі пән бойынша тест сұрақтарын ұлттық тестілеу орталығы дайындайтын болады.

Еске сала кетейік, 2016 жылы ҰБТ 13-ші рет өткізілген болатын. 13 жыл ішінде бірыңғай тестілеуге 1,5 млн тастам қазақстандық оқушы қатысқан.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/e-sa-adiev-bt-da-altyn-belgini-rastau-endi-talap-etilmeydi-728987](https://yvision.kz/kk/post/e-sa-adiev-bt-da-altyn-belgini-rastau-endi-talap-etilmeydi-728987)