---
title: "Біржан мен Сара айтысы-тарихта мәңгі қалған айтыс"
description: "Қазіргі таңда айтыстың өз дәмін жоғалтқанын байқаймыз. Жаттап алынған сөздер, алдын ала дайындалған ..."
author: "mudin"
published: "2016-03-31T21:11:43+00:00"
modified: "2016-04-01T08:21:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/birzhan-men-sara-aytysy-tarihta-m-gi-al-an-aytys-686666"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/birzhan-men-sara-aytysy-tarihta-m-gi-al-an-aytys-686666/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Біржан мен Сара айтысы-тарихта мәңгі қалған айтыс

> Қазіргі таңда айтыстың өз дәмін жоғалтқанын байқаймыз. Жаттап алынған сөздер, алдын ала дайындалған ...

Қазіргі таңда айтыстың өз дәмін жоғалтқанын байқаймыз. Жаттап алынған сөздер, алдын ала дайындалған көрініс. Ертеректе қалай болды? Айтыстың оттай жанған кезі қандай еді? Сол отты жандырған Біржан мен Сара айтыстарының астын сызып өтпесек болмайды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mudin/8kh4WS0AMcs3BagEyeO0m453dx95a3.jpg)

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің тарихында қалған ерекше айтыстардың бірі. Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өткен айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде болды. Бұл айтысты ең алғаш 1898 жылы қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады.

Айтыстан үзінді:

Біржан:

Қызы екен Тастанбектің ақын Сара

Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.

Қыз да болса адамның жүйрігі екен,

Көрмедік сөзді адамды жеке-дара.

Қызы екен ақын Сара Тастанбектің,

Жақыны найман Толқын, Есімбектің

Сауық қып Садыр, Матай жиылысып,

Аулына алдыртыпты Тұрысбектің.

Аулына Тұрысбектің Сара кепті,

Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.

Сол кезде он жетіде ақын Сара,

Жел сөзге адам болмас онан епті.

Сараның атын білер Арғын, Найман

Жүйрік шыққан аталық, қаптағайдан.

Баласы Қожағұлдың сері Біржан,

Сараны іздеп шықты әлде қайдан.

Елі керей, Біржанның ұраны — Алтай-Қарпық.

Қызыққа тірі күнде жүрген батып.

Атасы — Алтай-Қарпық, елі арғын,

Сауықпен жүрген сері дуылдатып.

Сараны есітіпті Біржан анық,

Бұған да жүрген жігіт өнер дарып.

Құдай берген дәулетті аясын ба,

Шығыпты он бір жігіт жолдас алып.

Серілік құдай салған мұндай өнер,

Бәндеге әр не болса тәңірі берер,

Мың жарым жылқысы бар атасының,

Жаста екен отыз сегіз бұл бір кезде.

Келеді он бір кісі жолдас алып,

Дулатып түрлі-түрлі әнге салып.

Ат жіберіп Сараны алдыртпақшы,

Ауылына Тұрысбектің жатса барып.

«Сарада болар дейді сөзге тығын.

Айтысып Сараменен қылсақ шығын.

Найманның асыранды бұлбұл құсы

Сараның айттырармын барлық сырын.

Баралық Тұрысбектің ордасына,

Он бір кісі жолдасым ертең түсте,

Біржанның қарық боларсың олжасына.

Арғыннан артық болды салған әнім,

Найманға арғын түгіл болды мәлім.

Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,

Найманның бір жияйын тірі жанын.

Сара да жетік дейді сөйлер сөзге,

Найманда аты шыққан осы күнде.

Ауызын қарсы келсе ашырмаспын,

Адамға мақтанар ол менен өзге.

Бөденедей қырғи алған жұмарлармын,

Құдайым қуат берсе енді бізге».

Әлқисса, Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен айтысқанын өз ауызынан естігендер осылай деп бастан-аяқ баян қылған, айтыс келер жылы болса керек.

Сараның сөзі:

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Ішінен ер қаптағай шықтым дара,

Он үште домбыра алып, сөз сөйлеп ем,

Келемін бір сүрінбей жалғыз қара.

Қолдай көр ер қаптағай ата-бабам,

Сөзімді тыңда құрбым, келсе шамаң.

Ақ сүйек пайғамбардың тұқымы деп,

Сөзімді естіргелі келдім саған.

Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмайды екен бір-басының.

Тері-терсек бергенсін ит те алады,

Бұлындай берекесіз арбашының.

Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай,

Алты ауыл аруақты үш ағам бай

Бұлаңдап асау кердей жүрсем-дағы,

Тоқтыдай борышқа кеттім, о, дариға-ай.

Бір құдай бермесе несіп етпес зарлағанға.

Тұңғиық сөзім терең барлағанға.

Тақсыр-ау, он сегізге биыл жеттім,

Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.

Хан, қара, шаршы топқа сан сөйледім,

Көз көрмей бәрі бекер нанбағанға.

Арсалаң, сол Ниязбек іздеп келіп,

Шошыған жүгірістен танбағанға.

Сөйледім қаз мойынды жарма жалмен,

Әкеме ұлдай боп ем біткен малмен.

Ауылында Тұрысбектің сөз сөйлестім,

Баласы Қожағұлдың Біржан салмен.

Үйінде отыр едім Тұрысбектің,

Бұл үйге құдай айдап дұрыс кеппін.

Қасында жеті-сегіз жат кісі бар,

Сөйлес деп дауысы шықты Жүнісбектің.

Бұл үйде кім бар деді келе сала-ақ.

Отыр ем домбырамды қолыма ала-ақ.

Есімбек, Маман құты, ер Шерубай.

Қасына еріп келген өңшең манап.

Кісі екен отыз екі жолаушымен,

Ақ үйдің жабығынан көрсем санап.

Сүйініп іздеген қыз осында деп,

Біреуін тонап жатыр жаудай талап.

Сырлағаң домбырасын қолына алып,

Ән шырқап қоя берді жүндей сабап.

Біреуі атын ұстап тұрды шаужайынан,

Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан.

Толықсып төңкеріліп ән шырқап тұр,

Сөйтсе де шошымадым айғайынан.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/birzhan-men-sara-aytysy-tarihta-m-gi-al-an-aytys-686666](https://yvision.kz/kk/post/birzhan-men-sara-aytysy-tarihta-m-gi-al-an-aytys-686666)