---
title: "Былтыр Грузияда кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық..."
description: "Осыдан бір жыл бұрын досым, әріптесіміз Жанбота Төлеген Грузияда жауыздың қолынан қаза тапқан еді. Ойламаған жерден төбемізге жай түскендей бұл жағдай тек жақындарына емес, Жанботаны танитын барша жұртқа өте ауыр соққы болды. Бір жыл көзді..."
author: "jan.123"
published: "2024-05-29T08:45:43+00:00"
modified: "2024-05-29T08:45:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/byltyr-gruziyada-kisi-olynan-aza-tap-an-aza-standy-zhurnalisti-zhyldy-asy-berildi-1005099"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/byltyr-gruziyada-kisi-olynan-aza-tap-an-aza-standy-zhurnalisti-zhyldy-asy-berildi-1005099/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Былтыр Грузияда кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық...

> Осыдан бір жыл бұрын досым, әріптесіміз Жанбота Төлеген Грузияда жауыздың қолынан қаза тапқан еді. Ойламаған жерден төбемізге жай түскендей бұл жағдай тек жақындарына емес, Жанботаны танитын барша жұртқа өте ауыр соққы болды. Бір жыл көзді...

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/a511aa08a688a847f1767449f64a3a.jpg)

Осыдан бір жыл бұрын досым, әріптесіміз Жанбота Төлеген Грузияда жауыздың қолынан қаза тапқан еді. Ойламаған жерден төбемізге жай түскендей бұл жағдай тек жақындарына емес, Жанботаны танитын барша жұртқа өте ауыр соққы болды.

Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бұл уақыт ішінде Жанботаны өлтірген қылмыскер Грузия азаматы Габриэл Хохобашвили ұсталып, соты да өтті. Ол бар болғаны 11 жылға сотталды. Бұл жауыздықпен қаза тапқан Жанбота өлімі үшін әділ жаза болмады, әрине. Өйткені қылмыскердің Жанботаны қасақана алдына ала ойластырып, ақшасын алу мақсатында өлтіргені дәлелденген жоқ. Дегенмен, Құдайдың алдында жауап беретіні белгілі.

Өткен жексенбіде Жанботаның рухына арнап туыстары Астанада асын берді. Қабыл болсын. Артында қалған жалғыз туған сіңлісі Ботагөз Төлеген шырылдап жүріп, қолынан келгенін жасап жатыр. Әпкесінің денесін Грузиядан жеткізу, Грузияға барып адвокаттармен кездесу, сотқа дайындық оңайға соқпады. Жанботаның басына зиратын тұрғызып, асын да берді. Алла разы болсын!

Жанбота Төлеген Астана маңында Қоянды ауылында жерленді. Жаны жәннатта болсын! Бұл дүниеден таппаған бақыт о дүниеде бұйырсын!

[Нәзира Дәрімбет](https://www.facebook.com/profile.php?id=100001637831600)**тің жазбасы**

Айта кетейік, 2023 жылы 21 мамырда Грузияның Кахети қаласында қазақстандық журналист Жанбота Төлеген өлі табылды. Марқұмның туыстарының айтуынша, сол елдің азаматы Габриэл Хохобашвили оның ақшасын алдап алып, Тбилисиден Кахетиге баруға мәжбүрлеп, журналистің басынан кірпішпен ұрып өлтіріп, денесін өзенге лақтырып жіберген. Бірақ сотта "пайда табу мақсатында кісі өлтіру" деген айып дәлелденбепті.

Биыл ақпан айында Грузия соты 50 жастағы Хохобашвилиді 11 жылға бас бостандығынан айырды. Оған жаза ретінде мұндай аз мерзім берілуіне айыпталушының өз кінәсін мойындауы мен балалары болуының ескерілгені де себеп екен.

Жанбота Төлегеннің туыстары онда кемінде 40 мың доллар болды деп есептейді. Ал Грузия басылымдары Габриэл Хохобашвили қазақ журналисін оның 7,1 мың долларын алу үшін асқан қатігездікпен өлтіргені туралы жазған еді.

Жанбота Төлеген «КТК» телеарнасында, «Казахстан Тудей» ақпараттық агенттігінде, басқа да ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Соңғы кездері [Foodindustry.kz](https://foodindustry.kz/) сайтын ашып, тамақ өндірісі мен ауыл шаруашылығы жайлы сараптамалық және зерттеу материалдарын жазып жүрді. Ол қаза тапқан кезде 54 жаста еді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/byltyr-gruziyada-kisi-olynan-aza-tap-an-aza-standy-zhurnalisti-zhyldy-asy-berildi-1005099](https://yvision.kz/kk/post/byltyr-gruziyada-kisi-olynan-aza-tap-an-aza-standy-zhurnalisti-zhyldy-asy-berildi-1005099)