---
title: "Дархан Қыдырәлі: Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құрудағы мақсат – түркі халықтарының ғылымын, білімін қолдау"
description: "Халықаралық Түркі академиясы Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құруға бастамашы болып отыр. Осығ..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-29T13:49:32+00:00"
modified: "2015-06-29T13:49:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/darhan-ydyr-li-t-rki-lemi-ylym-akademiyalary-oda-yn-ruda-y-ma-sat-t-rki-haly-taryny-ylymyn-bilimin-o-517572"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/darhan-ydyr-li-t-rki-lemi-ylym-akademiyalary-oda-yn-ruda-y-ma-sat-t-rki-haly-taryny-ylymyn-bilimin-o-517572/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Дархан Қыдырәлі: Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құрудағы мақсат – түркі халықтарының ғылымын, білімін қолдау

> Халықаралық Түркі академиясы Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құруға бастамашы болып отыр. Осығ...

**Халықаралық Түркі академиясы Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құруға бастамашы болып отыр. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және Қырғыз Ресубликасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Абдыганы Эркебаев бүгін «Таңшолпан» таңғы бағдарламасында қонақта болды.**

**

![Дархан Қыдырәлі: Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құрудағы мақсат – түркі халықтарының ғылымын, білімін қолдау](http://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/Ynm97lH9vMArJbDgjWgTt72Y455S1h.png)

**

Одақтың құрылудағы мақсатына тоқталған Дархан Қыдырәлі: «Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының негізгі миссиясы – жалпы түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеу, өзге елдердің ғылымына жәрдем беру, кадрлар даярлау, біріккен шаралар өткізу», - деді.

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері академиялар одағын құру туралы ұсынысты қолдаған. Әзірге Түркі кеңесіне Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзірбайжан секілді төрт мемлекет қана мүше болып отыр.

«Бұл елдерден басқа да Түркіменстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты елдер бар. Сондықтан, Түркі академиясының құрамына кірмейтін елдерді түркі халықтарының ғылымын, білімін қолдау және олардың арасында үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында осындай идея дүниеге келді», - дейді Түркі академиясының президенті.

Одақтың құрылуына қатысты ойымен бөліскен Абдыганы Эркебаев түркі халықтарының төртеу емес, одан да көп екенін атап өтті.

«Дархан мырза айтып кеткендей, түркі халықтары төртеу ғана емес, одан көп. Сондықтан, мен үнемі қолдап жүремін. Түркі халықтарының басын қосып, олардың тіліне, мәдениетіне, тарихына, экономикасына, саяси қызметіне, жалпы ахуалына қатысты Мемлекет басшыларына ұсынымызды жеткізсек, біздің қосқан үлесіміз осы болмақ», - дейді ол.

Дархан Қыдырәлі алдағы жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзірбайжан мемлекеттерінің ұлттық академияларының басшылары қатысатынын айтты.

«Сонымен қатар, Татарстан, Башқұртстанның ұлттық академияларының басшылары арнайы келді. Өзбекстан, Түркіменстан, Саха Республикасы келе алмағанымен, қолдау білдірді. Бақылаушы ретінде Венгрия мен Моңғолия елдері ықылас танытып отыр»,-дейді Д.Қыдырәлі.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпан» [мұрағатынан](http://kaztv.kaztrk.kz/kz/programs/tansholpan/archiv) көре аласыздар.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/darhan-ydyr-li-t-rki-lemi-ylym-akademiyalary-oda-yn-ruda-y-ma-sat-t-rki-haly-taryny-ylymyn-bilimin-o-517572](https://yvision.kz/kk/post/darhan-ydyr-li-t-rki-lemi-ylym-akademiyalary-oda-yn-ruda-y-ma-sat-t-rki-haly-taryny-ylymyn-bilimin-o-517572)