---
title: "Біз асыр салған ойындар қайда қалды?!"
description: "Бірде ғаламтордағы соңғы жаңалықтарды қызықтап, электронды поштама келіп түскен хаттарды оқып отырға..."
author: "Roxanne_Ritchi"
published: "2012-04-02T11:17:35+00:00"
modified: "2016-03-29T05:25:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-asyr-sal-an-oyyndar-ayda-aldy-244474"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/biz-asyr-sal-an-oyyndar-ayda-aldy-244474/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біз асыр салған ойындар қайда қалды?!

> Бірде ғаламтордағы соңғы жаңалықтарды қызықтап, электронды поштама келіп түскен хаттарды оқып отырға...

Бірде ғаламтордағы соңғы жаңалықтарды қызықтап, электронды поштама келіп түскен хаттарды оқып отырғам. Үнемі қосулы тұратын Mail.Agent-ім шыр ете түсті. Хабарлама келіпті. Бір сырлас досымнан.

«... [xxxx@mail.ru](mailto:xxxx@mail.ru):

Қайда жүрсің? Көрінбей кеттің ғой.

**Рокси**:

Ауылға барып қайттым.

[xxxx@mail.ru](mailto:xxxx@mail.ru):

Шіркін-ай, қалай екен ауыл?

**Рокси**:

Тып-тыныш. Мүлгіген тыныштық.

[xxxx@mail.ru](mailto:xxxx@mail.ru):

Бұрын біз шулап жүруші ек. Бәрі қайда кеткен? J

**Рокси**:

Білмеймін. Шулап демекші, спорт алаңына бардым. Түгі қалмапты. Біздің кезімізде футбол алаңы қалай жайнап тұрушы еді?!

[xxxx@mail.ru](mailto:xxxx@mail.ru):

Иә, жайнап тұрды. Түгі қалмайтындай жөні бар. Бұрынғыдай қазір ешкім ойнамайды ғой. ЕШКІМ...»

...Ойланып қалдым.

Неге? Расымен де, ауылда жүріп, асық ойнаған, доп куалаған балаларды неге сирек кездестіреміз? Тіпті, көрмейміз де. Жооооқ, олар ойнамайды емес, ойнайды. Бірақ «біздің» ойындарды емес. Сонда біз асыр салған ойындар қайда қалды?!

Шапшаңдыққа, ептілікке, ұқыптылыққа, қырағылыққа үйрететін «Ханталапай», «Жеті тас», «Аққу ұшты», асық ойындары қазір ұмытылып бара жатқан сыңайлы. Бұрынғыдай таласа асық жинап, қуыршаққа киім тігіп ойнаған ұл-қыздар жоқтың қасы. Керісінше, бүгінгінің бүлдіршіндері ұялы телефонға, компьютерлік ойындарға құмар ғой қазір. Кіп-кішкентай болса да білмейтін нәрселері жоқ. Іні-сіңлілеріңе: «Кел, «Ханталапай» ойнайық,-дей қалсаң, «қойыңызшы, оның несі қызық,-деп, өзіңмен үлкендерше сөйлесіп, бұлтиып шыға келеді. Бұрын біз «мен Қобыланды батырмын, мен Қыз Жібекпін, мен бандыны қуған Хамитпын, мен Роза Рымбаевамын» деп, батырларға, ертегі, көркем әдебиет кейіпкерлеріне, әнші аға-апаларымызға еліктеуші едік. Ал, қазір жеткіншектер «Мен Жумонгпын. Мен сымбатты Гу Чжун Пьемін. Мен Мәртпін, сен Денизсін» деп ойнайды. Шетелдік кино әртістеріне еліктейді. Иә, өмір қызық қой. Болашақ ұрпаққа қарап таң қалмау мүмкін емес. Ауыз әдебиетіміз: ертегілер, батырлар жыры, аңыз-әңгімілермен қоса, ұлттық ойындардың да ұмытылып бара жатқаны өзекті өртейді. Адам танымастай өзгерген заман ба, әлде біз өзіміз бе?

...Байқасаныз, қазіргі жастар аурушаң, сезімтал, тез ашуланшақ келеді. Ол неден? Бәрінің айтатындары осы: «компьютерлік ойындардың кесірінен» деп. Бұл – ақиқат. Дене еңбегі мен ой еңбегі қатар алмастырылмағандықтан баланың физикалық белсенділігі төмендейді емес пе? «Компьютерлік ойындардың жүйке жүйесіне әсер ететінін біз жақсы білеміз. Бірақ сонда да ойнағымыз келеді де тұрады. Түрлі фантастикалық оқиғаларымен бізді қызықтырады» дейді жеткіншектер. Осылай күні-түні компьютер алдынан шықпаған жанның физикалық белсенділігі төмен болатыны белгілі ғой.

Қайран, балалық-ай! Бір-бірімізден қалыспай қуыршаққа киім тігіп, ағаштан машина, трактор сынды сан түрлі ойыншықтарды жасауды үйренуге құмар болушы ек қой біз. «Қашпа доп», «Жеті қаңылтыр», «Соқыр теке», «Қызыл ту», әйтеуір, не керек, ойынның бар түрін ойнаған шығармыз. Әрине, сабақты да ұмытпадық. Қызығы мен шыжығы мол біз асыр салған ойындарға не жетсін, шіркін! **«Қоғамнан бүгін алыстап, Жоғалып қайда кеттіңдер?!»**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/biz-asyr-sal-an-oyyndar-ayda-aldy-244474](https://yvision.kz/kk/post/biz-asyr-sal-an-oyyndar-ayda-aldy-244474)