---
title: "Біздің ауылдың тұрғындары…"
description: "Қазіргі кезде біздің елдегі адамдардың мәдени-этикалық тұрмысы тіптен төмен деңгейде. Әрине, бәрі е..."
author: "shamon"
published: "2010-09-10T02:49:27+00:00"
modified: "2010-09-10T02:49:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-auyldy-t-r-yndary-71419"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bizdi-auyldy-t-r-yndary-71419/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біздің ауылдың тұрғындары…

> Қазіргі кезде біздің елдегі адамдардың мәдени-этикалық тұрмысы тіптен төмен деңгейде. Әрине, бәрі е...

![Біздің ауылдың тұрғындары…](https://storage.yvision.kz/images/user/shamon/M3YtERh6CY3xrE31eyqGXwMv949mXA.jpg)

*Қазіргі кезде біздің елдегі адамдардың мәдени-этикалық тұрмысы тіптен төмен деңгейде. Әрине, бәрі емес, бірақ көбінің. Кез-келген жерде ұрсысуға, айқайласуға, төбелесуге дайын тұрады. Әсіресе қоғамдық көлікте.*

*Жалпы қоғамдық көлік мәселесі үлкен тақырып. Күнде болмасын, бірақ аптасына бір рет көлікте келеңсіз жағдайларға ұшырасамын. Мысалы, дер кезінде ақшасын бермесе кондукторлар ұрсыса кетеді, немесе кондуктор ақшасын дер кезінде қайырмаса жолаушы ұрсыса кетеді. Алдыңғы уақытта осы дер кезінде берілмеген ақша үшін екі әйел тіпті төбелесіп те кетті. Аузына келгендерін айтып, добалдай жігіттер әрең ажыратты.*

*Әйтеуір барлығының жүйке жүйелері жұқарып кеткен ба, осы адамдарға не жетпейді деп ойлап кетесің. Аяғын абайсызда басып кетсең, «Көзіңе қарамайсың ба? Арырақ тұрмайсың ба? Немене итергілеп тұрсың?» деп бақыра жөнеледі. Жәй ғана, арырақ тұрасыз ба, деп кішкене өтіне сұрау деген жоқ, міндетті түрде айқайлау керек.*

*Сонымен қатар, қазіргі кезде біздегі мобильді операторлардың жеңілдіктеріне сүйеніп, дәл автобусқа кіргенде өсек айтып тұратындары бар. Жанындағылар еріксіз солардың өсектерін тындауға мәжбүр. Қыздарды қойшы, тіпті ұлдар да қыздармен сөйлесіп, флиртовать етіп, тырқ-тырқ етіп тұратыны тіптен жаман көрінеді. Немесе соткадағы музыкасын бүкіл автобусқа бақыртып қоятындары тағы бар. Алдында жанымда отырған бір жігіт сондай бір «безвкусный» әуендерін бақыртып қоймасы бар ма, құлақты жарып бара жатқан соң шыдамай айттым, «Муызкаңызды наушникпен тыңдайсыз ба? Айналаңыздағы адамдарды да сыйласаңызшы. Басқалары тіптен музыка тыңдағысы келмейтін шығар…» деп едім, бетіме бажырая қарады да, соткасын өшірді.*

*Содан кейін, машинада келе жатқанда, терезесін ашып қойып, жан-жағына түкіретіндері бар. Темекі шегіп түкіреді, немесе жәй, қақырып-қақырып түкіре береді. Білдіртпей түкірсе болады ғой, жоқ, терезесін ашып қойып, түкіре береді. Осылай дұрыс деп ойлайтын болса керек.*

*Сосын қоқыстарды кез-келген жерге тастай салу, тазалықты қадағаламау деген де бір төбе тақырып. Осындай шараларға байланысты неге қоғамдық жарнамалар жасалмайды екен?*

*Мысалы, мынау көк базар жақта жүру тіптен мүмкін емес, жан-жағың қоқыс, түкірік, адам. Орталық мешіттің жаны болған соң, сол жаққа «Жаның таза болса арың таза» деген сияқты биллбордтар жасауға болады. Барлығы сол жақтағы мешітке жұма сайын жиналады, имандылықтарын енді іспен дәлелдесін.*

*Қоғамдық көліктерге «Қоғамдық көлікте жүру этикасы» деген стэнд жасалса, немесе билбордтар жасалса, кішкене адамдардың сауаты ашылып, біраз да болсын жан-жағына қарайлайтын шығар.*

*Әйтпесе, шынымен Алматы лас қала болып барады, тіпті орталық деген аудандардың өзінде қоқыс, ластық бар. Бәрінен бұрын, біздің тазалығымыз ешкімге керек емес, өзімізге керек. Әркім өзінің тазалықта өмір сүргісі келетінін ойлап, әрекет жасау арқылы іске асады. Онсыз да лас ауаны, одан сайын ластап, кір қоғамда өмір сүріп жатырмыз.*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bizdi-auyldy-t-r-yndary-71419](https://yvision.kz/kk/post/bizdi-auyldy-t-r-yndary-71419)