---
title: "Цифрлық трансформация және ғылымның болашағы: МИТУ-да өткен халықаралық форум қорытындылары"
description: "2025 жылғы 27 қарашада Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) «Қазақстан жасанды интеллект дәуірі..."
author: "journalist_n"
published: "2025-11-28T06:40:54+00:00"
modified: "2025-11-28T06:40:54+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/cifrlyk-transformaciya-zhane-gylymnyn-bolashagy-mitu-da-otken-halykaralyk-forum-korytyndylary-1018696"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/cifrlyk-transformaciya-zhane-gylymnyn-bolashagy-mitu-da-otken-halykaralyk-forum-korytyndylary-1018696/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Цифрлық трансформация және ғылымның болашағы: МИТУ-да өткен халықаралық форум қорытындылары

> 2025 жылғы 27 қарашада Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) «Қазақстан жасанды интеллект дәуірі...

**2025 жылғы 27 қарашада Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: тарих, мәдениет, тіл және технологиялар диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Пәкістан және Өзбекстаннан келген жетекші университеттердің профессорлары, сарапшылар, жас ғалымдар мен магистранттар, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері жиналып, офлайн және онлайн форматта жалпы саны 200-ден астам қатысушыны қамтыды.**Конференцияны университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Дархан Берікұлы Ақпанбетов ашып, жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы ықпалын, оның экономикалық, мәдени және гуманитарлық саладағы трансформациялық рөлін атап өтті. Ректор өз сөзінде ЖИ технологияларының тек инженерлік бағыттарда ғана емес, гуманитарлық ғылымдарда да жаңа ғылыми әдіснамалар мен зерттеу тәсілдерін қалыптастырып жатқанын, осы саладағы пәнаралық сұхбаттың артуы ғылым адамына қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертіп отырғанын ерекше атап өтті.Пленарлық отырыста ұсынылған баяндамалар жасанды интеллект пен гуманитарлық бағыттардың тоғысындағы ғылыми мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемісов білім беру және ғылым саласындағы жасанды интеллекттің жүйелік әсерін, оның зерттеу процестерін автоматтандыру, білім сапасын бақылау, дербестендірілген оқыту сияқты бағыттардағы әлеуетін ғылыми тұрғыда саралады. Пәкістандық Sukkur IBA University ғалымы, PhD доктор Зафаруллах Сахито STEAM білім беру моделіне тілдік компонентті интеграциялаудың теориялық және практикалық негіздемесін ұсынып, көптілді дайындық инженерлік және ғылыми мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыратынын атап өтті. Kazakh-American University президенті, математика ғылымдарының PhD докторы, Қазақстанның Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Асылбек Абдиашимович Исахов жасанды интеллекттің қоғам дамуына, әлеуметтік қатынастарға және адамзаттың құндылықтық бағдарларына әсері туралы тұжырымдамалық талдау жасап, цифрлық этика мен технологиялық жауапкершілік мәселесін көтерді. Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бахтияр Эргашевич Эргашев отарлық кезеңдегі әкімшілік-канцеляриялық құжаттарды деректану әдістерімен талдау нәтижелерін ұсынып, Түркістан генерал-губернаторлығы канцеляриясының іс жүргізу дәстүрінің тарихи маңызын көрсетті. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков қазіргі кезеңдегі гуманитарлық ғылымдардың цифрлық трансформация жағдайындағы даму болашағын саралап, ЖИ технологияларының зерттеу әдістерін жаңартудағы рөлін ашып көрсетті. МИТУ профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Алтынай Бурхатовна Абуова түйе сүтін сублимациялық кептірудің ғылыми-технологиялық негіздемесін ұсынып, тағам өндірісіндегі инновациялық тәсілдердің маңызын дәлелдеді. Түркияның Kırklareli University ғалымы Ибрахим Калқан қазақ шежіресін цифрлық форматта зерттеудің мүмкіндіктерін, ЖИ көмегімен генеалогиялық құрылымдарды талдаудың жаңа әдістерін таныстырды.Конференция барысында жасанды интеллекттің гуманитарлық ғылымдармен тоғысындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушылар пәнаралық зерттеулерді күшейту, тарихи және мәдени мұраны цифрландыру, STEAM білім беру жүйесін жетілдіру, ЖИ этикасы мен қауіпсіздік стандарттарын қалыптастыру, ғылыми серіктестікті кеңейту жөнінде ұсыныстар білдірді. Қазақстандық және шетелдік ғылыми қауымдастықтың ортақ пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде гуманитарлық зерттеулер жаңа бағыттармен толықтырылып, цифрлық қоғам талаптарына сай жаңаша ғылыми ойлауды қажет етеді.Іс-шара қорытындысы бойынша конференция материалдарының жинағы әзірленіп, қатысушыларға сертификаттар табысталды. МИТУ ұйымдастырған бұл конференция жасанды интеллекттің қоғамдағы орнына қатысты ғылыми пікірталасты күшейтіп, гуманитарлық және техникалық ғылымдардың интеграциясын дамытуға маңызды үлес қосты.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/cifrlyk-transformaciya-zhane-gylymnyn-bolashagy-mitu-da-otken-halykaralyk-forum-korytyndylary-1018696](https://yvision.kz/kk/post/cifrlyk-transformaciya-zhane-gylymnyn-bolashagy-mitu-da-otken-halykaralyk-forum-korytyndylary-1018696)