---
title: "Бізге қандай мамандар қажет?"
description: "Биыл еліміздегі жалпы орта мектептерді 86 999 түлек тәмамдады. Оның ішінде 84 079 бітіруші ҰБТ-ны сә..."
author: "sagira"
published: "2016-11-08T22:42:56+00:00"
modified: "2016-11-08T22:42:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizge-anday-mamandar-azhet-724894"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizge-anday-mamandar-azhet-724894/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бізге қандай мамандар қажет?

> Биыл еліміздегі жалпы орта мектептерді 86 999 түлек тәмамдады. Оның ішінде 84 079 бітіруші ҰБТ-ны сә...

Биыл еліміздегі жалпы орта мектептерді 86 999 түлек тәмамдады. Оның ішінде 84 079 бітіруші ҰБТ-ны сәтті тапсырып шықты. Яғни, осынша жас талапкер өз жолдарын таңдап, болашақ ел мүддесі үшін білім алуға бет бұрмақ. Маңызды қадам жасау кезінде мамандық таңдау мәселесі бірінші кезекте екені сөзсіз. Жастарға бағыт-бағдар беруде ата-ана мен ұстаздар қауымының атқарар қызметі зор. Таңдауды қалай жасау керек? Елімізде қандай мамандар тапшы? Сарапшы мамандар даярлаған тізімді болашаққа қадам басқан жастардың бір кәдесіне жарап қалар деген оймен ұсынып отырмыз.

![Бізге қандай мамандар қажет?](http://im9.asset.yvimg.kz/userimages/sagira/HF2gsZ23XjN3v5A4luacp9e849g9MG.png)

**Сонымен, болашақта қандай мамандарға сұраныс бар?**

Бүгінгі күні әлемдік сарапшылар болашақта қажет етілетін 10 мамандықтың тізімін жасады. Мамандық таңдау сатысында тұрған жастар үшін мұны біліп жүрудің де маңызы бар.

**Инженерлер**

Қазірдің өзінде көп елдерде мықты инженерлердің жетіспеушілігі байқалады. Елдегі өндіріс пен техника саласының дамуында бұл мамандардың орны ерекше.

**IT (ақпараттық технологиялар) саласының мамандары**

Әрине, бұл саланың қызметкерлері тамырын тереңге жайып үлгерді. Бірақ, бұл болашақта IT саласының мамандары керексіз болады деген сөз емес. Өйткені, күнделікті өміріміз ақпараттық технологияларға барынша бейімделіп жатқан соң бұл мамандар қанша көп болса, сонша жақсы болып тұр.

**Нанотехнология саласының мамандары**

Әлемдік мамандардың болжауынша нанотехнология саласы болашақта ғарыш, машина жасау, тамақ өндірісі, медицина сияқты ірі салаларда үлкен рөл атқаратын болады.

**Электроника және биотехнология мамандары**

Бұл салалардың әлемдік кеңістікте өзіндік үлкен орны бар. Болашақта жаңа қуат көздері, электроникалық жаңалықтар мен жүйелер, молекулярлық медицинада өз еңбегін сіңіргісі келетін жастарға қажетті мамандық деп айтуға әбден болады.

**Маркетологтар**

Маркетологтар басқару, бизнес, шаруашылық, тіпті мемлекеттік жүйеге де өте қажетті болған. Бүгінгі күні де сұранысқа ие және бола бермек. Болашақта өндіруші мен тұтынушының ортасындағы ортақ көзқарастармен тығыз жұмыс жасап жетістікке жетуде бұл мамандардың ерекше орны болатыны сөзсіз.

**Қызмет көрсету бойынша мамандар**

Адам баласы күннен күнге көбеюде, елдердің жағдайы жақсаруда. Уақыт өткен сайын қызмет көрсету бойынша сапаның жақсарғаны олар үшін ең басты дүниелердің бірі. Ба- тыс елдері мен АҚШ-тың өмір сүру қалпына қарап бұл мамандық иелеріне деген сұраныстың күн сайын артып жатқанын ұғуға болады.

**Логистика мамандары**

Мемлекетті әлемдік нарықпен интеграция жасауда бұл мамандардың қажеттілігі айқын көрінеді. Өнімдерді шетелге шығару мен ішке кіргізуде, халықаралық және ішкі тұтынушыларды іздеуді жоғарғы сапада атқаратын мамандар тапшы болғандықтан, дәл қазір әлемдік нарыққа шығуда осал тұстарымыздың жоқ еместігін жасырудың қажеті жоқ.

**Экологтар**

Қалалар көркейіп, өндірістер көбейген сайын өте ауқымды экологиялық мәселелер пайда болатыны рас. Оларды шешу үшін жоғарғы дәрежелі мамандар да қажет-ақ. Үлкен қалалардағы кептелістер секілді тағы да басқа мәселелерде экологтардың жоғары үлесі болады деп күтілуде.

**Дәрігерлер**

Адам баласы кез келген уақытта медицинаға жүгінеді. Бұл процесc тіршілік біткенше жалғасатыны сөзсіз. Әсіресе, «сауатты» дәрігерлердің сұранысқа ие екендігін еске саламыз.

**Химиктер**

Әрине, мұнай сарқылатын өндіріс көзі болғандықтан, болашақтағы химиктердің негізгі міндеті алтернативті өндіріс пен энергия көздерін табу болып тұр. Бірақ қазірдің өзінде жақсы химиктеріміз тапшы болғандықтан мұнайды өз ішімізде өндіре алмай отырмыз.

Ел болған соң кез-келген маман иесі маңызды. Ең бастысы білікті маман болса, қай кезде де сұранысқа ие. Сәйкесінше, үш университет бітірсе де мамандығын жарытпайтындар «Дипломың болса да жұмысқа алмайды» деп сылтау іздейді.

**Қазақ еліне қажет мамандықтар**

Сарапшы мамандардың пікірінше бүгінде елімізде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласының мамандары жетіспейді. Ал астроном, астрофизик сынды ғарыш саласының мамандары мен механик, геодезист картогроф, сынды мамандарға еліміз аса зәру. Бұл мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше қажеттілік жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда заманауи технологиялардың сан түрі шығарылуда. Ғажайып ғарыш әлемін де адамзат баласы зерттеу үстінде. Яғни төрткүл дүние техникаға телмірген заман болды. Осыған байланысты еліміз экономиканың басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға ерекше назар аударып отыр. Бірақ бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен.

2016 жылғы ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарына жалпы практика дәрігері, терапевтер, акушер-гинекологтар, анестезиолог, реаниматолог, балалар дәрігері еніп отыр. Биылғы статистикалық мәліметтер бойынша қалалық медициналық мекемелерге 154 жалпы практика дәрігері қажет болса, ауылдарда 147 маманның орны бос тұр. Қалалық жерлерде 140 терапевт жетіспесе, ауылға 68 маман керек. Сондай-ақ, әйелдер денсаулығына жауап беретін 124 маман қала мекемелеріне, 79 маман ауыл мекемелеріне керек. Қалалар бойынша 140, ауылдарда 44 анестезиолог маманы жетіспейді. Қалалық мекемелерде 114 балалар дәрігерінің, ауылда 38 дәрігердің орны бос тұрған көрінеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы секілді салаларға да жас мамандардың аса қажет екенін көріп жүрміз. Әсіресе, ауылдық аймақтарда мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Жас мамандардың ауылдарға барып жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан да қолдаулар көп. Бүгінде оқу бітірген жас маман мемлекеттік бағдарламалар арқылы тәжірибе жолын ауылдан бастай алады.

 

**Кім болам?**

«Кім болам?» деген сауал кез келген жеткіншектің көкейінен орын алады. Мамандардың айтуынша, ен­ді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық шаруашылықтың тізгінін ұстар маман таппай қалуымыз мүмкін. Ал біздегі жоғары оқу орындарында заман тала­бы­на сай қаржы, кеден, салық саласының ма­­ман­дары даярлануда. Бұл мамандықты таңдайтындар саны артып, бір орынға 30 адамнан таласып жүр. Ал, шындап келгенде, еліміз мұн­дай мамандарға зәру емес. Осы орайда қажеттілік туындатқан кәсіпке икемделіп кеткен абзал.

Ерте заманда аң­шылық та кәсіп болған. Қазір бұл аң аулауға қы­зығушылардың хоббиіне ай­налды. Сол секілді келешекте екінші кезекке ысырылатын ма­ман­дықтар да бар. Бұл жөнінде мамандар: «Мә­селен, биржа маклерлерi, көлiк сату­шы дилерлер, пошташылар, сақтандыру агент­терi және қозғалмайтын мүлiк жөнiн­дегi агенттердің қажеттілігі азаяды» дейді. Бұ­лардың қызметін интернет тез әрі тиімді ат­қара алады. Әлемдік өркениеттің бәрі тек адам еңбегінің жемісі екенін ешкім жоққа шығармайды. Біздің міндет - қоғамға лайықты қызмет ету. Оқыған мамандығымызбен жұмысқа орналаса алмай, әр есікке телміріп жүрмес үшін мамандыққа деген көзқарасымызды өзгерткен абзал. Яғни, мамандық дегеніміздің сән еместігін, оның біздің өмірімізде, ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратындығын жадымызда ұстаған жөн.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bizge-anday-mamandar-azhet-724894](https://yvision.kz/kk/post/bizge-anday-mamandar-azhet-724894)