---
title: "«Дакардың» жалпы есебінде қазақстандық экипаж тағы екі сатыға көтерілді"
description: "Чилидің Ла-Серена қаласында Эль-Сальвадордан бастау алған «Дакар-2014» ралли-марафонының 11-кезеңі ..."
author: "kazsportagent"
published: "2014-01-20T01:27:06+00:00"
modified: "2014-01-20T01:27:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/dakardy-zhalpy-esebinde-aza-standy-ekipazh-ta-y-eki-saty-a-k-terildi-396480"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/dakardy-zhalpy-esebinde-aza-standy-ekipazh-ta-y-eki-saty-a-k-terildi-396480/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Дакардың» жалпы есебінде қазақстандық экипаж тағы екі сатыға көтерілді

> Чилидің Ла-Серена қаласында Эль-Сальвадордан бастау алған «Дакар-2014» ралли-марафонының 11-кезеңі ...

[!\[«Дакардың» жалпы есебінде қазақстандық экипаж тағы екі сатыға көтерілді\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/01/20140117163332-300x183.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/01/20140117163332.jpg)

Чилидің Ла-Серена қаласында Эль-Сальвадордан бастау алған «Дакар-2014» ралли-марафонының 11-кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды [Vesti.kz](http://vesti.kz/) тілшісі.

Жүк көліктері санатында қашықтықты төрт сағат он минут 24 секундта жүріп өткен голландиялық «Ивеконың» шабандозы Жерар де Рой жеңіске жетті. Екінші болып «КамАЗ-Мастер» командасының жүргізушісі Андрей Каргинов келді. Оның командалық әріптесі Эдуард Николаев үшінші орыннан көрінді.

Қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланеканың «Tatra» көлігі төрт сағат 57 минут көрсеткішпен 12-орыннан табылды. Бұл қазақстандық экипаждың жалпы есепте екі сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді. Енді ол 14-ші орында.

Сондай-ақ «Proto Overdrive» көлігімен сайысқа түскен Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненконың экипажы 21-ші болып жетті. Ал Т2 тобындағы Денис Березовский мен Игнат Фальков мәреге 41-ші болып келді. Осы кезеңнен кейін Рахымбаевтың тобы жалпы есепте 18-ші, ал Березовскийдің экипажы 37-ші орыннан табылды.

18 қаңтарда «Дакар» ралли-марафонының соңғы 12-ші кезеңі басталады. Жарыс Ла-Серенада басталып Вальпараисо қаласында аяқталады.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/dakardy-zhalpy-esebinde-aza-standy-ekipazh-ta-y-eki-saty-a-k-terildi-396480](https://yvision.kz/kk/post/dakardy-zhalpy-esebinde-aza-standy-ekipazh-ta-y-eki-saty-a-k-terildi-396480)