---
title: "Білімді ел озады"
description: "Әр мемлекеттің өсіп-өркендеуі – сол елде тұратын халықтың білімді, сауатты болуына тікелей байланыс..."
author: "mary4"
published: "2016-10-14T22:08:03+00:00"
modified: "2016-10-14T22:08:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilimdi-el-ozady-718565"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilimdi-el-ozady-718565/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Білімді ел озады

> Әр мемлекеттің өсіп-өркендеуі – сол елде тұратын халықтың білімді, сауатты болуына тікелей байланыс...

![Білімді ел озады](https://storage.yvision.kz/images/user/mary4/ZQ0mLSn36kvuD9Mly1aJKy40624EMT.jpg)

**Әр мемлекеттің өсіп-өркендеуі – сол елде тұратын халықтың білімді, сауатты болуына тікелей байланысты екені анық. Бұл ретте, әлемдегі 50 дамыған елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Тәуелсіз мемлекетімізде тұрғындардың сапалы білім алуына айрықша назар аударылып жатқанын атап өткен жөн. Осы мақсатта былтыр білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.**

 

Қазіргі таңда үш жылға белгіленген мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, биылғы оқу жылынан бастап мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жаңа мазмұнда, яғни, 5 күндік оқу жүйесі бойынша білім алуда. Отандық білім беру саласындағы осынау өзгеріске байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да оң пікірін білдірді.

- *Дамыған елдердің көбінде 5 күндік, тіпті 4 күндік оқу жүйесі енгізілген.* *Сабақ қысқарған кезде білім беру нәтижесі жақсаратынын ғалымдар дәлелдеді. Өйткені балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі.* *Сондықтан бізге де осы жүйеге көшу керек, - деді Елбасы. Бүгінде к*өпшілік бұл жаңашылдықтың тиімді екеніне көз жеткізді.

Аталған бағдарлама аясында қазақстандық мектептерде үш тілде білім беру жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Сол арқылы жас ұрпақтың бірнеше тілді еркін меңгеріп, білімі бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге басымдық берілуде. Қазіргі таңда жаңа жүйе еліміздің бірқатар білім беру мекемесінде табысты іске асуда. Олардың қатарында Павлодар облысы да бар екенін айта кеткен жөн.

- Өркениетті елдердің қатарына еркін енуіміз үшін ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелердің бірі – бірнеше тілде білім беру тәжірибесін қалыптастыру. Осы мақсатта аймағымызда үш тілде білім беретін мектептер қызмет етуде. Атап айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектебі мен дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейлерінде оқу-тәрбие процесі көп тілде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, үш тілде оқыту бойынша Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Качир, Шарбақты аудандарының 17 мектебіне эксперимент енгізілген. Аталған білім беру мекемелерінде эксперименттік алаң құру үшін ата-аналар арасында алдын ала сауалнама жүргізіліп, көпшіліктің пікірі ескерілді. Қуантарлығы, шәкірттеріміз жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде ынтамен, қызығушылықпен меңгеруде. Демек, бұл бағыттағы жұмыстардың өз жемісін беретініне сенім мол, - дейді Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова. Сондай-ақ, соңғы уақытта мұғалімдердің біліктілігін арттыруға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, қазіргі уақытта қазақстандық мектептерде 325 мыңнан астам педагог еңбек етсе, биыл оның 100 мыңға жуығы арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттырған екен. Сонымен қатар, 70 мыңға тарта педагог білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша дәріс алған. Бұл – білімді ұрпақ, білікті маман тәрбиелеудегі үлкен еңбектің нәтижесі.

Саладағы тағы бір өзгеріс – осы оқу жылынан бастап оқушылар бірыңғай мектеп формасын киді. Сол арқылы балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің тамырына балта шабылды. Мектепке білім алуға келген оқушылардың киім кию мәдениеті қалыптасты. Бастысы, бұл жаңалықты ата-аналар бірауыздан құптады.

Жалпы, осы оқу жылында отандық білім беру жүйесінде көп игі өзгерістер орын алды. Мұның бәрі – 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бастамасы ғана. Ал алдағы екі жылдың ішінде елімізде тағы да толағай өзгерістер мен жаңашылдықтар жүзеге асып, жарқын болашақ үшін жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесінде, егемен еліміз білімді жастарымен биікті бағындырмақ.

Бұл – мемлекеттің даму жолындағы басты бағыттарының бірі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bilimdi-el-ozady-718565](https://yvision.kz/kk/post/bilimdi-el-ozady-718565)