---
title: "Біз неге Республика ұстаздарының «Ағартушы» қоғамдық қозғалысын құрдық?"
description: "Бұл күнде қоғамдағы әлеуметтік топтардың ішіндегі ең әлсізі - мектеп мұғалімдері. Сауатты қазақ са..."
author: "Omirhan"
published: "2016-06-16T21:02:24+00:00"
modified: "2016-06-16T21:02:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-nege-respublika-stazdaryny-a-artushy-o-amdy-oz-alysyn-rdy-697967"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-nege-respublika-stazdaryny-a-artushy-o-amdy-oz-alysyn-rdy-697967/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біз неге Республика ұстаздарының «Ағартушы» қоғамдық қозғалысын құрдық?

> Бұл күнде қоғамдағы әлеуметтік топтардың ішіндегі ең әлсізі - мектеп мұғалімдері. Сауатты қазақ са...

Бұл күнде қоғамдағы әлеуметтік топтардың ішіндегі ең әлсізі - мектеп мұғалімдері. Сауатты қазақ саусақпен санарлық өткен ғасырдың басында "Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі" - деген дәуірден өттік. Бәсекелестік қызған бүгінгі күні мұғалім М. Әуезов айтқандай "Өзі отырған жерді төр етуге" өзі ұмтылуы қажет. Қиындығы да, қызығы да жетерлік мұғалім мамандығын таңдаған екенсің, ұстаз атына сай бол! Қазақта "Балажан" деген сөз бар. Балажан болмасаң, жақсы көрмесең мектеп сенің орның емес. Баламен тіл табыса алмайтын адамнан мұғалім шықпайды. Пәніңізді жақсылап игеріңіз! Қазіргі талап - өмір бойы үйрену! Сондықтан біліміңізді жетілдіруді тоқтатпаңыз! Мұғалім Бас, Қол, Жүрек сияқты «үш көмекшісі» болған жағдайда ғана құзырлы бола алады (Shulman, 2007). Қол – оқытуды жүзеге асыру, түзету және бағалау үдерісінде идеяларды бар тәсілдерді қолдана отырып түсіндіру, жұмыс жүргізу тәсілдерін меңгеруді, техникалық және тәжірибелік дағдылардың болуын талап етеді. Бас – оқыту мен оқу, сонымен қатар оқушылар жайлы жеткілікті әдістемелік білімнің болуын талап етеді. Жүрек - мұғалімдер білім беру саласындағы өзге мамандармен тығыз байланыста болып, оқытудың құндылықтарын сезініп, қабылдау мен тұжырымды пікірлерді бөлісуде ұтымды әрекеттер мен шынайы қарым-қатынас қалыптастыра алады. Өз құқығыңызды қорғай біліңіз. Өзіңізді басынуға жол бермеңіз. Жасық мұғалім оқушылар алдында бедел жинай алмайды. Құл тек құлды ғана тәрбиелей алады. Өкінішке қарай, кейбір мектеп басшылары мкен шенеуніктер тарапынан мұғалімдерге үлкен қысым бар. Көп әріптестеріміз сол қысымға амал жоқтықтан шыдайды. Себебі, әріптестер тарапынан ашық қолдау жоқ. Осы мәселені өткен жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла әріптесіміз ашық көтерді. Айманға көптеген азаматтар ара түсті. Оның ішінде өзім де бармын. (Бұдан бірнеше жыл бұрын осындай жағдай менің де басымда болған. Оны «Мой мир» әлеуметтік желісіне жазғанмын. Сол кезде әріптестерім ашық қолдау білдіре алмады. Бірақ, Жаратқан Иеміз күш беріп, мен оларға тойтарыс бере алдым. Бастығым кешірім сұрап құтылды). Қазір де арамызда өз басшысынан жазықсыз теперіш көрген қаншама мұғалім жүр?! Оны біз білмейміз, бірақ бар екені анық!. Мойындауымыз керек, «Бір қарын майды шірітетін бір құмалақ» секілді, өз ісіне салғырт қарайтын, білімсіз-біліксіз мұғалімдер де жетіп артылады. Ара-тұра, парақор мұғалімдер де кездесіп қалады. Болсын-болмасын, басшылардың үстінен жоғарыға арызды сүйкей салатын арызқой мұғалімдер де баршылық. Түсінігі таяз ата-аналар да жоқ дей алмаймыз. Осының бәрі айналып келгенде мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарына кері әсерін тигізеді. Осындайлардың кесірінен оқушы зардап шегеді. Қозғалыстың мақсаты - құқығы бұзылған әріптеске құқықтық және моральдық қолдау көрсету, ата-аналар арасында олардың міндетттерін түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Оқушылардың лайықты білім мен тәрбие алуы үшін, қолда бар ресурстарды жұмылдырып, Отанын жанындай сүйетін Азамат тәрбиелеу.

Өзіңіз отырған жерді төр етуге өзіңіз ұмтылыңыз, әріптес!

Ө. Шыныбекұлы "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының төрағасы

![Біз неге Республика ұстаздарының «Ағартушы» қоғамдық қозғалысын құрдық?](https://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/nc3JM9t1Z82c0087BmSY1lbtM2Lhia.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biz-nege-respublika-stazdaryny-a-artushy-o-amdy-oz-alysyn-rdy-697967](https://yvision.kz/kk/post/biz-nege-respublika-stazdaryny-a-artushy-o-amdy-oz-alysyn-rdy-697967)