---
title: "Біздің күш-қуатымыз – өркендеген қалаларда"
description: "Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»АҚ 800 млрд теңгенің ынтымақтастық туралы Меморандумына қол..."
author: "MalikaD"
published: "2014-12-18T15:35:00+00:00"
modified: "2014-12-19T01:41:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-k-sh-uatymyz-rkendegen-alalarda-451229"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-k-sh-uatymyz-rkendegen-alalarda-451229/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біздің күш-қуатымыз – өркендеген қалаларда

> Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»АҚ 800 млрд теңгенің ынтымақтастық туралы Меморандумына қол...

Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»АҚ 800 млрд теңгенің ынтымақтастық туралы Меморандумына қол қойды.

Алматыда бүгін «Мемлекеттік тапсырыс-2015» акциясы өтті. Оның аясында қаланың кәсіпорындары мен ұйымдары «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ кәсіпорындарына көрсете алатын қызметтері мен жеткізе алатын тауарларын көрсетті. Акция аясында меморандумға қол қойылды, оған сәйкес ҰӘҚ алматылық кәсіпорындардан 2015 жылы 800 млрд теңгенің қызметі мен тауарларын сатып алуы керек, деп әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен өткен келелі кеңесте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Өмірзақ Шүкеевпен өткен жылдың ынтымақтастықтың нәтижесін талқыланды.

> «Самұрық - Қазына кәсіпорындары мен қорымен бірлесіп ілкімді істер іске асырылуда. Нәтижесінде олар шаһар экономикасына оң әсерін тигізуде. 10 айдың қорытындысы бойынша бізде барлық салаларда өсім байқалуда. Сонымен, өндіріс 3%-ға, құрылыс 21%-ға, тауарайналымы 12%-ға, сауда 9%-ға өссе, ЖӨӨ 9 айдың қорытындысы бойынша 4,8 триллионды құрап, 8% өсімді көрсетті»,- деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Мегаполис басшысының айтуынша, энергетика саласына ерекше көңіл бөлінген. Қормен ынтымақтастықтың арқасында қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ету, және көгілдір отынды тарту бойынша проблемалар өз шешімін тапты.

Осы ретте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Алматы қордың сатып алуларының үштен бір бөлігін қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.

> «Бұл өте үлкен сан және ол қаланың өндірістік және индустриалды секторы өте жақсы дамығанын көрсетеді. Алматылық өндірушілердің тауары мен қызметінің сапасы біздің көңілімізден шығады, олар бәсекеге қабілетті», - деді Өмірзақ Шүкеев.

Айта кетерлік жайт, «Мемлекеттік тапсырыс» акциясы соңғы алты жыл бойы өткізіліп келеді. Оның мақсаты мемлекеттік сатып алудағы қалалық таураөндірушілердің үлесін арттыру. Ал, «Мемлекеттік тапсырыс-2014» акциясы ұлттық компанияның сатып алу жоспарымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.

2014 жылы қазақстандық бизнес құны 64 млрд теңгені құрайтын 8 мың меморандумға қол қойды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осылай мәлімдеді.

> «Өздеріңізге мәлім, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бизнестің алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінде бұл үлкен маңызға ие. Жылдан жылға қазақстандық кәсіпкерліктің әлеуемттік жауапкершілігі артып келе жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, ел ішіндегі экономикалық бағыттарда ағымдағы жылдың ішінде құны 64 млрд теңгені құрайтын 8 мың меморандум бекітілді. Мұның ішіндегі басым бөлігі қоғамның әлеуметтік салаларын оң шешуге ұмтылған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар. Яғни, мектеп, балабақша құрылысын жандандыруға немесе осы саладағы мәселелердің түйінін тарқатуға негізделген десек те болады, - деді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып бизнестің әлеуметтік ұжымдық жауапкершілігі туралы тұжырымдама дайындады. Тұжырымдама аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қарастырылады.

> «Парыз» байқауы бүгінгі таңда кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда бірегей ынталандырушы құралға айналды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыруды ынталандыру үшін Үкіметке басқа да құралдарды енгізу туралы ұсыныс айтып отырмыз. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындарға басымдылық беру керектігін көтерсек, екіншіден, 2015 жылдан бастап кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі бойынша рейтингін құруды ұсынудамыз», - дейді Нұржан Әлтаев.

«Таяуда Дүниежүзілік банк 192 елдің экономикасына талдау жасады. Зерттеу нәтижесі бойынша мынадай қорытындыға келді: кез келген елдің экономикасын көтеру құралдарының 64 пайызы адам капиталын дамытуға байланысты. Ал қалғандары технологияны дамыту, қаражат капиталы мен өзге де құралдар. Еліміз ЕАЭО-қа енуі мен ДСҰ кірудің аз-ақ алдында тұрғанда отандық бизнес әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын түсініп отыр», - деп түйіндеді өз сөзін ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Целиноград ауданында Тәуелсіздік күніне орай 10 нысан ашылады, деп хабарлады Ақмола облысының әкімдігі.

> «Тәуелсіздік күні қарсаңында бірден 600 бүлдіршінге есептелген 4 жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Олар Тайтөбе, Қажымұқан, Қызылжар мен Новоишимка ауылдарында орналасқан», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қоянды ауылында ТКШ саласының екі нысаны пайдалануға беріледі.

Бұдан басқа, жақын арада Ақмол ауылының 36 отбасы жаңа үйдің кілтін қолдарына алады. Тағы 4 шағын аудан электр жүйесіне қосылады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының Целиноград аудандық филиалының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылады деп жоспарлануда.

Айта кетерлік жайт, соңғы екі жылда Целиноград ауданында 18 жалпы білім беру мекемесі ашылды, оның 5 – мектеп, 13 - балабақша.

Ақтөбеде Тәуелсіздік күні қарсаңында аралас оқытылатын 600 орындық орта мектеп ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Жалпы алаңы 9259 шаршы метр мектеп барлық заманауи талаптарға жауап береді. Мектепте №43 негізгі мектептің және №51 гимназияның оқушылары білім алатын болады. Осылайша, ауданда үш ауысымдық оқыту проблемасы оң шешімін тапты.

> «Мемлекет басшысының алға қойған міндетін іске асыру барысында алдағы үш жылда үш ауысымдық және апатты мектептердің жағдайын толықтай шешетін боламыз. Республикалық қаражат есебінен салынған бұл үш қабатты мектеп жаңа ұрпақ өкілдері - балаларымыз заманауи мектептерде оқысын, жоғары білікті мамандардан сапалы білім алсын деген ниеттен бой көтерді. Ақтөбе облысы әкімдігіне маңызды нысандарды сапалы әрі мерзімінде тапсырғаны үшін алғыс білдіріп, балаларды, ұстаздарды, ата-аналарды тамаша білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын және толағай табыс тілеймін»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Әкімдіктің мәліметінше, облыс орталығының халқы артып келеді, сондықтан жаңа мектептер құрылысы да қарқынмен салынуда: қала маңындағы Жаңа Қоныс кентінде - 600 орындық, «Нұр Ақтөбе» шағынауданында - 1200 орындық және Өрлеу ауылында - 270 орындық мектептер салынуда. 2015 - 2017 жылдар кезеңінде «Батыс», «Батыс-2» шағынаудандарында, Нокин ауылында, «Кирпичный» және «Бауырластар» аудандарында 2160 орындық орта мектептер ашылады деп күтілуде.

[Startegy2050](http://strategy2050.kz/news/category/127/?page=4)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bizdi-k-sh-uatymyz-rkendegen-alalarda-451229](https://yvision.kz/kk/post/bizdi-k-sh-uatymyz-rkendegen-alalarda-451229)