---
title: "Дәуітбай сайы"
description: "Торғай қаласынан 18 шақырым қашықтақта Дәуітбай сайы деп аталатын жер бар.Дәуітбай сайына, дұрысы со..."
author: "Fvfylsr"
published: "2021-06-30T16:20:24+00:00"
modified: "2021-06-30T16:20:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/d-uitbay-sayy-940479"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/d-uitbay-sayy-940479/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Дәуітбай сайы

> Торғай қаласынан 18 шақырым қашықтақта Дәуітбай сайы деп аталатын жер бар.Дәуітбай сайына, дұрысы со...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/490144a3a6646da6a6701da6d05230.jpg)

Торғай қаласынан 18 шақырым қашықтақта Дәуітбай сайы деп аталатын жер бар.

Дәуітбай сайына, дұрысы сол жердегі үлкен қорымға бәлен рет барсам да ар жағындағы сайды толық көрмеген екенмін. Кейін оған да жол түскен еді.

Аңыз бойынша жаугершілік заманда шапқыншылардан тығылған жұрт осы сайға келіп паналаған екен. Сонда, қатты жаңбыр жауып, сай-саланы су басып, сайдағы талай адам ажал құшыпты. Анық-қанығын білмедім әрине, бірақ естіген құлақта жазық жоқ.

Көрінісі керемет екен, біресе тік жар, енді үлкен сайыңыз тіпті шатқалға ұқсап кете ме? Ол жерде кідіріп, суретке түсіріп, одан кейін әйдік қорымға барған едік.

Бұл кішкене қырда орналасқан үлкен қорымның менің білуімше кем дегенде үш ғасырлық тарихы бар, бәлкім одан да ұзақ болуы мүмкін. Жалпы, мен мынадай бір ерекшелікті байқадым. Әдетте, қазақ зираты жаңа жерден пайда болмайды, олар ескі қорымның қасынын салынады.

Сол сияқты, бұл қорым да бұрыннан болуы мүмкін, дегенмен, менікі тек болжам ғана, ал Дәуітбай деген кім дейтін болсақ, Дәуітбай атақты Шақшақ Жәнібектің баласы, әкесі сияқты ол да жоңғарларға қарсы азаттық ұрыстарында ерлігімен көзге түскен. Қазақ тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі, оған да тархан атағы берілген. Ал, ұлы Мұса да, оның баласы Шеген де әке аманатына берік болған. Шақшақ Жәнібектің өзі Түркістанда жерленген ғой.

Сөйтіп, ескі зираттарды қарап көрдім, кейбірінің ортасы опырылып кетіпті.

Айтқандай, Дәуітбай ұрпақтары қазір бір рулы ел болып отыр. Жаңағы аты аталған Шеген бидің Айғаным деген қызынан Ыбырай Алтынсарин туады.

Осы ретте, Сырбай Мәуленовтың:

«Жалғыз бұлақ — мөлдір көз,

Дәуітбай сайы астында.

Сол арада болдың кез

Шөліркеген жас тырна.

Аңызақ соғып талдырып,

Су іздеп келдің қаңғырып.

Тимедік біз де, сусынын

Алсын деп әбден қандырып.

Сен қалдың алғаш кезінде

Жасқанып, бізді жатқа ойлап.

Ұшырдық көктің жүзіне

Қанатыңа хат байлап.

Жазылған еді сол хатта

Сол жылдың шуақ күн, айы.

Біздердей жанға әр шақта

Кездессең болар ұдайы.» деген өлең жолдары ойыма орала бергені!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/d-uitbay-sayy-940479](https://yvision.kz/kk/post/d-uitbay-sayy-940479)