---
title: "Біз екеуміз..."
description: "Екеумізге нұр сәулесін төккен көп Өтіп кеткен көктемдерге өкпем жоқ. Түсініспей кеткеніміз қинайды..."
author: "Chandni"
published: "2009-08-15T07:10:29+00:00"
modified: "2013-01-28T01:21:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-ekeumiz-15869"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-ekeumiz-15869/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біз екеуміз...

> Екеумізге нұр сәулесін төккен көп Өтіп кеткен көктемдерге өкпем жоқ. Түсініспей кеткеніміз қинайды...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/chandni/p9DxGpM3EfIejWvXr2wlSbc8dIj9E6.jpg) Екеумізге нұр сәулесін төккен көп Өтіп кеткен көктемдерге өкпем жоқ. Түсініспей кеткеніміз қинайды, Мінезіміз бір-біріне өктем кеп.

Бұл күндерде жалын отын азайтқан, Өтіп кеткен көктемдерге наз айтам. Білесің бе, кездеспейміз біз енді, Шақта мына дала гүлдеп, қаз қайтқан.

Сәтсіздіктің аңдып тұрып аңғардан, Жығып кетер айласын кім аңғарған. „Сенсіз маған өмір жоқ қой!„ - деуші едің, Менсіз қалай жүргеніңе таң қалам.

Сенімнің де өн бойынан әл кетіп, Кете бардың, бәрін-бәрін тәрк етіп. Енді қайтіп тереземді қақпайсың, Мен де сені қарсы алмаймын жарқ етіп.

Бүгін маған таң да жарқын атады, Ақ көңілім - ақ тілектер жатағы. Жалғыз ғана қыл үстінде тұрғанда Қолың созбай кеткендігің батады...

 

Ұлдай Сариеваның осы өлеңі өзіме соншалықты жақын, соншалықты алыс. Ақ Жайықтың ақын қызы Ұлдай апамның өлеңдеріндегі мұң ғана жаныма жақын. Үнемі жаным жалғыздыққа жақын болады. Неге дүниеге осынша сезімтал болып келдім екен? Біреу дауысын көтеріп сөйледі ме, болды, көзіме жас оралады. Бірақ ұялам жылауға, сондықтан да ішімнен жылаймын. Ішім өртеніп жатады. Бірақ үндемей, мәз болып отыра берем. Сол кезде ауыр тіршіліктен шаршаған, өмір бойы әділетсіздікпен күресу үстінде жазылған жыр жолдарын оқимын. Шынында да, ақын жандар бақыт пен қуаныштың сыртқы жағын емес, қарапайым адамдар көре бермейтін, түсіне бермейтін ішкі жағын толық аша біледі.

Мәңгі бақи қосылмаймыз екеуміз, Өзгелерге тосын жаймыз екеуміз, Сағынамыз бірімізді-біріміз, Бірақ, бірақ қосылмаймыз екеуміз. Қозы-Көрпеш-Баяндаймыз бұлаған, Бір өмірміз бірін-бірі құраған, Өкінумен, жалынумен күн кешкен, Біз екеуміз ғашықтармыз жылаған.

„Қойшы, қайдағы бір жалғыздықты айтасың да отырасың, сен жалғыз емессің ғой„ деп айтады дос құрбыларым. Мен білем. Олар маған түсінген көздерімен қарап отырса да, менің жанымды түсіне алмас. Себебі жан дүниемде не болып жатқанын менің көздерімнің түсіндіруге шамасы жетер емес. Сіз де оқып отырсыз, бірақ мені түсіне алмайсыз. „Мына қызды біреу ренжіткен шығар„ деп ойлайсыз. Жоқ, олай емес. Мен бақыттымын! Себебі Ұлдайдың поэзиясында мен түсінетін, мені түсінетін жыр жолдары бар.

Ал сіз жаныңыз жабырқаған кезде қай ақынның өлеңдерін оқығанды ұнатасыз?

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biz-ekeumiz-15869](https://yvision.kz/kk/post/biz-ekeumiz-15869)