---
title: "\"Дұрыс тамақтанбаудың шырғалаң шеңберіне түскен балалар\""
description: "Менің төрт сіңілім бар,олардың ең үлкені томпақ. Ол жай ғана томпақ емес: 11 жасында салмағы 55 келі..."
author: "yaidana"
published: "2020-04-09T01:56:46+00:00"
modified: "2020-04-09T01:56:46+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/d-rys-tama-tanbaudy-shyr-ala-she-berine-t-sken-balalar-853885"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/d-rys-tama-tanbaudy-shyr-ala-she-berine-t-sken-balalar-853885/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# "Дұрыс тамақтанбаудың шырғалаң шеңберіне түскен балалар"

> Менің төрт сіңілім бар,олардың ең үлкені томпақ. Ол жай ғана томпақ емес: 11 жасында салмағы 55 келі...

Менің төрт сіңілім бар,олардың ең үлкені томпақ. Ол жай ғана томпақ емес: 11 жасында салмағы 55 келіге жуық, ал медициналық нормалар бойынша 39 келі болуы тиіс. Оған көмектескім келеді, алайда қалай? Нақ осы себептен өткен жылы балалар семіздігі және оның жарнамалармен байланысы туралы шағын тергеу жасадым. Сондықтан бұл кішігірім мақаланы "Дұрыс тамақтанбаудың шырғалаң шеңберіне түскен балалар" деп атадым.

M&M's жарнамасын белгілі "Қызыл және сары" кейіпкерлерісіз, McDonald's жарнамасын "Пара-па-па-пам”, Skittles-ты "Кемпірқосақтың дәмін тат” жарнамалық ұрансыз және Жаңа жылдық мерекелерге арналған ұзын қызыл Coca-Cola фургонсыз елестету мүмкін емес.

Тұтынушылар үнемі түрлі-түсті, тартымды, қызықты және есте қалатын жарнамаларға ұшырайды. Азық-түлік өнеркәсібі балалар мен жасөспірімдерге ғана бағдарланып, шамамен $2 млрд жарнамаға жұмсайды, жалғыз McDonald's корпорациясы 2013 жылы жарнамаға $1 млрд жұмсады.

Балалар белгілі брендтерге адал болады және манипуляцияларға оңай беріледі. Нәтижесінде балалар маркетингтің құрбаны болады. Демек, дұрыс емес тағамның жарнамасы балалардағы семіздіктің жоғары деңгейінің негізгі себептерінің бірі болып табылады.

Джейми Оливер, атақты британдық аспаз, 2010 жылы Батыс Вирджиния штатында орналасқан Хантингтон қаласындағы бір бастауыш мектебінің балаларына жемістер мен көкөністерді көрсетті. Балалар қызанақтарды “картоп” деп атады, кетчуп қызанақтан жасалатынын білмеді, ал қызылша "балдыркөк" немесе "пияз" болып атанды. Ол АҚШ-тың ең семіз штатында - Батыс Вирджинияда - семіздікке қарсы күрес бойынша "Джейми Оливердің Ас Төңкерісі" атты теледидарлық жобасын бастады. Басты мақсаттары: ата-аналардың балаларының дұрыс тамақтанбауы туралы хабардарлығын арттыру және тамақтанудың сау моделін алға жылжыту. Бұл тәжірибе балалардың көпшілігі немен тұтынатынын, тағам қайдан алынатынын және дұрыс тамақтанудың негізгі компоненттері қандай екенін білмейтінін дәлелдеді. Ақпараттағы ақтандақ екі сағаттық деріс барысында түзетілді.

2012 жылы Миссури-Канзас-Сити университетінде жүргізілген зерттеу денсаулыққа зиян келтіретін азық-түлік жарнамасы семіз балалардың сана-сезіміне басқаша әсер ететінін көрсетті. Зерттеушілер балалрды екі топқа (семіздікпен ауыратын және сау бақылау тобына) бөліп, танымал өнімдердің логотиптерін көрсетті. Доктор Аманда Брюстың айтуынша, барлық балалардың сыйақы үшін жауапты ми бөлігі белсенділік танытты, ал өзін-өзі бақылау үшін жауапты ми бөлігінде белсенділік дені сау балаларда ғана байқалды. Бұл дегеніміз, артық салмағы бар балалар өзін тамақпен марапаттайды және сау балалар сияқты өздерін бақылай алмайды. Дәрігерлер МРТ сканерлерін емдеу үшін қолданса, тағамдық корпорациялар зертханаларда тәбетті ашатын өнімдерді жасайды.

Томография тамақ өнімдерінің инженерлеріне тамақтану әдеттерін қалыптастыратын рецептілерді дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, Doritos қытырлақ картобы. Стивен Виттерлидің айтуынша, Doritos құпия рецептінде сілекейді көп мөлшерде шығаратын ынталандырғыштар керек мөлшерде бар. Ақырында, тұтынушы тамақ туралы ойлануға мәжбүр болады. Майлы, өнделген, жасанды бояғыштардан, қанттан тұратын тағам жастарды “дәмдік қамауда” тұтқындайды.

Қант = ақ ұнтақ тәрізді есірткі

Қазіргі таңда кез келген дүкендегі азық-түліктің 74%-ында қантты табуға болады. Америкалық мектеп оқушылары күніне екі бөтелке сүт пен екі бөтелке қантты сусындарды ішеді. Бұл сегіз ас қасық қанттың эквиваленті болып саналады. Дамыған елдердің балалары калорияға бай сусындар мен тамақ өнімдерінің қол жетімділігі жоғары болғандықтан артық салмақтан жиі зардап шегеді. Соңғы 25 жылда АҚШ-та балалардың семіздік көрсеткіші үш есе өсті. Ұлыбритания мен АҚШ әлемдегі балалар семіздігінің ең жоғары көрсеткіштеріне ие: әрбір үшінші балада артық салмақ бар әрі диабетке бейім.

Тамақ бізді өлтірер!

Әрбір 18 минут сайын 4 Америка тұрғыны тамағын жегенде өледі. Демек, АҚШ-тағы ең таралған өлім себептерінің бірі - тамақтану процессі.

Семіздік - генетикалық фактор.

Джейми Оливердың айтуынша, соңғы төрт ұрпақ қазіргі ұрпақтың өмір сүру ұзақтығын қысқартқаны үшін кінәлі болып табылады. Біз он жылға кемірек өмір сүрерміз, өйткені біз зиянды тағамның жарнамаларына толы ортада өмір сүреміз. Жасөспірімдік жастағы семіздік мұндай өмір мен өлімнің шегіне алып келерлік салдарға әкелуі мүмкін: гипертония (жоғары қан қысымы), 2 типті қант диабеті, сүйек пен буын аурулары, қандағы холестериннің жоғары деңгейіне байланысты жүрек аурулары, ұйқы кезінде тыныс алудың тоқтауы, депрессия, тағамдық мінез-құлықтың бұзылуы және суицидтік ойлар.

Біз тұтынатын тағамның барлығы денеміздің және психикамыздың жағдайына үлкен әсер етеді. Артық салмағы бар балалар ауруларға, мектептен қалуға, депрессияға және өзін-өзі қатал бағалауына бейім.

Балаларда семіздікке әкелетін факторларды 3 санатқа бөлуге болады: экологиялық, әдеттік және генетикалық. Қоршаған ортаның факторлары: әлеуметтік-экономикалық мәртебе, мәдени орта, калорияға бай тағамға қол жетімділік және ата-аналардың тамақтану әдеттері. Әдеттік аспектілер: дене белсенділігінің деңгейінің төмен болуы, тамақты көп мөлшерде тұтыну, аз қимылды өмір салты және экран уақытын арттыру болып табылады.

Жарнамаланатын тамақтың 75% калорияға бай әрі семіздік індетіне үлкен ықпал етеді: 34% - кәмпит, 28 % - жарма, 10 % - фастфуд, 4 % - сүт өнімдері, 1 % - шырын, 0 % - жемістер мен көкөністер.

Бұл жарнамалық хабарландырулардың арқасында корпорациялар сатып алушылардың өмір бойы созылатын адалдығына ие болады. Ағылшынша бұл құбылыс "pester power" деп аталады: бала ата-анасын жарнамада көрген тауарды сатып алуды сұрайды.

Мен өзім де осындай бала болдым: балалық шақта "Растишка" йогуртының жарнамасына күнделікті теледидарды қарағанда тап болдым, нәтижесінде күніне кем дегенде бір дана йогурт жедім. Бұл йогурттың жарнамасында кальцийдің арқасында мен бірнеше сантиметрге өсе аламын деп айтылды, алайда бойым емес, қарным өсті …

6 жасқа дейінгі балалардың көпшілігі бағдарлама мен жарнаманың арасындағы айырмашылықты таба алмайды. Сонымен қатар, 6 жасар балалар ғаламтордағы жарнаманың тек 25%-ын ғана түсінеді, сондықтан контент пен ғаламтордағы азық-түлік өнімдерінің жарнамасы арасындағы шекара жоқ екені анық. Маркетологтар көптеген кең таралған тактикаларды қолданады: компанияның логотипі бар бағалы жүлделерді ұтып алуға мүмкіндік бар конкурстар, сайтта мүшелік, рефералдық сілтемелер, купондар және электрондық поштаға жазылу. Бұл жарнамалық акциялар корпорацияларға сатып алушы туралы жеке ақпаратты жинауға мүмкіндік береді (туған күні мен ұялы телефонының нөмірі сияқты).

Ата-аналар жауапты болуы және баланың барлық іс-әрекеттерін бақылауы керек, алайда 21 ғасырда жарнамадан құтылу мүмкін емес екені анық. Мектеп оқушылары жылына шамамен 180 күнді мектепте өткізеді. Брендтердің логотиптерін, соның ішінде Oreo, M&M's және Fruit Loops, тіпті сыныптарда, спорт залдарда, дәретханада, мектеп автобустарында және газет-журналдарда байқауға болады. Қызықты дерек: пышақтар мен шанышқылар американдық бастауыш мектептерде қауіпті болып саналады, сондықтан асханаларында оқушылар фаст-фуд, бутерброд, гамбургер және пицца сияқты қолмен жеуге болатын ғана тағамдарды жейді.

Денсаулық сақтау және этика саласындағы көптеген мамандар балалардың семіздігін балаларға қатыгездікпен қарауға теңейді. Мысалы, 2007 жылы Коннор Маккриддтің анасын ата-ана құқығынан айыра жаздады. Сегіз жасар британдық бала шамамен 95 келі болды, бұл құрдастарының орташа салмағынан 4 есе артық. Сау сегіз жастағы баланың салмағы 25 пен 27 келі аралығында, демек, Коннордың салмағы 68 келіге артты.

Балалар семіздігі бірқатар шаралар қабылдауды талап ететін маңызды мәселе болып табылады.

Ең алдымен, денсаулыққа зиян келтіретін азық-түліктің жарнамасы эфирден алынып, салауатты өмір салтын насихаттау қажет. Үкімет жарнаманың саны мен ұзақтығын шектеуі, ал ата-аналар балалаларын бақылауы тиіс. Екіншіден, үкімет дұрыс тамақтану саласында білім беруді өз басымдықтарының орталығына қоюы тиіс: бала бақшадан бастап балаларды және олардың ата-аналарын жеміс-жидектерді, көкөністерді, тұтас дәндерді, органикалық сүт өнімдерін, майсыз ет пен құс етін көп тұтынуға ынталандыру. Дұрыс тамақтану физикалық және психикалық денсаулықты сақтауға көмектесетіні бәрімізге белгілі. Ұсыныс: әр мектеп түлегі кем дегенде он дәмді әрі жеңіл әзірленетін рецепттерді білетініне көз жеткізіп, аспаздық негіздерге үйрету (технология сабақтарында). Үшіншіден, белсенді өмір салты мен дене белсенділігін көтермелеу қажет. 5 жасқа дейінгі балалар үшін күніне кемінде 3 сағат, ал 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар үшін күніне кемінде бір сағат дене шынықтыру қажет. Бұдан басқа, жергілікті шаруашылықтардан тиісті және балғын ингредиенттерді сатып алу үшін мектеп бюджеттерін көтеру және мектеп асханаларында азық-түлік өнімдері мен порция мөлшерлері үшін жаңа стандарт енгізген жөн. Азық-түлік дүкендерін денсаулыққа зиян келтіретін өнімдерді жоғары сөрелерде орналастыруға, оларды балалар үшін қол жетімді жерде ұстауға және өндірушілерді тағамның құндылығы жайындағы ақпаратты көрнекті жазуға мәжбүр етуді ұсынамын. Ақырында, үй қабырғаларында отбасымен тамақтану міндетті болуы тиіс деп ойлаймын. Соңғы отыз жылда отбасысардың көпшілігі тамақты үйде пісірмейді, нәтижесінде арзан, нашар тағамды жеуге кірісті. Келтірілген шешімдер біз үшін қол жетімдіі.

Балалар семіздігінің індетіне қарсы тұру, оның қарқынды өсуін тоқтату және бұл үрдісті қайта қалпына келтіру уақыты келді. Барлық балаларға салауатты және бақытты өмір бастауын берейік!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/d-rys-tama-tanbaudy-shyr-ala-she-berine-t-sken-balalar-853885](https://yvision.kz/kk/post/d-rys-tama-tanbaudy-shyr-ala-she-berine-t-sken-balalar-853885)