---
title: "Домалақ ана"
description: "Домалақ ана! Түнгі 12-де ет жеп, сорпа ішіп болған соң қазақ қонақжайлығы бітті ме десек, әлі жалғас..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-05-22T14:44:01+00:00"
modified: "2019-05-22T14:44:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/domala-ana-832907"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/domala-ana-832907/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Домалақ ана

> Домалақ ана! Түнгі 12-де ет жеп, сорпа ішіп болған соң қазақ қонақжайлығы бітті ме десек, әлі жалғас...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/67357e0ab80c481d77b04ae4639d6e.jpg)

Домалақ ана! Түнгі 12-де ет жеп, сорпа ішіп болған соң қазақ қонақжайлығы бітті ме десек, әлі жалғасы бар екен?! Не деген ғажап халықпыз. Қонағын құдайдай сыйлайтын біздей жұрт жоқ шығар сірә? Сонымен көлікке отырдық. Ниязәлі көкеміздің үйінен шыққаннан кейін Марат бауырымның үйі тағы шай дайындап қойыпты. Сөйтіп, «Астан үлкенбіз бе?» деп сағат түнгі екіде шай ішіп отырдық. Ниеттеріңізге рахмет! Алғысым зор.

Таңертең тұрған соң, тағы жолға шықтық. Бүгінгі жоспар бойынша да көп нысанды аралауымыз керек. Бірінші бет алған нысан – Домалақ ана кесенесі. Ақсукенттен шығып, жүйіткіп келеміз. Жол жақсы, арасында кейбір кедір-бұдырлары болмаса тек. Айтқандай, Қарабұлақ деген ауылдан өттік, бұл Қазақстандағы көшесі ұзын ауылдардың бірі деседі және осындағы мал базары оңтүстіктегі ең ірі мал базары болып саналады екен. Естуімше, баға да ұшып тұрған секілді. Қалай десек те оңтүстіктің жері тұнған тарих қой, бажайлап қарап келемін. Даңқты бабаларымыздың талай ұрыс салған, қаншама ғалымдар мен әулие-әмбиелер шыққан киелі жер. Әңгімелесіп отырып, Домалақ ана кешеніне де қалай жеткенімізді байқамай қалдық. Домалақ ана қазақ тарихында ерекше орын алатын тұлға.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b9ca68a0ccd82eb369d31c53354df5.jpg)

Нұрилә түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі екен. Әкесінің есімі - Әли Сылан, анасының есімі - Нұрбике. Нағашы ағасы Уәйіс хан - Моғолстанның ханы болған. Домалақ ананың әкесі Әмір Темірдің әскерінде қызмет етіп түзде жүреді, ел анасы ерте қайтыс болып, жетім қалады. Сөйтіп Нұрилә атасы Мақтым Ағзам қожаның қолында тәрбиеленеді. Кейінірек Бәйдібек бидің шақыруымен Мақтым Ағзамның отбасы Қаратау маңына көшіп барып қоныстанады. Мақтым Ағзам жаңа қонысында мектеп-медресе ашып, мешіт салдырады. Осында жүріп бой жеткен Домалақ ана атасы Мақтам Ағзамның өсиетімен 19 жасында (1397ж) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Домалақ ананың елге ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен аты шыға бастағаны осы кез еді. Оның даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайындағы әңгімелер ел арасында кең тараған. Соның бірі- «Домалақ ана» атауы жөніндегі ел аузында айтылатын аңыз. Ел ішіндегі деректерге қарағанда Домалақ анаға «Диһнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара хайдар деген кісі оның даналығына тәнтті болып қойған екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/447fa148142c8b35e9a09b8a6615e1.jpg)

«Диһнат мама» - парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Диһнат мама» сөзі уақыт өте келе тілдің даму заңдылығына орай дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешімін табуға өз үлесін қосқан. Домалақ анадан ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы әуелі Ташкент әмірлігінде кеңесші, кейін бүкіл Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған. Оны Домалақ ананың нағашы атасы Моғолстанның ханы Уәйіс хан қолдап отырған. 1429 ж. Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есен Бұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. Көш Балабөген өзенінің жағасына келген кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Домалақ ананың немересі ұлысбегі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, 1456 жылы Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене там тұрғызылады. Кейінгісі 1990 жыдары қайта салынған, құрылыс материалдары Маңғыстаудан әкелінген деседі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7fd870c2164cdf8413be7793356781.jpg)

Кесененің өз басы үлкен аймақты алып жатыр. Келушілердің де қатары көп екені байқалады. Сөйтіп, Құранымызды бағыштап, сапарымызды одан әрі жалғастыра бердік.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/domala-ana-832907](https://yvision.kz/kk/post/domala-ana-832907)