---
title: "«Біз білмейтін» тұңғыш президент"
description: "Кеше ғана «бүкіл ел болып» Тұңғыш Президент күнін атап өттік. Теледидардан да «президент» сөзі әдет..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2016-12-01T23:51:11+00:00"
modified: "2016-12-01T23:51:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-bilmeytin-t-ysh-prezident-732568"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-bilmeytin-t-ysh-prezident-732568/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Біз білмейтін» тұңғыш президент

> Кеше ғана «бүкіл ел болып» Тұңғыш Президент күнін атап өттік. Теледидардан да «президент» сөзі әдет...

![](http://im4.asset.yvimg.kz/images/post/special/illustration/cc/cc99215555d5aa71c3ea9c3a609fb876_500_242.jpg?1480620719)

Кеше ғана «бүкіл ел болып» Тұңғыш Президент күнін атап өттік.

Теледидардан да «президент» сөзі әдеттегіден жиі естіліп тұрды.

Мемлекетіміз үшін президенттік билік институтының басқа елдермен салыстырғанда едәуір жас екендігі белгілі, соған қарамастан Қазақстанда «президенттер» көп-ақ.

*Есіңізге түсіріп көріңізші, достарыңыз бен әріптестеріңіздің арасында нағыз президенттер бар шығар; мүмкін өзіңіз де президент қызметін атқарып жүргендердің біреуі боларсыз ?!*

Бізде президенттер жетекшілік ететін университеттер, компаниялар, акционерлік қоғамдар мен басқа да түрлі ұйымдар бар емес пе...

Осы ретте Беларусь басшысы А.Лукашенконың кезінде елде «президент» сөзін тек мемлекет басшысы лауазымына қатысты пайдалану туралы бастамасы еске түсті.

*Бұған қоса, әлемдегі ең алғашқы президент кім болған деген сұрақ қызықтырып, ізденіске итермеледі.*

Осы сұраққа жауап іздемес бұрын терминнің нақты қандай мағынада қолданылатынын анықтап алған дұрыс екен. Құлағымыз үйренген президент деген атақ **(лат. praesidens)** бұрын тек елбасы ғана емес, сонымен қатар түрлі жиындарда, парламентте, сот отырыстарында **төрағалық** еткен лауазымды тұлғаға, жергілікті өзін-өзі басқару органының, бірқатар қоғамдық, ғылыми, соның ішінде халықаралық ұйымдардың жетекшісіне қатысты қолданылған екен. Бұл дәстүр қазір де сақталған.

Солтүстік Америкада «президент» деп ең алғаш рет кейбір британ отарларының аға лауазымды қызметкерлерін («бас магистраттарын») атаған.

Кейін, Тәуелсіздік үшін соғыс басталған соң (1776) бұл атақты кейбір штаттардың (мыс., Делавэр, Пенсильвания) үкімет басшыларына қатысты қолданған.

Ал Құрама Штаттар президенті деп жас мемлекеттің көшбасшысын емес, Континенталдық Конгресс отырыстарында төрағалық еткен лауазым иесін атаған.

**Тағдырдың жазғаны, тарихтың қалауы шығар**: президент деген атаққа ие әлемдегі тұңғыш мемлекет басшысын американдықтар сайлаған екен. Осылайша, Дж.Вашингтон АҚШ-тың тұңғыш президенті (1789) ғана емес, сонымен қатар тарихтағы ең алғашқы президент болып саналады.

*Бонус*

Гиннесстің рекордтар кітабына енген кейбір президенттер:

**Ең қарт** **президент** – Хоакин Балагер (1907-2002), Доминикан Республикасы. Елді 23 жылдан артық уақыт басқарған, биліктен кеткенде 89 жаста болатын.

**Алғашқы әйел****-президент** – Мария Эстела Мартинес де Перон (Исабель), Аргентина (1974-1976).

**Мемлекетті басқарған алғашқы әйел –** Сун Цинлин (Сунь Ятсеннің жесірі) деген пікір де бар. Цинлин ханым 1976-1978 жылдары Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрайымы қызметін атқарған, 1981 жылы оған Қытай Халық Республикасының Құрметті президенті атағы берілді.

**Биліктегі ең сұмдық жемқор** **–** Индонезияның бұрынғы президенті Сухарто (1967-1998). Ол елді басқарып тұрған кезеңде 15-35 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша жымқырған деседі.

**Әлемдік спорт ұйымын ең ұзақ уақыт бойы басқарған президент –** Хосе Сулейман (1931-2014), 1975 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін қырық жылдан астам уақыт Дүниежүзілік бокс кеңесінің жетекшісі болған.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biz-bilmeytin-t-ysh-prezident-732568](https://yvision.kz/kk/post/biz-bilmeytin-t-ysh-prezident-732568)