---
title: "Динозаврлар заманы өтті: «Нұр Отан» партиясының алдағы тағдыры қалай болады?"
description: "A+Analytics2014 жылы Украинада билікке деген сенімсіздік, сондай-ақ ел басшыларының, жалпы билеуші ..."
author: "Aplusanalytics"
published: "2022-03-01T11:21:17+00:00"
modified: "2022-03-01T18:25:45+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/dinozavrlar-zamany-tti-n-r-otan-partiyasyny-alda-y-ta-dyry-alay-bolady-962423"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/dinozavrlar-zamany-tti-n-r-otan-partiyasyny-alda-y-ta-dyry-alay-bolady-962423/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Динозаврлар заманы өтті: «Нұр Отан» партиясының алдағы тағдыры қалай болады?

> A+Analytics2014 жылы Украинада билікке деген сенімсіздік, сондай-ақ ел басшыларының, жалпы билеуші ...

A+Analytics

2014 жылы Украинада билікке деген сенімсіздік, сондай-ақ ел басшыларының, жалпы билеуші ​​элитаның, саяси партиялардың азаматтардың сеніміне ие бола алмауының соңы жақсылыққа апармағаны баршаға аян. Билік уәдесін орындай алмады. Халық күткені болмаған соң бас көтерді. Қазір мұндай қауіп біздің елде 1999 жылдан бері билік партиясы болып саналатын «Нұр-Отанға» да төніп отыр.

Шындап келгенде, партияның жағдайы қиын, Оны былай деп сипаттауға болады: «Қатардан шығарып тастағанға обал, ал бірге алып жүрсең масыл болмақ». Осы қарапайым теңеу «Нұр Отан» партиясына деген көзқарасының қандай екенін көрсетеді. Елпрезиденті осыдан бір ай бұрын: "біраз уақыттан кейін, мүмкін осы жылдың соңына қарай, мен "Нұр Отанға"одан әрі төрағалық етуіме қатысты мәселеге қайта ораламыз», деген болатын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/292fa2c2401fdab5ea7c1b93b64865.jpg)

Әлеуметтік желілер мен жаңалықтарға, сұхбаттарға шолу жасасақ, оның бәрі халықтың жекелеген топтарының шенеуніктерге, полиция мен мемлекеттік аппаратқа деген сыни пікіріне толы екенін байқаймыз. Қалың көпшіліктің талаптары орынды. Яғни, бұл көтерілген мәселелер мен ой пікірлерді үстірт талдауды емес, көтерілген жайттарға назар аудару қажеттігін көрсетеді. Әлеуметтік сауалнамалар қазақстандықтардың елдегі саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстар мен оппозицияның рөлі мен жауапкершілігін қайта қарау қажеттілігін көрсетіп берді.

Барлық деңгейдегі басшылардың, депутаттардың, министрлердің және басқа да билік өкілдерінің халық арасында беделінің төмендігі бәрімізге де кері әсер етуі мүмкін. Қазақстан халқы тек салық төлеуге немесе сайлауда дауыс беруге ғана емес,сондай-ақ елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін де қажет.

Жүйелі қайта құру мүмкіндігінің жоқтығы, халықтың пікірін билікке дұрыс «жеткізбеу» қалыптасқан саяси коммуникация жүйесінің жұмыс істемейтіндігін айқын көрсетеді. 2022 жылдың қаңтарында басталған наразылықтар халық пен саяси партиялардың арасында, яғни қарапайым азаматтар мен элита арасында сенімді «байланыс арналарының» жоқтығын тікелей көрсетті. Көп жағдайда қала басшылары, шенеуніктер, депутаттар бейбіт шерушілермен диалог орнатуға батылдық пен табандылық таныта алмады. Бұл билік пен ақпараттың вакуумына, одан кейін тұрақсыздыққа, тонаушылыққа, радикалды элементтердің белең алуына әкелді.

Бірақ егер қарасаңыз, мемлекеттік органдардың жауапты шешімдер қабылдай алмағанның кесірінен болған басқару жүйесіндегі дағдарыстың белгілері осы оқиғалардан әлдеқайда бұрын байқалған. Өткен жыл Қазақстан Президентінің ағымдағы жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелергетікелей өзінің араласуымен есте қалды.Қала әкімінің орынбасарлары немесе министрдің орынбасарлары деңгейіндегі мәселелер мемлекет басшысының айтуымен, нақты берген нұсқауларынан кейін ғана шешімін тапты. Әрине, бұл жағдайға қоғам алаңдаушылық танытты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/08fb971feec3dd988a8fd5b7816aac.jpg)

Мәселен, президент өз бақылауына алғаннан кейін ғана жаппай вакцинациялау, дизель отынының қымбаттауы, БЖЗҚ-ның тиімсіз қызметі, тіпті Алматыдағы сауда орталығының жанында заңсыз кесілген ағаштар проблемаларына дейін шешу мүмкін болды. Бұл шенеуніктердің қатардағы мемлекеттік қызметшіден бастап, облыс әкіміне дейін өзінің тікелей міндеттерін орындамауының тікелей дәлелі.

Қазақстан үшін жаңа бастамада жаңа партияларды тіркеу, оппозициялық қозғалыстардың жұмысын заңдастыру, парламент жұмысы мен оның құрамын қайта қарау, сайлауға жаңа партияларды енгізу сияқты маңызды мәселелерді қайта қарауды талап ететіні анық. Жергiлiктi мәслихаттардың жұмысын қайта бағалау және ел үшiн жұмыс iстейтiн депутат мәртебесiн де қайта қарау, олардың алатын миллиондаған теңге жалақысы, оған қоса, қызметтік көліктері мен пәтерлеріне қатысты мәселелерді қайта қарастыруды талап етеді. Журналистердің мәліметінше, бір ғана Парламент депутатын қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 90 миллион теңге жұмсалады.Сенат пен Мәжілістің 156 депутатының барлығына он төрт миллиард теңгеден астам қаржы кетіп жатқанын есептеу қиын емес. Оған қоса олардың көмекшілері, әкімшілік қызметкерлерін ұстауға және коммуналдық шығындары да мемлекет қазынасынан жабылады.

«Нұр Отан» партиясы бастапқыда саяси тұрғыдан дамуға және оны жаңғыртып отыруға жауапты көшбасшы бірлестік ретінде ойластырылған болатын. Сөйтіп, оның мүшелеріне, партия белсенділеріне билік пен халық арасында және бизнес ортасында сенімді ашық «байланыс» орнату сеніп тапсырылған болатын. Дегенмен, қазіргі тарихтағы саяси оқиғалар бұл партияның жаңа Қазақстандағы рөлі мен орнын қайта бағалау қажеттігін көрсетіп отыр.

Қателікті мойындау жауапкершіліктен құтқармайды және сенімді қалпына келтіре алмайды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайларға партияның жоғары лауазымды мүшелерінің нақты пікір білдіре алмағаны өкінтеді. Партиядағы кейбір жетекші қызметтегі тұлғалардың парламенттік отырыстарға келмеуі,елдің болашағына қатысты мәселелерден талқылауға қатысудан бас тартуы «Нұр-Отанның» жағдайын одан сайын ушықтырып, оның болашағын бұлыңғыр етіп отыр.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/3861934a451d329311fbc783b526f0.jpg)

Бұрынғы көшбасшы мәртебесін белгілейтін дауыс беру кезінде осы партияның кейбір депутаттарының «екі жақты» пікірде болды. Бұл«билік партиясы» мәртебесіне үміткер жаңа партиялар құру қажеттігін тағы бір рет дәлелдеп берді.Мұнда жалаң ұрандарды айтудың қажеті жоқ. Себебі, оның заманы өтіп кетті. Енді құрылатын партияларға сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы жоқ жаңа тұлғалар, жаңа бет-бейне қажет.

«Нұр Отанның» заңдылығын бұрынғысынша сайлауда бәсекелестікке жол бермеудің дәстүрлі әкімшілік әдістерімен, жаңа партияларды тіркеудегі реформалардың жоқтығымен қамтамасыз ету мүмкін болса, онда оған халықтың сенімі мен құрметі қалмайды. Бұлай болған жағдайда партияның қазіргі жағдайын толығымен қайта қарауды талап етуіміз тиіс.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған барлық өкілеттікке ие болған елдегі ірі партия уақыттың сынына төтеп бере алмады. Оған қазір көпшілік сенімсіздікпен қарай бастады. Партияға жыл сайын бөлінетін қыруар қаржы да зая кетті.

Егер партия мүшелері атап айтқанда, нұротандық депутаттар жоғарыдан келетін бұйрықты немесе мемлекет басшысының тапсырмасын күтпей-ақ, өздерінің кемшіліктерін қоғам алдында мойындай бастаса, оның өзі халыққа бет бұрудың көрінісі болар еді.

Осыған дейін шенеуніктердің атқарған жұмыстары ел үшін тиімді болған жоқ. Оған дәлел ретінде саяси және басқарушылық салада шешімін күткен мәселелер атап айтуға болады. Ондай жайттаржетіліп артылады. Сондықтан,оның бірін рет-ретімен шешу үшін шұғыл реформалардыңқажет, деп қорытындылауға болады.Бұл Қазақстанға ауадай қажет. Себебі, қазіргі жаңа кезеңде еліміздің бүкіл қоғамдық және экономикалық жүйесі қайта жаңғыртуды керек етіп отыр. Мемлекеттік аппарат пен халықтың және сондай-ақ, бизнес иелерімен арадағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертуге бағытталған шешуші қадамдар ғана азаматтардың билікке деген сенімін қалпына келтіре алады.

Өз кезегінде, бұл өтпелі кезең жаңада мінбеге шыққан саяси көшбасшылар үшін тиімді уақыт. Себебі, олар өздерінің алдындағы әріптестерінің қателігін жақсы біледі. Сондықтан, одан бойларын алшақ ұстап, қайталамауға тырысады. Егер қазіргі жаңа Қазақстанның мақсат-мүддесін, міндеттемелерін орындай алса, халықтың көңілінен шығары анық. Тек осы сәтті тиімді пайдаланғаны жөн.

Осыған байланысты алдымен мұндай партиялар қоғам мен билік арасындағы ынтымақтастықты орнату бойынша жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Бұл ретте , көшбасшы түлғалар,саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері аса белсенді болғаны абзал. Сонымен қатар, қазіргі саяси партиялар мен қозғалыстардың мәртебесін қайта қарау қажет. Оған қоса, олардың жүрігізіп отырған идеологиясына жаңаша көзқарас, жаңа леп керектігі айтпаса да түсінікті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/dinozavrlar-zamany-tti-n-r-otan-partiyasyny-alda-y-ta-dyry-alay-bolady-962423](https://yvision.kz/kk/post/dinozavrlar-zamany-tti-n-r-otan-partiyasyny-alda-y-ta-dyry-alay-bolady-962423)