---
title: "«Білім-Ғылым-Өндіріс» үштағаны"
description: "Біздің министрліктің Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобасы қазақстандық ғалымдар мен бизнесмендерге ..."
author: "MON_RK"
published: "2017-07-28T12:48:00+00:00"
modified: "2017-11-03T03:54:00+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-ylym-ndiris-shta-any-774227"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-ylym-ndiris-shta-any-774227/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Білім-Ғылым-Өндіріс» үштағаны

> Біздің министрліктің Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобасы қазақстандық ғалымдар мен бизнесмендерге ...

Біздің министрліктің Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобасы қазақстандық ғалымдар мен бизнесмендерге инновациялық ғылыми жобаларын коммерцияландыру бойынша қолдау көрсетпек. Елімізде ғылыми қызметтің нәтижесін коммерцияландыру деңгейі әлі де жоғары емес, бүкіл қолданбалы зерттеулерге шаққанда 3,5% ғана. Ал өзің ашқан ғылыми жаңалықты өндірісте пайдалану импорт алмасу процесіне және экономиканы нығайтуға жағымды әсер етеді. Мемлекет те қолданбалы ғылымның дамуына жағдай жасауға және ғалымдардың өндіріспен тығыз байланыста болуын ынталандыруға мүдделі. Бұрынғы жазбаларымыздың бірінде Ғылым қорының ғалымдар мен кәсіпкерлердің ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру мақсатымен гранттық қаржыландыруы туралы жазған болатынбыз [https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1888964381316253](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1888964381316253).

Бүгінгі әңгіменің арқауы болатын Жобаларды басқару тобы да ғылыми технологияларды коммерцияландыруды дамыту ісімен айналысады, ол Дүниежүзілік банкпен бірлескен “Өнімді инновацияларды ынталандыру” (ӨИЫ) шеңберінде жүзеге асады [http://www.fpip.kz/index.php/ru/](http://www.fpip.kz/index.php/ru/). Жобаның мақсаты және ғалымдар үшін берері туралы ӨИЫ директорының орынбасары Мұрат Сартбаев әңгімелеп берді.

С.: ӨИЫ жобасы туралы айтып берсеңіз.

М.: Біздің негізгі мақсатымыз – ғалымдар мен бизнесмендерге ғылыми және ғылыми-техникалық жаңалықтарының нәтижесін коммерцияландыруға көмектесу, сонымен қатар ғылым мен өндірістің өзара байланысын ынталандыру. Жоба 2016 жылы Үкімет Дүниежүзілік банктің құрамына кіретін Халықаралық қайта құру және даму банкімен (ХҚҚДБ) займ жөніндегі келісімге келгеннен кейін басталды [http://www.vsemirnyjbank.org/ru/about](http://www.vsemirnyjbank.org/ru/about).

Бұл бағдарлама бойынша жұмысты Білім министрлігінің ғылым комитеті жанынан арнайы құрылған Жобаны басқару тобы (ЖБТ) жүргізеді.

Бүгінгі күнге дейін аға ғылыми қызметкерлер тобы (АҒҚТ) және кіші ғылыми қызметкерлер тобы (КҒҚТ) жұмыстарының нәтижесін қаржыландыру бойынша конкурсты аяқтадық. Конкурс екі раундтан тұрды: 2016 және 2017 жылдары. 1-раунд нәтижесінде 23 жоба мақұлданып, қаржыландырылды, ал 6 жоба бойынша экология департаментінен қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) бойынша оң шешім шыққаннан кейін Грант туралы келісімге қол қойылады. 2-раунд нәтижесінде 21 жоба мақұлданды. Жеңімпаздардың қысқаша тізімі төмендегідей: “Батат (Ipomoea batatas) өсіру технологиясын енгізу және терең өңдеу”, “Құрылыста пайдаланылатын гидрофобты құм”, “Электронды коммерцияда транзакцияның нақтылығы мен тауардың сапасын қамтамасыз ететін Crypto Credence – Blockchain криптография технологиясы базасындағы электронды сауда платформасы”, “Жеміс дәнектерінен белсендірілген көмір мен сүйек майын алу”, т.б. АҒҚТ үшін гранттың ең жоғары мөлшері 230 миллион теңге болса, КҒҚТ үшін 180 миллион теңге.

С.: Коммерцияландыру деген не?

М.: Коммерцияландыру деген – зерттеу жұмысының соңғы кезеңі, яғни жаңалықтың нәтижесі соңғы өнім түрінде шығып, нарықта белгілі бір тауар, технология немесе басқа түрінде сатылуы. Елімізде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесін коммерцияландыру туралы заң 2015 жылдың қараша айында қабылданды. Ал АҚШ-та біз негізге алған Бэй-Доул заңы сонау 1980 жылы қабылданған екен.

С.: Ғылыми жобаларды коммерцияландыру саласында қандай түйткілдер бар?

М.: Коммерцияландыру табысты болуы үшін бірқатар шарттар орындалуы керек. Біріншіден, барлық жағынан заңнама мықты болуы керек, бұл грант алушыларға да, жобаны дамытушыларға да қатысты. Екіншіден, ғалымдар дұрыс жұмыс істеуі үшін жақсы инфрақұрылым, заманауи құрал-жабдықтар керек. Үшіншіден, кәсіби білікті мамандардан тұратын мықты команда керек. Төртіншіден, нарықтан да сұраныс болуы маңызды, сонда бизнесмендер де қаржы қосуға ынталы болады. Бүгінгі күні бизнес мұндай жобаларға асқан сақтықпен қарайды, өйткені жүзеге асарына күмән бар. Дегенмен, бұл тұрғыда алға жылжу байқалады. Мәселен, аға ғылыми қызметкерлер тобы (АҒҚТ) мен кіші ғылыми қызметкерлер тобына (КҒҚТ) арналған гранттық бағдарламалардың бірінші раунды бизнесмендердің ғалымдарға қолдау білдіруге дайын екенін көрсетті: жобаларды қаржыландырудағы жеке сектордың үлесі 10% болды.

С.: Бұл Дүниежүзілік банк қаржыландыратын технологияны коммерцияландыру бойынша бірінші жоба ма?

М.: Жоқ, Дүниежүзілік банк Білім және ғылым министрлігімен “Технологияны коммерцияландыру” (2008-2015 жылдар) жобасының шеңберінде жұмыс істеген. Нәтижесінде іріктелген 65 жобаның ішінде 40 жұмыстың қаржылық қайтарымы жаман болған жоқ, жалпы пайда 900 миллион теңге болды. Мәселен, “Микротүйнектерден вируссыз картоп алудың технологиясын енгізу” жобасы 2015-2017 жылдары 20,7 миллион теңге пайда әкелді, ал 2017 жылы 30 миллион теңгеге 200 тонна суперэлитаны өсіру көзделіп отыр; “Құрамында РНҚ бар “Регенерезен” экстракты негізінде жоғары технологиялы косметика өнімін шығаратын өнеркәсіптік прототип құру” – 11,7 миллион; “Ұсақ малдың құлағына сырға жасайтын өнеркәсіп прототипі” 726 миллион теңге пайда әкелді. Соңғы жоба бойынша Жануарларды тіркеу жөніндегі халықаралық комитеттің (ICAR, [www.icar.org](http://www.icar.org)) сертификаты алынып, 55 жұмыс орны ашылды. Жағымды нәтижені аңғару қиын емес, банк сарапшыларын технологияны коммерцияландыру бағытындағы грант бағдарламаларын дамыту тиімділігіне сендірген де осы жағдай.

С.: Мұндай бағдарламаларды жасау мен жүзеге асырудың маңыздылығы неде?

М.: Қазір біз шикізат саласын дамытудан біртіндеп алыстап, негізгі өндірістік факторларға, соның ішінде адам капиталына, инфрақұрылымға және институттарға назар аударып отырмыз. Ғылыми қуатты арттыру қажеттілігі ұзақ мерзімді “Қазақстан-2050” стратегиясының жеті басымдығының бірі ([http://www.akorda.kz/ru/official_documents/strategies_and_programs](http://www.akorda.kz/ru/official_documents/strategies_and_programs)). Біздің еліміз ғылыми-зерттеу және тәжірибе жұмыстарына жұмсалатын шығын көлемін ІЖӨ 3%-ына жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі кезде, 2016 жылғы Ғылым туралы ұлттық баяндамаға сүйенсек, ғылыми зерттеуге жұмсалатын шығын ІЖӨ 0,17% ғана (дамыған елдерде 3-тен 4% дейін). Жапония мен Германияда жеке капитал арқылы ғылыми жаңалықтардың 70%-ы қаржыландырылады, Финляндия мен Швецияда бұл көрсеткіш – 65%, АҚШ-та – 64%.

Өндірістегі инновация экономикалық өсімнің негізгі факторы болып есептеледі. Сондықтан да, ғалымдарды қолдау және ғылыми жаңалықтардың нәтижесін коммерцияландыруға өндірісті тарту аса маңызды.

Тақырыпқа қатысты басқа да материалдар:

«Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының конкурстық бағдарламасына қатысу талаптары мен гранттар туралы

https://yvision.kz/post/774238 ;

Ғылым Қорының 2016 жылғы жұмыстарының нәтижелері. [https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1888968414649183](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1888968414649183);

Астанадағы жарықдиодты шамдарды дайындау өндірісі туралы. Ғылым Қоры жобаға 300 миллион теңге қаржы бөлді. [https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1889015164644508](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1889015164644508);

Алматыдағы құндылығы аз ағаш сүрегінен жасалған сапалы және экологиялық таза бұйымдарының өндірісі туралы. Ғылым Қоры жобаға 54 миллион. теңге қаржы бөлді [https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1889937587885599](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1889937587885599).

Экологиялық таза өсімдіктен жасалған иммунитет көтеретін дәрінің жаңа формасы. Ғылым Қоры жобаға 100 миллион теңге қаржы бөлді. [https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1904913379721353](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1904913379721353).

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/SWFMFk1sBI8pUbv8AID9cAQ76ATenY.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bilim-ylym-ndiris-shta-any-774227](https://yvision.kz/kk/post/bilim-ylym-ndiris-shta-any-774227)