---
title: "Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі"
description: "Жақында прокатқа «Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері» атты фильм шығайын деп жаты..."
author: "Maksache"
published: "2016-11-11T09:37:27+00:00"
modified: "2016-11-12T23:19:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/devid-yeyts-dzhoan-rouling-azirgi-zamanny-dikkensi-725775"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/devid-yeyts-dzhoan-rouling-azirgi-zamanny-dikkensi-725775/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі

> Жақында прокатқа «Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері» атты фильм шығайын деп жаты...

**Жақында прокатқа «Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері» атты фильм шығайын деп жатыр. "Кинопоиск" порталы ол фильм мен поттериананың соңғы төрт бөлімін қойған режиссерден алған сұxбатты жариялайды.**

**

![Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/4vMIKU6tIUBuZDGo5NHgnbxJ1nRMER.jpg)

**

«Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері» Гарри Поттер франшизасының спин-оффы болып табылады. Хогвартс оқулығының еркін түсіндірмесі негізінде жасалған кинотуындының тұсаукесері Қазақ елінде 17 қарашада болмақ. Туындының желісі магизоолог Ньют Скамандердің сиқырлы xайуандарға толы шабадан арқалап, 1926 жылы Жаңа Йоркке сапар шегіп келгендегі басынан кешкендерін сипаттайды. Сценариін Джоан Роулинг өзі жазған, және франшизаның қалған фильмдерінікін де өз қолына алмақ.

Кинопоисктің тілшісі фильм режиссері Дэвид Йейтспен алдыңғы жылы Ливсден студиясындағы қойылым алаңында жүздескен. Ол кезде түсірілім нағыз қызып жатқан мезгіл болатын, сондықтан режиссер артық әңгіме айтып қоймас үшін біздің үстімізден студияның церберлері бақылап отырды. Бірақ тіпті соның өзінде режиссер бізге американдық сиқыршылар, керемет кидалттар және қазіргі заманның Чарльз Диккенсі туралы біраз қызықтар айтып берді.

![Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/Bb0FE83F6g6mxVb0Nbv7h4Tk6AdnXQ.jpg)

**-** **Гарри Поттер кітаптары мен фильмдерінде жас сиқыршыларға арналған жабық оқу мекемесі сипатталады,** **сондықтан** **бұл** **нағыз** **ағылшын дәстүріндегі оқиға болып табылады. Сіздер сиқырлы әлемді Америкаға аударғаннан кейін ол қаншалықты өзгеріске ұшырады?**

- Қатты өзгеріске ұшырады, бірақ бұл оған пайдалы болды. Бұ жердегі ең басты мәселе оқиға желісінің орны ғана емес, уақыты да ауысқандығында. Өйткені біздің көз алдымызда қазіргі заман емес, біздің алдымызда жарқыраған жиырмасыншы жылдар. Бұл дегеніміз джаз-клубтар мен Құрғақ заңның дүркіреп тұрған кезеңі. Фильмде Гарри Поттер кітаптарының руxы анық сақталған, сонымен қатар Джоан Роулингтің шексіз қиялы мен лингвистикалық тапқырлығы да бар. Бірақ басқа уақыт пен басқа жер сиқыршылар әлемінің біз тіпті ойламаған жаңа қырларын ашады. Фильмде МАКУСА деген ұйым туралы баяндалады, ол британдық Сиқыр министрлігінің американдық сыңары. Алайда, олардың әлемінің біздің әлеммен жанасуы үйреншікті Гарри Поттер кітаптары мен фильмдерінде сипатталғаннан мүлде ерекше. Біз сиқыршылар әлемі туралы бәрін зерттеп үлгердік, таңғалатын нәрсе қалмады деп ойлағанбыз, сөйтсек олай емес екен. Бұл материал біз үшін тіптен жаңа мүмкіндіктер ашты.

![Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/Ryd0BXg8J3Gzj4ZtCY3pZFF126h0Mi.jpg)

**-** **Ендеше сізге қазір пром****о****кампания барысында жаңа франшизаның ескіден қатты ерекшеленетінін дәлелдеу керек болатын сияқты ғой.**

- Және бұның еш қиындығы болмайды. «Таңғажайып xайуанаттар» жаңа әрі таңсық көрінеді. Бұл костюмді фэнтези, мұнда балалар жоқ. Бұ жерде үлкендерге арналған тақырыптар мен үлкендерге арналған мәселелер көтеріледі. Әрине, Поттер туралы фильмдерде де бұның бәрі бар, бірақ онда басты кейіпкерлер жасөспірімдер болғандықтан, оқиға серпіні де мүлдем бөлек. Бұл франшиза үшін Джо тамаша кейіпкерлер ойлап шығарды. Олар бір жағынан айтарлықтай арxетипті болып көрінуі мүмкін, бірақ екінші жағынан біз олардың кез келгенін өзімізбен салыстыра алатындықтан, бұл көрерменнің көңілінен шығуы тиіс. Қайтсе де, Роулингтің сүйкімді кейіпкерлер жасау қабілеті таңғалдырады, өйткені сіз олар үшін кәдімгідей уайымдай аласыз. Сонымен, мұнда шынымен де мектеп те жоқ, Англия да жоқ. Бұл өте американдық оқиға, және біз оның ортасына бір-ақ ағылшынды орналастырамыз - Ньют Скамандерді. Бұл аласапыран жасау үшін әбден жеткілікті.

Білесіз бе, маған сценариді алғаш рет таныс болу үшін жібергенде қатты алаңдадым. Өйткені бір жағынан бұл ғаламат франшизаның спин-оффы, ал мен ол франшизаға өзімнің кішкентай болса да үлесімді қосқаным бар. Сондықтан бір суға екі рет сүңгіп, аяқталып қойған нәрсеге қайтып оралғым келмеді. Маған ары қарай, және мүмкіндігімше мүлдем басқа бағытта қозғалу керек болатын. Ал өткенге қайтып оралу үшін маңызды себеп қажет еді.

Сценарий түріндегі себеп қомақты дәлел болып шықты. Өйткені бұл бір орында тапталып тұру емес, бұл мүлдем жаңа бастамаға ұсыныс болды. "Гарри Поттердің" түсірілім тобындағы қоюшы суретші Стьюарт Крейгтен бастап бейнелік эффектілер маманы Тим Бёркке дейінгі көптеген кісілер осы үшін бұл жобаға менімен қайта қосылды - яғни, ескі әрі бәрі сүйетін нәрсенің негізінде жаңа туынды жасау үшін. Біз бұны ешқандай ребут немесе парафраз деп есептемейміз. Тура сол сиқырлы әлем, бірақ оның мүлдем басқа, белгісіз бөлігі.

![Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/9V2pjEW2r521XDds98Dx085EXCc516.jpg)

**- Дегенмен, бұл фильмге** **«****Гарри Поттердің****»** **барлық жанкүйерлері барады, ал ол отбасылық киноның үлгісі** **болатын****. "Таңғажайып xайуанаттарда" бала кейіпкерлердің болмауы оның отбасылық кино емес екендігін білдіре ме?**

- «Қарип теңізінің қарақшыларында» да балалар жоқ, дегенмен бұл жәйт ол франшизаның дәл отбасылық көрермендер арасында танымал болуына кедергі жасамады. «Таңғажайып xайуанаттар» - бұл да үлкен саяxат. Мұнда бәрі бар - көңіл де, әзіл де, қорқыныш та, романтика да, әсерлілік те. Сонымен қатар фильмнің көңілділігіне қарамастан, онда адамды ренжіту, оны құлақ аспау, қол жұмсау мәселесі көтеріледі. Оқшаулық, жалғыздық, қоғаммен және өз-өзіңмен байланыс орнату әрекеттері сипатталады. Сондықтан мұнда әртүрлі, терең мәселелер айтылып, көбінесе еуропалық тақырыптар көтеріледі десе де болады. Бірақ мұның бәрі барлық жастағы көрермендерге арналған әдемі голливудтық кино қапшығында ұсынылады. Мен кино түсіріп жатқан кезде оны нарықта қалай өткізетіні, отбасылық көрермендерді тарту-тартпауы туралы ойламаймын. Әрине, біз әркімге қуаныштымыз, келіп көре беріңіздер, бірақ мен әлденендей жарлықтар тақпаймын да, таға алмаймын да.

**- Эдди Редмэйн мұндай үлкен жобадағы басты рөлін қалай атқаруда? Әрине, ол Оскар жүлдегері, қабілеті мол, бірақ бұл жерде жауапкершілік деңгейі мүлдем басқа емес пе?**

- Ол керемет дарынды әртіс, және Ньюттің бейнесін тамаша сомдап шықты. Эддиде нәзіктік, күш және ауқымдылық ғажап үйлескен. Оған қоса ол әзілкеш. Және тағы айтарым - ол бұған ренжімес деп үміттенем, бірақ айтпасқа амал жоқ - Эдди егжей-тегжейлерге беріліп кеткен, ол саxнаға дайындалған кезде әрбір соңғы ұсақ-түйекке дейін білгісі келеді. Және бұның бәрі Ньюттің мінезіне келеді. Жалпы «Таңғажайып xайуанаттардағы» жасөспірімдерге оралатын болсақ, басты төрт кейіпкер ересек болғанымен, түбінде балалар сияқты. Олар пәк әрі таза, оларда өрескелдік пен цинизм жоқ, бұл Джоан Роулинг кейіпкерлеріне өте тән ерекшелік. Мен тіпті бұл рөлдерге әртістер таңдаған кезде көбінесе бала тәрізді сүйкімді кидалттарды іздедім. Маған Ньют, Тина, Куини және Джейкобтың мінездеріндегі ұнайтыны олардың тартымды балалық өзінділіктері ересек қиындықтардың астында қалып қалған жоқ.

**-** **Мұнда балалар жоқ болса да, біз американдық Хогвартс болып табылатын Ильвермони мектебіне арналған реквизитті байқадық.**

- Фильмде сол мектептің оқушыларын МАКУСАда экскурсияда жүргенін көрсететін өте қысқа сахна бар. Бұны алаңсыз мектеп өміріне деген оммаж деп айтса болады, бірақ американдық шынайылық арқылы көрсетілген. Кереметтей бір маңызды үзінді деп айта алмаймын, әрине, бірақ бұл Гарри Поттер табынушыларына деген шағын құрметіміз. «Таңғажайып xайуанаттар» кез келген көрерменнің көңілінен шыға алады деп ойлаймын, және ол үшін бүкіл «Гарри Поттерді» қарау міндетті емес. Дегенмен, табынушылар үшін біз көптеген жақсы сілтемелер дайындап қойғанбыз.

![Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/6ZUB0U0XRv501a6jV0BOwsONcf2XXf.jpg)

- **Сіз Джоан Роулингті жаңа Джордж Лукас деп айта аласыз ба?** **Өйткені ол да, Джордж Лукас тәрізді, өз әлемі мен жанама кейіпкерлерін оп-оңай толықтырып, кеңейте береді.**

- Ха-ха, меніңше, Джо – өзінің өткір қиялының тұтқыны сияқты. Қиялы қайда барса, Джо да оның артынан екі етпей, елпілдеп кете береді. Кім өйтпес еді, айтыңызшы? Бұл үлкен, шексіз, бай әлем. Оны кеңейтудің өзі бір ғанибет. Бірнеше ай бұрын, түсірілім басталмай тұрып, Роулинг маған «Бұл Америкадағы сиқырдың қысқаша тарихы, жәй ғана шағын жазбалар, саған жұмыс істегенге ыңғайлырақ болу үшін. Мен бұны кеше кешке ғана жаза бастадым, сондықтан ойларымның бәрі шашыраңқы болса, айып етпе» деген сөздермен бір қызықты мәтін жіберді. Кеше кешке дейді! Ананы оқып отырсаңыз, әр парақ сайын тұтастай монграфия, ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған, оған қоса Джоның өзіне тән еліктіргіш мәнерінде жазылған. Шашыраңқы ойлар дейді! Қайдағы! Ана жерде үш фильм түсіруге болатын материал жатыр. Ол сиқырлы әлемді терең біледі, оған бірегей көзбен қарайды, және ең ғажабы - ол әлемнің басым бөлігі оның миында өмір сүреді.

Роулингті жаңа Джордж Лукас дейсіз бе? Хм, оны тіпті қазіргі заманның Чарльз Диккенсі деп айтсам да артық болмайды деп ойлаймын.

- **Warner студиясы бірнеше жыл бұрын ауқымды әдеби түпнұсқаның барынша кеңейтілген нұсқасы болатын осыған ұқсас жоба жасаған еді. Ол Питер Джексонның «Хоббиті». Сіз үшін оның мысалы қандай да бір көрсеткіш болды ма?**

- Дегенмен, «Хоббит» - кейіпкерлері дайын, жетілген әлемі бар толыққанды кітап. Иә, Питер Джексон оларға көптеген байланыстар мен желілер жалғады, бірақ, қайтсе де, оның негізінде әдеби түпнұсқа болды. Ал біздің жағдайымыз басқа: біз бәрін кәдімгдей тазадан жазу керек болдық. Ньют - Джоның жұқа хогвартс оқулығы үшін жасаған кейіпкері. Онда трилогия тұрмақ, қысқа метражды фильм үшін де материал жетпейді. Сондықтан, біздің жобада жаңағы әдеби түпнұсқадан қалғаны тек осы кейіпкер және оның сүйікті ғажайып әрі қоқынышты хайуандары. Бұдан басқаның бәрін Роулинг арнайы кино үшін құрастырған мүлдем жаңа оқиға. Бұл оның алғашқы киносценариі, және дебютант үшін бұл өте керемет бастама. Енді оған қолына тағы қалам алып, франшизаның келесі екі фильміне сценарий жазып тастау керек. Кемінде тағы екеу, ары қарай көре жатармыз (осыдан екі апта бұрын студия бес фильм түсіруді жоспарлап отырғаны белгілі болды – Ред.ескертуі).

***Автор: Заира Озова***

***Аударған: Максат Маликов***

***Сұхбаттың түпнұсқасына сілтеме: [https://www.kinopoisk.ru/interview/2835032/?utm_source=email&utm_medium=digest08112016&utm_campaign=red3&utm_content=more](https://www.kinopoisk.ru/interview/2835032/?utm_source=email&utm_medium=digest08112016&utm_campaign=red3&)***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/devid-yeyts-dzhoan-rouling-azirgi-zamanny-dikkensi-725775](https://yvision.kz/kk/post/devid-yeyts-dzhoan-rouling-azirgi-zamanny-dikkensi-725775)