---
title: "«Ду-думан»: екінші маусым"
description: "«Хабар» телеарнасы «Ду-думан. Дүлдүлдер додасы» ойын-сауықтық бағдарламасының екінші маусымын ашық д..."
author: "Jansaya"
published: "2014-11-19T10:13:00+00:00"
modified: "2014-12-01T22:31:17+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/du-duman-ekinshi-mausym-444637"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/du-duman-ekinshi-mausym-444637/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Ду-думан»: екінші маусым

> «Хабар» телеарнасы «Ду-думан. Дүлдүлдер додасы» ойын-сауықтық бағдарламасының екінші маусымын ашық д...

*«Хабар» телеарнасы «Ду-думан. Дүлдүлдер додасы» ойын-сауықтық бағдарламасының екінші маусымын ашық деп жариялайды. Жаңа маусым әзіл-сықақ және сатира мерекесіне айналмақ.*

Жоба мақсаты – қазақ тілі мен сахна тілінің дамуына үлес қосу. Авторлардың айтуынша, «Ду-думан» көрерменді отандық әзіл-сықақ театрларының өнерімен таныстырады. Жобаға қатысушы театрлар қазақы әрі тұрмыстық әзілдерді жандандырып, ұлттық брендке айналдырады.

![«Ду-думан»: екінші маусым](https://storage.yvision.kz/images/user/red13/YGBiZR3Hn1XmS6o1pSU1No1EGqthJB.jpg)

Телеарнаның 2013 жылғы ең жоғарғы рейтингті бағдарламасы халықты жаңа қырларымен таң қалдырмақ.Елімізге танымал ең үздік әзіл-сықақ отаулары «Өнер қырандары», «Күлкістан», «Екі езу», «Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрлары «ең үздік» деп танылу үшін сайысқа түседі.

![«Ду-думан»: екінші маусым](https://storage.yvision.kz/images/user/red13/a023Ce5JreQ4Kbhz83Ttosiv86NLBv.jpg)

Қатысушылардың шеберліктерін бағалайтын қазылар алқасының қатарында «Шаншар» театрының жетекшісі Уәлибек Әбдрайымов пен танымал әзіл-сықақ актері Алмат Сақатов болса, үшінші алқа мүшесі – арнайы шақырылған қонақ. Сонымен қатар ең басты жаңалық студия көрермендері де қойылымға өз бағаларын бере алады. Жеңімпаз театр бас жүлде, микроавтобус мінеді.

![«Ду-думан»: екінші маусым](https://storage.yvision.kz/images/user/red13/q8F9s2SXy1Cu5YZXOOJI7ab87UJ5UR.jpg)

Жеңімпаз атану үшін үлкен сынақтан өту керек. Алдынала дайындалған қойылым болмайды. Үміткерлерге күнделікті өмірдегі оқиғаларға қатысты тапсырмалар беріледі. Одан бөлек елімізге танымал тұлғалармен скетч ойнау мүмкіндігі бар. Күлкілі образдар, әдемі әзілдер, миниатюра, пародиялар мен әсем әндер сіздерді күтеді.

![«Ду-думан»: екінші маусым](https://storage.yvision.kz/images/user/red13/4Xf6134kG0YdD0Ycm41Rr3NIW2p9dB.jpg)

Қазылар алқасының құрамында Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Айгүл Иманбаева, Жеңіс Ысқақова, Нұрлан Абдуллин, Қайрат Баекенов, Алтынай Жорабаева, Жұбаныш Жексенұлы, Айқын Төлепберген, Нұрлан Албан, Қарақат Әбілдина сияқты өнер жұлдыздары бар.

Жаңа маусымның басты жаңалығы театрлар тағдырын тек қазылар алқасы шешпейді. Залдағы көрерменнің дауыс беру үлесі дәл жартысын құрайды. Қазылар да, көрермен де театрды 5 ұпайлық жүйемен бағалайды. Орташа арифметикалық нәтижесі қосылып, ортақ ұпайды береді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/du-duman-ekinshi-mausym-444637](https://yvision.kz/kk/post/du-duman-ekinshi-mausym-444637)