---
title: "Блог маған неге керек?"
description: "Сәлем, құрметті менің оқырмандарым! Мен бүгіннен бастап “күнделік” жүргізетін боламын және бұл менің..."
author: "perrizat"
published: "2016-09-03T11:08:06+00:00"
modified: "2016-09-04T03:35:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/blog-ma-an-nege-kerek-710237"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/blog-ma-an-nege-kerek-710237/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Блог маған неге керек?

> Сәлем, құрметті менің оқырмандарым! Мен бүгіннен бастап “күнделік” жүргізетін боламын және бұл менің...

Сәлем, құрметті менің оқырмандарым! Мен бүгіннен бастап “күнделік” жүргізетін боламын және бұл менің алғашқы блогым. Шыны керек, қатты қуанып отырмын. Себебі мен бұл күнді көп күттім. Ал енді блогты не үшін және неге дәл бүгін ашқаным туралы оқиғамен бөлісейін.

Алдымен өзімді таныстыра кетсем, мен, Абдашова Перизат, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 1-курс студентімін. Мамандығым – журналист. Мен көптеген блогтар оқитытынмын, әсіресе виблогты жақсы көремін. Қазақстандық “[kerbezful](https://www.youtube.com/user/kerbezful)“,”[love typhoon](https://www.youtube.com/channel/UC5_q3jkdpB7W5xAZA30uWfQ)“, шетелдік “maria way”, “[sonyaesman](https://www.youtube.com/user/classisinternal)“, “kate clapp” т.с.с. Блог ашу бұрыннан ойымда жүрген. Алайда, 11-сынып ҰБТ сынағы, ЖОО тапсыру, шығармашылық емтихан, “балмұздақ” болып жүріп, сәті түспепті. Мен бұл салаға не үшін қызығамын? Блог маған не береді?

Бұл жер – тәуелсіз орта. Жазбаларымды өзім басқарамын, жеке ойларыммен бөлісемін. Әр жазба арқылы, сөздік қорым кеңейе түседі, жазу стильім жөнделеді. Жазу арқылы өз сезімімді суреттеп жеткізе аламын. Әрине, блог әрқашан ізденісті талап етеді. Сіздерге жақсы материал дайындау арқылы, көкжиегімді кеңейтемін. Журналистика мамандығына байланысты емес сала жоқ дейді ғой. Сондықтан, менің жан-жақты болуым, мамандық борышым десе болады. Блогтарым көпшілік аудиторияға арналғандықтан, өзімді мәдени тұрғыдан сөйлеуге, эстетикаға үйретемін. Сол арқылы тұлға ретінде дами аламын.

Мені сән саласы қатты қызықтырады. Саяхаттағанды ұнатамын. Жаңа қызықты ақпараттарды білген ұнайды. Кез-келген адаммен, әр түрлі тақырыпта сөйлесе алатындай болғым келеді. Блогтарым болашақта осы салаларға арналатын болады. 24 сағат бойы қалтафонын жанынан тастамайтын, ғаламторға жиі кіретін мен үшін, блог ашу – жаңа медианың мүмкіндіктерін дұрыс бағытта пайдалану.

Ғаламтор шекарасы жоқ орта болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен достар табуға мүмкіндік көп. Сол себептен ағылшын тілінде де қосымша блог жүргізсем деймін. Виблог та жоспарда бар. Оқырмандарымды көбейтіп, олармен кері байланысқа шығу, сұрақтарға жауап беру, жеке брэндімді қалыптастыру – мені қанаттандырады.

Енді ең қызықтысы, блогты не үшін бүгін аштым деген сұраққа жауап берейін. Ыбырай атамыз “Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар” дейді ғой. Осы оқу жылында “жаңа медиа” сабағы басталып, [Асхат Еркімбай](https://urimtal.wordpress.com/) атты ұстазым блог ашуға тапсырма берді. Нүр үстіне нұр болып, екі қоянды бір оқпен аттым десе болады. Рахмет, Асхат ағай!

Осы жазбаны оқыған болсаңыздар, көп алғыс білдіремін. Менімен бірге болыңыздар. Пікір қалдырыңыздар. Мен үшін әрқайсыңыздың ойларыңыз қымбат!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/blog-ma-an-nege-kerek-710237](https://yvision.kz/kk/post/blog-ma-an-nege-kerek-710237)