---
title: "Біз кімдерге еліктеудеміз?"
description: "«Балапан басына, тұрымтай тұсына» тура келген аумалы-төкпелі заман, ғарыштық жылдамдықпен дамыған жү..."
author: "saltusha_teleu"
published: "2012-04-28T03:00:32+00:00"
modified: "2012-04-28T03:00:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-kimderge-elikteudemiz-252255"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-kimderge-elikteudemiz-252255/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біз кімдерге еліктеудеміз?

> «Балапан басына, тұрымтай тұсына» тура келген аумалы-төкпелі заман, ғарыштық жылдамдықпен дамыған жү...

** ** «Балапан басына, тұрымтай тұсына» тура келген аумалы-төкпелі заман, ғарыштық жылдамдықпен дамыған жүйрік жылдар да өз дегенін істеуде. Өз дегенін жүргізуге асыққан уақытқа аш құрсақ, тар заманның жастары да шет елдің жылтырағына қызығатының көргенде жүрегім баяу ғана соғады. Отбасыда берілетін тәрбие құндылықтары сақталмауға айналды.Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны да белгілі. Бойымызда саф алтындай рухани қазынаға толы, қасқыр емген қазақтың текті ұрпағы екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Алайда Батыс Еуропа жаһандану саясатымен кез-келген кеңістікті бағындырып келе жатқаны соншама, дүниежүзілік өркениет мәдениет мұхитына барып құйылып жатқанын бірі байқаса, бірі аңғарып та жатқан жоқ. Талаптары тау бұзатын, жалындары от жандыратын жастарды тәрбиелейміз деп, өз қолы өз аузына жетпеген сарыүрпек балапандарды өсіріп жатқан жоқпыз ба осы? Өркениетті елдің қатарына алдамшы бояуға еліктеумен емес, баба сөзінің нұрымен, ана сөзінің мейірімімен қанаттанып ұшып, қиядан-қияға самғап, заңғар биікке шыға аламыз. «НТК» телеарнасынан беріліп жүрген «Дом-2» реалити шоу өзіндік келбетін көрсетем деп, келеңсіз жайттармен көгілдір экранға телміріп қарап отырған жастардың санасын улайда. Аз ғана уақыт ішінде тұтанған ұшқыннан лапылдаған алауға айналары ақыл сенгісіз жайт. Осылайша табыс табу мақсатындағы шоулар қоғамымызға етене ене берсе, «орамды нәзік сезім », «махаббат шұғласы» сөзінің өзін ұмытып қалмасымызға кім кепіл? Жастардың көпшілігі «махаббатқа» сенбейді. Соның әсерінен болу керек, қыз балас болашақ ана, қарындас ретінде қараудан қалды. Жатақханадан күнделікті көретін жайт, вахтершылардың көзінше бір-біріне ынтыққан ұл-қызды көреміз. Сонда ұятты ұмытқанымыз қалай? Бүгінде басым көпшілік тыңдарман шетел музыкасына тәуелді екені жасырын емес. Батыстың ойы: «Арсыз болмай – абыройлы болмайсың». Осы ұранды жадына тұтқан Пюссикат Доллс, Бритни Спирс, Мадонна, Бейонс секілді әртістерге жастарымыз қызығып, жалаңаштанып жүруді сәнге айналдырып алған. Жұлдыздар жарқылының негізгі мақсаты не деп бас қатырып жүргенде, орнын басар ізбасарлары сахна төріне шығып жатады. Өзіміздің де ән айтса көмейінен бал таматын М.Беспаев, Р.Рымбаева, Қ.Әбділдина, Қ.Тунтеков т.б. әншілерімізді бағалай алмай жатқанымыз ба? Дарынның қарымын байқау керек емес пе еді? Жас жеткіншектеріміз «Oops», «Cool girl», «Лиза» журналдарын бас көтермей оқып жатқанына қынжыласың. Әлде біз жастарымыздың бойына әдептілік иірімдерін бойлата алмай жатыр ма екенбіз? Мен көркем әдебиетпен сусындап, ескілік сарқыншақтарымен де байығым келеді. Шолпысы да, сыпайы күлкісі де сыңғырлаған Қыз Жібек, Тоғжан, Шұғаларды оқығанда тәтті үміттің лебі кеудемді қыттықтап кетеді.

«Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,

Өлген артық, дүниеге былғағаннан» деген Шәкәрім атамыздың ұлағаты әрқашан көкірегімде сайрап тұрады. Қазақтың ұлттық киімін кимесек те, кіндігімізді жауып, етегімізді түсіріңкіреп жүрсек, соның өзі ұтымдырақ болар еді. «Әдемі киім кию де имандылық», - деген Мұхаммед (с.ғ.с) хадисін жаттап, көкейімізге түйсек, ұлы жаңалықтар әкелген буынның маңдайы жарқыраған, тамыры тереңге кеткен көш басында келе жатқан өкілге кіреміз. Нағыз нар туғандар елін, жерін өркениет өріне өрістетеді. Рух керуенін бастайды. Өмір толқыны талай рет жағаға жаңқадай лақтырса да, өрге ұмтылып, айдынға қарай жүзе білген елімізге жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін! Сол жолда аянбай бар күш-жігерімді, маңдай терімді төгемін!

** Салтанат Сүгір**

**«Қазақ әдебиетіне» жарияланған**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biz-kimderge-elikteudemiz-252255](https://yvision.kz/kk/post/biz-kimderge-elikteudemiz-252255)