---
title: "Бір бірімізді қалай атаймыз?"
description: "Жуырда бір туысымыз кішкентайлы болғаны туралы және оның атын «Сұлтанбейбарыс» деп қойғанын..."
author: "Eltin1951"
published: "2017-04-24T21:46:43+00:00"
modified: "2017-04-24T21:46:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bir-birimizdi-alay-ataymyz-756284"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bir-birimizdi-alay-ataymyz-756284/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бір бірімізді қалай атаймыз?

> Жуырда бір туысымыз кішкентайлы болғаны туралы және оның атын «Сұлтанбейбарыс» деп қойғанын...

Жуырда бір туысымыз кішкентайлы болғаны туралы және оның атын «Сұлтанбейбарыс» деп қойғанын айтты. Жас нәрестенің бауы берік болсын.Біз де қуанышыңызға ортақпыз. Балаға есім беруде Бейбарыс дегені жарайды, ал «Сұлтан» дегені не? Ол сөзді шұбыртып қосудың керегі қаншалықты? Сұлтан деп мұсылман елдерінде билеушіні атаған. Тырыссам да, туысыма «Сұлтан» сөзінің артық екенін түсіндіре алмадым. Сол сияқты арамызда қажеті болсада, болмаса да «–хан», «–бек», «–бай», «–қожа», «–төре», «–ғазы», «–би» сөздері қосылған есімдер жеткілікті. Бұл сөздердің әрқайсысының мағынасы бар. Хан, бек – шығыс елдерінің билеушісі, монарх, бай – ауқатты адам, Түркияда мырза мағынасын білдіреді. Төре – ата жағынан Шыңғыс ханның ұрпағы, қожа – араб миссионерлерінің ұрпағы, қазы (ғазы) – сот, би– билеуші. Осындай есімдерді қоя отырып, біз өз ұрпақтарымызға жоғары шенді адам болуын тілейміз. Бірақ та өмірде балаларымыз хан да, бек те, сұлтан да болмайтынын анық білеміз. Бір отбасында 60-шы жылдары ата-анасы өз балаларына Гагарин, Титов, Николаев, Терешкова деген есімдер беріпті. Солардың ешқайсысы ғарышкер болмады, тек есейген шақта өз аттары үшін келемежге айналды. Монголиядан көшіп келген бір ағайынның балаларының аттары «Павел», «Иван» еді. Мектепте 11 сыныпта оқыған Иванды балалар «Ебан», «Ебан» деп мазақтайтын болған соң, ата-аналары атын өзгертуге мәжбүр болды. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толса да, отаршылдық заманның русоцентристік сарқыншағы әліде санамыздан кетпепті. Әп- әдемі қазақтың аттарын бұрмалап, орысшалап «Тамерлан», «Рустам», «Айнура», «Гульнара», «Анария», «Джучи» деп атаймыз. Осыны қалай түсінуге болады? Дұрысы –Темірлан, Рүстем, Айнұр, Гүлнәр, Анар, Жошы. Айшá (Айше) сөзінің мағынасы әркімге түсінікті, бұл Мұхаммед пайғамбардың және Түркі қағанатының билеушісі Қараханның сүйікті әйелдерінің есімі. Неліктен қазақ қыздары оны Аúша деп бұрмалайтыны түсініксіз. Қазақ тілінде де, түркі халықтарында да ондай мағыналы сөз жоқ. Көп адамдар сәбилеріне тарихымызда елеулі із қалтырған адамдардың аттарын береді немесе есімдерді заманымыздың болып жатқан уақиғаларына байланыстырады. Бір әулетте мынандай есімдер бар: Нұрсолтан, Нұрқанат, Нұрқуат, Нұржамал, Нұрислам,... Бірінші ат түсінікті, Елбасының аты. Ал қалғандарынан «нұрды» алып тастағанда қойылған есімдердің мағынасы өзгермес те еді. Спартакиада, Универсиада, Олимпиада, Мэлс (Маркс-Энгельс-Ленин- Сталин) тағы сол сияқты қазақ фонемасына келіспейтін аттар жеткілікті. Қазақ лексикасында айтуға жеңіл түркі аттары баршылық. Ол аз болса бізбен тарихи тығыз байланыста болған араб, фарси аттарын алуға болады. Жаһандану заманында баланың атын қалай қойсақ та, ол мағыналы, қысқа, қай тілде болмасын айтуға да, жазуға да жеңіл болу керек.

Мұғалім болып жұмыс істейтін бір ағайын менен көмек сұрады. Шақырылған қонақтарды тең-теңімен қылып, жас жағын ескеріп, столдарға бөліп жазып бер деп өтініш білдірді. Жазғанымды оқып, мұғалімдердің тізіміне келгенде, менің жазғаныммен келіспейтінін айтты. Мұғалімдердің әкесінің атын қосып көрсету керек деді. Олай істемесек, «мен оларды сыйламайды екен деп түсініп қалуы мүмкін» деп сөзін аяқтады. Сосын өзінше істеді: «1. Салқынбай Артықбаевич, 2. Көгершін Қошқарбаевна, ...»,– деп тізімді толықтырды. Атымен бірге әкесінің атын қосып айту, орыстардан басқа ешбір халықта, оның ішінде славян халықтарында да жоқ. Атымен бірге әкесін атау дәстүрі Ресейге православие діні кіруімен байланысты. Ресей христиан дінін қабылдағаннан кейін, туған нәрестеге тек дінмен келген аттар қойылатын болды. Князьдардың есімдері қайталана беретін. Оларды бір-бірінен айыру үшін әкесінің атын қосып айту дәстүрі пайда болды. Алғашында былай жазылатын «Владимир сын Мстислава» , «Иван сын Василия». Христиан аттары шектеулі, фамилия (тегі) ол заманда болмайтын, сондықтан жай адамдарды атымен қоса лақап атын атайтын. Жақсы тектен шыққан адамдарға әкелерінің атын қосатын болды. Жуықтап ХVII ғасырда - «ович», «евич», «овна», «евна» жалғаулары қосылатын болды. Бұндай адамдар текті тұқымнан болғандықтан «величание по отчеству» деген ұғым пайда болды. 1917 жылғы төңкерістен кейін әр жұмысшы, әр шаруа елдің қожасы деген желеумен әр Совет Одағының азаматын атмен бірге әкесінің атын қосып айту жаппай енгізілді. Коммунизм идеологиясы сахнадан кетсе де Ресейде аты мен әкесінің атын қосып айту дәстүрі әлі де сақталуда, әсіресе мектепте. Әкесінің атын атау ұстаздар мен оқушылардың арасындағы тұрған меже сияқты. Қазақта әкесінің атын бірге қосу ешқашан болмаған. Мысалы Әбу-Насыр Әл-Фараби, Қадырғали Жалайыр, Қанжығалы Қабанбай, Бәсентиін Малайсары, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ . Сондықтан орыс халқының тарихында қысқа мерзім (1917-1991) орын алған дәстүрге ере беру қажет емес. Түбінде әкесін қосып айту дәстүрі орыстардың өзінде де қалады. Шет ел қазірдің өзінде Ресей қайраткерлерін Владимир Путин , Дмитрий Медведев, Геннадий Зюганов, Рамзан Кадыров , Рустам Минниханов деп атайды. Қажет болса «мистер» сөзін қолданады. Егер АҚШ –тың президентін Барак Хуссейнович, Алманияның канцлерін Меркель Ангела Хорстовна (әкесі-Хорст Каснер), Жапонияның премьер- министрін Абэ Синдзо Синтарович (әкесі –Синтаро Абэ), Францияның президентін Олланд Франсуа Жорж-Гюставович деп атасақ күлкілі жағдай болар еді. Егер оларға қаратып сөз айту керек болса, Обама мырза, Меркель ханым, Абэ мырза ,Олланд мырза деп айтады. Немесе мистер Обама, фрау Меркель, месье Олланд, Абэ сан дейді. Жоғарыда аталған ел басшыларының әкелерінің аттарын халықтарының көпшілігі білмейді де. Орыстарда әкесін атау дәстүрі сақталуының тағы бір себебі – халық санасына терең сіңіп кеткен қате стеоретиптер. «Господин», «госпожа» деп социализм заманында «қанаушы» таптың өкілдерін келемеждеп атады. «Товарищ» сөзі бүгінде коммунистік идеологияның сарқыншағы болып саналады. Біреуге «товарищ» деп айтсаң, ол шамданып: «Тебе товарищ тамбовский волк», – деп жауап қайтарады. Сондықтан олар бір-біріне назар аударту үшін «мужчина», «женщина» деп айтады. Қазақтарға жеңіл, жас шамасына қарай: «атай», «шешей», «ағай», «апай», «бауырым», «інішек», «қарындас» дей беруге болады.«Нұреке», «Нұраға», «Әужеке», «Мәке», «Сәке» деген атаулар да қазаққа жарасып тұр. Одан басқа да туыстық атаулар (нағашы, жиен, жеңеше, жезде, ...) қазақта жеткілікті. Ертеректе Шымкент базарында көп қазақтың арасында көзіме бір ерлі-зайыпты еуропа тектес сатушылар түсті. «Почем эти брюки?»,– деп сұрадым. «Көке, алыңыз, 7 мың теңге тұрады», –деді ері. Әйелі менің әйеліме қарап: «Әпше, алыңыздар, ағайға беймарал келеді», – деп ерінің жауабын жалғастырды. Сатушылардың қазақ тілінде сауатты сөйлегендеріне таң қалып, шалбарды сатып алдым. Өзім, «беймарал» сөзін білмегеніме ұялып қалдым. Қазақстанның көп аймақтарында оқушылар мұғалімдерін ағай, «Қайрат ағай», апай «Мөлдір апай» деп атайды. Өкінішке орай Павлодар облысында мұғалімді орыс дәстүрінде атау әлі сақталуда «Қайрат Жақсыбергеныш», «Мөлдір Қаңтарбайыбна», «Бибігүл Әлпекыбна». Орыстың төменгі сыныбында оқитын бір оқушы күнделігіне мұғалімдердің тізімін толтырып қойыпты: «Казацкий язык– Бабушка Сина». Бұл мұғалімнің шын аты «Бөпіш Қасымовна». Қай атау құлаққа жағымды екенін оқырман өзі шешер.

Әр халықта, қоғамда бір-бірін атау ұлттық дәстүрге сай болу керек. Ендеше неге біздің бір-бірімізді атауымыз аталар дәстүрінен алшақтап кеткен?

Амангелді Елтін, зейнеткер. Павлодар қаласы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bir-birimizdi-alay-ataymyz-756284](https://yvision.kz/kk/post/bir-birimizdi-alay-ataymyz-756284)