---
title: "Бизнес-жоспар дегеніміз не?"
description: "Әрбір кәсіпкер жеке кәсібін ашу үшін бизнес-жоспар керек екенін жақсы біледі. Ал, кәсіпкерлікке енді..."
author: "elimai"
published: "2015-07-14T02:58:53+00:00"
modified: "2015-07-14T02:58:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biznes-zhospar-degenimiz-ne-521535"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biznes-zhospar-degenimiz-ne-521535/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бизнес-жоспар дегеніміз не?

> Әрбір кәсіпкер жеке кәсібін ашу үшін бизнес-жоспар керек екенін жақсы біледі. Ал, кәсіпкерлікке енді...

### Әрбір кәсіпкер жеке кәсібін ашу үшін бизнес-жоспар керек екенін жақсы біледі. Ал, кәсіпкерлікке енді бет бұрғандар бизнес-жоспар деген не, ол не үшін қажет, оны қалай жасау керек деген сауалдарға тап болады. Ендеше, бұл мақала осындай сауалдарға жауап іздеген жас кәсіпкерлерге арналады.

![Бизнес-жоспар дегеніміз не?](http://el.kz/media/images/tiny_images/b5401cee7931906f38a0b524567da236.png)

Кәсіпкер үшін бизнес-жоспар жаңа бизнестің қалай жұмыс істейтінін бағалауға және оның болжамды нәтижелерін анықтауға, сондай-ақ банктен несие рәсімдеу барысында қажет болады.

Сонымен, бизнес-жоспар бұл – жаңа бизнестің жан-жақты толық сипаттамасы. Онда бизнес туралы ақпарат, бизнестің қаржылық талдауы, маркетингтік жоспары және қызметкерлер бойынша жоспары жасалу керек. Сонда, кәсіпкер жаңа бизнестің түр-сұлбасын көре алады және өзі де көп нәрсені түсініп, байқай алады.

Бизнес-жоспардың кімге арналғанына байланысты оның бірнеше түрін ажыратамыз:
- **Өзіңізге арналған бизнес-жоспар.** Бұл бизнес-жоспар кәсіпкерге жаңа бизнестің қаншалықты тиімді, я болмаса тиімсіз екенін анықтауға арналған.

- **Несие алуға арналған бизнес-жоспар.** Банктер кәсіпкерге несие беру туралы шешім қабылдау үшін, одан бизнес-жоспарды талап етеді.

- **Инвесторларды тартуға арғалған бизнес-жоспар.** Инвесторлар өз қаржысын бұл бизнеске салар алдында, бизнеске талдау жүргізеді. Сол себепті, кәсіпкердің бизнес-жоспары қаралады.

- **Жергілікті және шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорынға арналған бизнес-жоспар.** Сауатты құрылған бизнес-жоспар сіздің ісіңіздің маңыздылығына серіктестің сенімін арттырады.

- **Жаңа қызметкерлерді тартуға арналған бизнес-жоспар.** Білікті мамандарды өзіңізге жұмысқа тарту қиынға соғады. Сондықтан, бұндай бизнес-жоспар қызметкерге болашақ қызметтің сипаттамасы жайында және ұсынылатын жұмыстың тұрақтылығы мен келешегі туралы ақпарат береді.

- **Басқа компаниямен бірігуге арналған бизнес жоспар.** Ол бірлескен қызметтің жағымды және жағымсыз жақтарын көруге көмектеседі.

Бизнес-жоспар келесі бөлімдерден тұрады:
- **Бизнес-идея.** Істі алғаш бастайтын кәсіпкерге ең алдымен немен айналысатынын шешіп алу қажет, яғни ол бизнес-идея табуы тиіс. Бұл күрделі және жауапты саты. Бизнестің қалай құрылатынын осыған байланысты. Бұл жерде кәсіпкер өз білімі мен дағдыларын, жұмыс тәжірибесін, хобби мен қызығушылықтарын ескеруі керек.

- **Жеке мүмкіндіктер.** Кәсіпкер жаңа бизнестің мүмкіндіктерін, өзінің мүмкіндіктерін және идеяны жүзеге асыруға керек өзге ресурстарды бағалауы тиіс.

- **Клиент.** Кәсіпкер болашақ клиентінің кім болатынын жақсы білуі тиіс. Ол үшін кәсіпкер «Менің ықтимал клиенттерім кімдер? Олар қайда орналасқан? Менің клиенттерім нені бағалайды?» деген сынды сұрақтарға жауап беруі керек.

- **Бизнесті ұйымдастыру.** Бизнесті ұйымдастыру барасында кәсіпкер өз клиенттеріне өнімді (тауарды немесе қызметті) шығару және оны сату үдерістері қалай, қашан ұйымдастырылатынын, оның қандай көлемде шығарылатынын ойластыруы тиіс.

- **Ақша қозғалысы.** Кәсіпкерге жаңа бизнестің кірісі мен шығысын, теңгерімін болжау сияқты қаржылық құжаттарды жасау қиынға түседі. Дегенмен, ақшаның қозғалысын елестетіп көру қажет.

- **Тәуекелдер.** Кәсіпкер бизнеспен бірге туындайтын: инфляция, несиелер, клиенттердің ақы төлеуден бас тартуы, төтенше жағдайларға байланысты немесе серіктесіңіз тарапынан алданып қалу сынды барлық тәуекелдерді ескеруі тиіс. Бұл тәуекелдерге дайын болуға және туындаған жағдайда еңсере білу үшін қажет.

**Ақтоты Майлыбаева**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biznes-zhospar-degenimiz-ne-521535](https://yvision.kz/kk/post/biznes-zhospar-degenimiz-ne-521535)