---
title: "Дархан халықтың дана Абайы"
description: "Көп адам дүниеге бой алдырған,Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,Өлмейт..."
author: "za19952001"
published: "2021-10-21T04:10:30+00:00"
modified: "2021-10-21T04:10:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/darhan-haly-ty-dana-abayy-951931"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/darhan-haly-ty-dana-abayy-951931/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Дархан халықтың дана Абайы

> Көп адам дүниеге бой алдырған,Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,Өлмейт...

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған?

Абай Құнанбайұлы.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы қызметкерлері Абай Құнанбаевтың туғанына 176 жыл толуына орай «Дархан халықтың дана Абайы» атты онлайн форматта әдеби шара өткізді. Шара Абай Құнанбаевтың қалам өнеріндегі асқан дарынын, шеберлігін таныту, ақынның шығармашылығына оқырмандардың сүйіспеншіліктерін арттыру, жас ұрпақты елін, жерін сүюге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімге баулу, халқын қастерлеуге, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Шара барысында Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы айтылып, кітапханамыздың оқырмандары ақынның өлеңдерін оқыды.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы - ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін «Абай әлемі» деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Абай мұрасы ұлт санасын қалыптастыруға, жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуға, рухани жаңғыруымызға игі ықпалын тигізеді. Абайдың зердесі тек сыртқы дүниеге ғана назар аударып қоймай, ұлттық болмысты пайымдайтын төл мұраларға да көңіл бөлді. Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын да қарастырды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, қарапайым халықты қолдап, озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шабу - Абай даналығының белгісі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс». Абай жырлап өткен бабалар арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол.

Гүлбану Мустаханова,

Жеке қызмет көрсету бөлімі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/darhan-haly-ty-dana-abayy-951931](https://yvision.kz/kk/post/darhan-haly-ty-dana-abayy-951931)