---
title: "Біздің ішімізде кішкентай Эскобар жатыр..."
description: "Әлгі Пабло несімен әйгілі болған десеңіз, тасы өрге домалап тұрған кездері Колумбиядан АҚШ-қа тонна..."
author: "Orken_Kenzhebek"
published: "2018-01-30T21:54:51+00:00"
modified: "2018-01-30T21:54:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ishimizde-kishkentay-eskobar-zhatyr-794738"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ishimizde-kishkentay-eskobar-zhatyr-794738/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біздің ішімізде кішкентай Эскобар жатыр...

> Әлгі Пабло несімен әйгілі болған десеңіз, тасы өрге домалап тұрған кездері Колумбиядан АҚШ-қа тонна...

Әлгі Пабло несімен әйгілі болған десеңіз, тасы өрге домалап тұрған кездері Колумбиядан АҚШ-қа тонналап кокаин тасып, аптасына 420 миллион доллар тауып тұрған. Әлемдегі ең бай адамдардың жетілігіне кірген. Ақшасының көптігі соншалық, жер астына, үйдің шатырына тыққан бүкіл долларының кемінде 10 пайызын тышқандар кеміріп отырған.. 400 көңілдесіне бөлек қалашық салдырған. Осы арам байлығымен енді Колумбияның президенті боламын деген бір-екі адал шенеунік қарсы шығып, арманына жете алмай қалады. Осыған ыза болған Эксобар өкіметке қарсы соғыс ашады. Әуедегі ұшақты да жарады, президент болуға басты үміткерді де өлтіреді, бала демейді, әйел демейді, жалпы саны он мыңдай адамды өлтіртеді.

Сонда қарасам - Паблоның түбіне жеткен тәкаппарлық екен. «Считайте меня богом. Потому что если мне кажется, что кому-то суждено умереть, он умирает в этот же самый день» деген сөзді айтқызған осы кібір шығар кеудедегі. Өзін президент болуға лайықты көрді. Өзінің ақылдылығына иланып қалды. Аз ғана халықтың қолдайтынын көп көріп қалды. Ақшаның күшімен бәрін сатып алуға болатынына сеніп қалды. Біздің Әбіләзовпен аз-маз параллель кетіп жатса, айып етпеңіздер, ол қайда, Пабло қайда?) Ең соңында, осы тәкаппарлық өзі сенген санасын тұмшалап қалды. Қателесті. Болымсыз мақсат үшін аяусыз қаталдыққа барды. Өзі қарасаңыз, жаратылыс тарихындағы ең алғаш күнә тәкаппарлық болған еді ғой. Ібілістің Адамға мынауың топырақ қой деп тәкаппарлықтан сәжде қылмағанын білесіздер.

Бұл енді Эскобардың деңгейіндегі тәкаппарлық дерсіз. Бірақ, бәріміздің ішімізде кішкентай Эскобар, кішкентай тәкаппар жатыр. Біздің деңгейде оның белгілері қандай болуы мүмкін десеңіз, қарап көріңіз. Білмеген нәрсені намыс көріп сұрамау, анықтамау. Өзінен сұралған нәрселерді намыс көріп, білмейтінін жасыру, білем деп айту. Мысалы, сапарда баратын мекен жайын білмейтінін намыс көріп, адасып кетудің өзі тәкаппарлық екен. Кездескен жанға бірінші болып сәлемдесуден тартыну. Айналасындағы адамдарға өзінің көп білетінін көрсету мақсатында әр сөзден ілік іздеу. Сөзінің арасында әңгімелесуші адамның жасы үлкендігін біле тұра, оған «бауырым» деп қарайлай беру. Сын айтқан адамды жақтырмау, жағдайы жоқ, қарауы жоққа әлімжеттік көрсету. Мысалы, күйеуінің шоферіне не хатшысына әкіреңдейтін әйелдер... Көп қой, Құдай сақтасын, көп қой.

Біз де оңып тұрған жоқпыз!

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ishimizde-kishkentay-eskobar-zhatyr-794738](https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ishimizde-kishkentay-eskobar-zhatyr-794738)