---
title: "«Болашақ энергиясы» форумы инновациялық дамуға айтарлықтай әсер етеді – Висенте Лоссерталес (ФОТО)"
description: "АСТАНА. ҚазАқпарат – Парижде «Климаттың өзгеруімен күрес және болашақ энергиясы» атты тақырыпта «Бол..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-12-14T23:42:41+00:00"
modified: "2015-12-14T23:42:41+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bolasha-energiyasy-forumy-innovaciyaly-damu-a-aytarly-tay-ser-etedi-visente-lossertales-foto-668109"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bolasha-energiyasy-forumy-innovaciyaly-damu-a-aytarly-tay-ser-etedi-visente-lossertales-foto-668109/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Болашақ энергиясы» форумы инновациялық дамуға айтарлықтай әсер етеді – Висенте Лоссерталес (ФОТО)

> АСТАНА. ҚазАқпарат – Парижде «Климаттың өзгеруімен күрес және болашақ энергиясы» атты тақырыпта «Бол...

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парижде «Климаттың өзгеруімен күрес және болашақ энергиясы» атты тақырыпта «Болашақ энергиясы-2015» форумы өтті. Шараны «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Назарбаев Университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Бұл шара «ЭКСПО-2017» көрмесі аясындағы халықаралық конференциялар сериясының екінші форумы болып табылады. Жиын барысында негізгі баяндаманы Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес жасаған болатын. «Астана ЭКСПО-2017» форумы аясында таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбы барлық энергетикалық мәселелер бойынша білім беру, инновациялық даму және ынтымақтастыққа айтарлықтай әсер етпек, – деп атап өтті Бас хатшы.

Ал ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник Париждегі «Болашақ энергиясы» форумын аша отырып, қазіргі күні энергетикаға әлемдік катынасты талқылау үшін ең маңызды кезең болып отырғанын атап өтті.

«Біз даму процесінде энергетиканың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын сезінеміз. Алайда, қазба байлықтарды игеру барысында пайда болатын көмірқышқыл газы шығарындыларының Жер климатының өзгерістеріне әкеліп отырғаны анық. Бұл әлемдегі жүздеген миллион адамның қауіпсіздігін қатерге тігіп, жергілікті, ұлттық және жаһандық тұрақтылықтың маңызды өзегіне сызат түсіреді», – деп атап өтті министр.

В.Школьник бұдан бөлек, Қазақстанның Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдап алғанын, осы арқылы еліміз жаһандық энергетикалық проблеманың шешімін табуға әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруді мақсат еткенін атап өтті.

Айта кетейік, БҰҰ Климаттық конференциясы (COP21) күндері аясында өткен форумға энергетика саласындағы белгілі сарапшылар, саясаткерлер, трансұлттық компаниялар мен кәсіпорындар басшылары, ірі халықаралық ұйым өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, көрнекті ғалымдар мен экономистер қатысты. Олар алқалы жиын барысында орнықты энергетика саласындағы соңғы жаңалықтармен танысып, ақпараттармен алмасты.

http://gbpp.org/kz/2015/12/12901

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bolasha-energiyasy-forumy-innovaciyaly-damu-a-aytarly-tay-ser-etedi-visente-lossertales-foto-668109](https://yvision.kz/kk/post/bolasha-energiyasy-forumy-innovaciyaly-damu-a-aytarly-tay-ser-etedi-visente-lossertales-foto-668109)