---
title: "Болашаққа хат"
description: "Қымбатты 22-ғасырдың тұтқасын ұстар, 21-ғасырдың адамдарына жұмбақ жандар! Мен сіздерге бұл хатты 21..."
author: "goldenmoon188"
published: "2018-02-25T09:21:43+00:00"
modified: "2018-02-26T15:04:45+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bolasha-a-hat-797809"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bolasha-a-hat-797809/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Болашаққа хат

> Қымбатты 22-ғасырдың тұтқасын ұстар, 21-ғасырдың адамдарына жұмбақ жандар! Мен сіздерге бұл хатты 21...

Қымбатты 22-ғасырдың тұтқасын ұстар, 21-ғасырдың адамдарына жұмбақ жандар! Мен сіздерге бұл хатты 21-ғасырда, нақтырақ айтқанда, 2018жылдың 25 ақпанында жазып отырмын. Иә, 2100 жылы бұл хатты оқып отырған адамға «2017» қандай жұмбақ болса, 21-ғасырда өмір сүріп отырған мен үшін де «22-ғасыр» деген атау құлаққа түрпідей тиеді.

Кезінде ата-анамыздың әңгімесінен 20-ғасырдың қандай болғанын білемін, 21-ғасырда өзім өмір сүріп отырмын, ал 22-ғасырдың қандай болатыны маған жұмбақ, сізге мәлім. Ал 21-ғасыр туралы білгіңіз келсе, мен сізге баяндайын.

20-ғасырдың басында болашақты болжаушы ғалымдар (футурологтар) теледидар, ұялы телефон сынды құралдардың пайда болатындығын айтқан екен. Иә, олардың болжамдары орындалды. Бүгінде біз бір күнімізді гаджеттерсіз өткізе алмайтындай болып көрінеміз. Ғаламтор, әлеуметтік желілерді бір күн қолданбасақ, тұра алмаймыз.

«21-ғасыр – ғылыми-техникалық революция кезеңі,»- деп жатамыз. Алайда, әлі күнге дейін су ресурсы мен энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалана алмай келеміз. Кейбір елді-мекендерде әлі күнге дейін не ауыз су, не жарық пен газ жоқ... Мұндай кемшіліктердің барлығы сіздер өмір сүріп отырған қоғамда, 22-ғасырда жоқ болар деп үміттенемін.

Мен өмір сүріп отырған алпауыт мемлекет - Қазақстанда бүгінгі күні үш тұғырлы тіл, төрт тұғырлы тіл, латын әрпіне көшу сынды тақырыптар өте өзекті. Ал футурологтардың айтуынша, 22-ғасырда әлем бойынша тек үш қана тіл – ағылшын, қытай, испан тілдері қолданыста болады екен. Расымен де солай ма? Сонда, 21-ғасырда қолданыста алты мыңнан астам тіл болса, оның барлығы да жүз жыл ішінде жойылып, тек үшеуі қалғаны рас па? Мен бұл дерекке сенгім келмейді. Және мен жазып қалдырған бұл хатты түпнұсқада оқып, түсініп отырған боларсыздар деген үміттемін.

Әлемде 6 материк бар, 21-ғасырда әзірше соның бесеуінде ғана адамдар тіршілік етіп жатыр, ал алтыншы материк – Антарктидада зерттеу жұмыстарымен айналысатын адамдар болмаса, нақты тұрғындары жоқ. Ал болашақты болжаушы ғалымдар: «22-ғасырда Антарктидада адамдар өмір сүреді, одан қалса, ғарыштық туризм дамып, Айға саяхат жасауға болады,»-дегенді айтып отыр. Осы мәліметтерді оқып отырғанда менің сіздер өмір сүріп отырған 22-ғасырға бір сәтке болса да сапар шеккім келіп кетті. Өйткені, футурологтардың бұл болжамы дәл келсе, сіздер бақыттысыздар ғой! Себебі, біз бүгінде суреттерін ғана көріп отырған ғаламшарларды сіздер өз көздеріңізбен көрмексіздер...

Бәрінен бұрын, адамдықтарыңыз бен адалдықтарыңызды жоғалтпасаңыздар екен. Өйткені, адамдық пен адалдық - қай ғасырдың болмасын, қастерлі ұғымы болып қала бермек. Бір-біріңізге жылулық сыйлап, мейірімді болсаңыздар екен деймін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bolasha-a-hat-797809](https://yvision.kz/kk/post/bolasha-a-hat-797809)