---
title: "Чемпион қыздар"
description: "Астананың Есіл ауданында тұратын Айтжанов Руслан мен Әсемнің отбасы сыйластығы жарасқан, берекелі ..."
author: "cvalem"
published: "2016-10-24T22:55:55+00:00"
modified: "2016-10-24T22:55:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/chempion-yzdar-721018"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/chempion-yzdar-721018/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Чемпион қыздар

> Астананың Есіл ауданында тұратын Айтжанов Руслан мен Әсемнің отбасы сыйластығы жарасқан, берекелі ...

![Чемпион қыздар](https://storage.yvision.kz/images/user/cvalem/e3KFxKeWrZQqnUHEhH25SXVM9ho0k7.jpg)

Астананың Есіл ауданында тұратын Айтжанов Руслан мен Әсемнің отбасы сыйластығы жарасқан, берекелі жанұялардың бірі. Олар алты бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Өз ісінің білікті маманы Руслан Қасымұлы Ақмола облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі. Қандай қарбалас жағдайлар болмасын, ол келіншегіне «қолым тимейді, балалармен өзің айналыса бер» демеді. Қыздарының сабағына қарап, қосымша үйірмелеріне, қызығушылықтарына мән беріп, арнайы уақытын бөлді.

Русланның отбасында Рамазан айында ауыз ашар жасалып, жыл сайын Құрбан Айт шалынады. Бұнымен қатар қазақы дәстүр бойынша туыстарды соғымның шекесіне шақыру, сәбилердің шілдеханасы, тұсаукесері мен тілашар тойлары міндетті түрде әулеттегі үлкендердің қатысуымен өтеді. Осындай қонағы арылмаған шаңырақта балалар ата салтымыздағы ғұрыптарды көріп өсіп келеді.

Жеке кәсіпкер Әсем Дәуітқызы қалада кенже ұлының қолындағы ата-енесі туралы былай дейді: *«алғаш келін боп түскен күннен бастап енем маған өз қызындай қарады, әлі күнге дейін осы қарым-қатынас өзгерген емес. Ешқашан мінімді бетіме басып, қателігімді шұқыған емес. Қайта білгенін жайменен айтып, немерелеріне қамқорлық танытып, тәрбиеге көмектесіп отырады».* Қазіргі кезде сәбиімен үйде отырған Әсем ата-енесімен жиі жүздесетінін айтты.

Қасымовтар әулетінде Жаңа жыл, діни, ұлттық мерекелермен қатар әр немеренің туған күні тойланады. Әулеттегі дәстүр бойынша жастары сапарға шығарда, бір істі бастарда әке-шешемен ақылдасады, ақ батасын алып, сонан соң шаруасына кіріседі.

Осы отбасындағы үш мектеп оқушысы Әлима, Кәрима мен Айшат қазақша сыныптарға барады. Әлима мен Кәрима дойбы ойынынан чемпион қыздар. Қасым Әлима дойбы-100 ойынынан Беларусияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның күміс жүлдегері және былтыр Ташкентте Азия чемпионы атанды. Кәрима болса, биыл кішкене жасына қарамай 6-8 жас аралығындағы қыздар арасында Азия чемпионы болды!

- *әр күні дойбыдан дайындыққа баратын болғандықтан басқа қосымша үйірмелерге әзір үлгермей жатады. Бұл өздерінің қызығушылықтары, -* деп ағынан жарылды Руслан.

Барлық ата-ана балаларының білімді, адамгершілігі мол, бақытты болғанын қалайды. Бірақ әр әке мен ананың тәрбиесі, өмірлік ұстанымы мен дүниетанымы әртүрлі. Кейде тіпті, ата-ана өз қалауларын балаға таңып, олардың жан дүниесімен санаспайды да. Русланның шаңырағында баланың таңдауына еркіндік берілген. Сол еркін шешімді қателеспей қабылдай білуге сәби шағынан көңіл бөлінген.

Сабақ үлгерімі өте жақсы осы оқушылармен тілдескенде олардың бойындағы сезімталдық пен адамға деген жанашырлық бірден байқалады. Әлима бойына көп өнер мен білім жинап, сол жиған-тергенін балаларға үйреткісі келеді екен. Ал Кәрима болашақта дәрігер болғысы келеді. «Аурып қиналған адамдарға жаным ашиды, оларға көмектескім келеді» дейді.

Үйде қазақша ойлап, еркін сөйлеу үшін ана тіліндегі кітаптарды көбірек оқып, өзара басқа тілдердің сөзін қоспай қазақ тілінде таза сөйлеуге үлкен мән беріледі. Ата-ана балалар бойына отансүйгіштікті сіңіруге маңызды көңіл бөледі. Шетелге шыққанда қыздардың алдына қойылған мақсаты - Қазақстанның көк туын желбірету.

Кішкене Айшат та сабақты жақсы оқиды. Ол балабақшада жүрген кезден-ақ тақпақтар айтты. Халықаралық балалар шығармашылығы «Ақкөгершін» фестиваль-байқауына қатысып 1-орын алды. Екі жыл қатарынан осындай би сайысында татар биін билеп, жүлдегер болды. Анасы Айшаттың мінезіне, артистік қабілетіне қарап, актриса болатын шығар деп үміттенеді. Руслан ұлы Мақсатты домбыраға беріп, сосын спорттың оған ұнаған түріне бергісі келеді. Ал төрт жасқа толуы күтілудегі Айзият гимнастикаға баруды таңдап үлгерді. Отбасының кенжесі Ибраһим туралы айтуға ертерек. Оған небәрі үш ай ғана болды...

Айтжанов отбасына бақ-береке тілеп, талабың алысқа жетелеп, мерейің әрдайым өсе берсін дейміз.

**Қазақстан Республикасының дін істер және азаматтық қоғам Министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалған**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/chempion-yzdar-721018](https://yvision.kz/kk/post/chempion-yzdar-721018)