---
title: "Біздің ЭКСПО"
description: "Бұл сөздің биыл елімізде ең көп айтылатын сөздер тізімін басқаратын түрі бар. Өзіміздің ресми және ..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2017-06-19T02:11:21+00:00"
modified: "2017-06-20T07:35:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ekspo-770493"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ekspo-770493/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біздің ЭКСПО

> Бұл сөздің биыл елімізде ең көп айтылатын сөздер тізімін басқаратын түрі бар. Өзіміздің ресми және ...

![Біздің ЭКСПО](https://storage.yvision.kz/images/user/yerlan_iskakov/PbB7mU9oJ5P5loZoVxhstp5LgrwPr7.jpg)

Бұл сөздің биыл елімізде ең көп айтылатын сөздер тізімін басқаратын түрі бар.

Өзіміздің ресми және бейресми ақпарат көздерінде бұл көрмені бірде «бүкіләлемдік», бірде «халықаралық» деп атай береді. ЭКСПО-ның ашылу салтанатында елбасының оны «дүниежүзілік мамандандырылған көрме» деп те атағанын естідім. Сонымен, бұл көрменің нақты мәртебесі қандай?

Қысқаша анықтама

Коммерциялық емес сипаттағы (ұзақтығы үш-алты ай болатын) ірі халықаралық ғылыми, мәдени және басқа да көрмелерді АҚШ-та әдетте **world’s fairs (дүниежүзілік көрме)**, Еуропа және Азия елдерінде – **international/universal expositions** **(халықаралық/әмбебап көрме)**, ал Ұлыбританияда – **exhibitions** деп атайды.

Мұндай көрмелердің (Ехро/ЕХРО/ЭКСПО) жұмысын Халықаралық көрмелер бюросы (Bureau International des Expositions) деген ұйым реттейді. Бұл ұйым 1928 жылы құрылған, штаб-пәтері Парижде орналасқан.

**Халықаралық мамандандырылған көрме** **(International Specialized Exhibition)** – Халықаралық көрмелер бюросының ресми қолдауымен өткізілетін көрмелердің бір түрі. Біздің ЭКСПО осы санатқа жатады.

Бюроға мүше мемлекеттер өткізетін көрмелердің мынадай тағы үш түрі бар:

жоғарыда аталған Дүниежүзілік көрмелер (Милан, Италия, 2015 жыл; Дубай, БАӘ, 2020 жыл), олар бес жылда бір рет өткізіледі, мерзімі – алты ай;

Бағбаншылық көрмелері/ Horticultural Exhibitions (мұндай көрмелерді өткізу аралығы – кем дегенде екі жыл);

Милан халықаралық архитектура және дизайн көрмесі/ the Triennale di Milano (үш жылда бір рет өткізіледі).

Үш айға созылатын *Халықаралық мамандандырылған көрмелер* (Сарагоса, Испания, 2008 жыл; Йосу, Оңтүстік Корея, 2012 жыл; *Астана, Қазақстан, 2017 жыл*) әдетте екі дүниежүзілік көрме аралығында өткізіледі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ekspo-770493](https://yvision.kz/kk/post/bizdi-ekspo-770493)