---
title: "Білім мен спорт — болашақ кепілі!"
description: "Міне, Атырау қаласында болғанымызға бір аптадай болып қалды. Бұл апта ішінде біз көптеген жерлерге б..."
author: "dask7182"
published: "2014-07-08T14:50:10+00:00"
modified: "2014-07-08T15:08:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-sport-bolasha-kepili-420634"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-sport-bolasha-kepili-420634/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Білім мен спорт — болашақ кепілі!

> Міне, Атырау қаласында болғанымызға бір аптадай болып қалды. Бұл апта ішінде біз көптеген жерлерге б...

Міне, Атырау қаласында болғанымызға бір аптадай болып қалды. Бұл апта ішінде біз көптеген жерлерге барып, көретінімізді көріп, білімімізді толықтырдық. Ал бүгін қаланың ең басты университеттеріне экскурсия жасап келдік.

Бірінші барған жоғары оқу орны – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/4rzzC0KEZjes453vPxfA3836Z6018P.jpg)

Оған барған кезімізде, халықаралық деңгейдегі өзіндік тарихы бар университет екені бірден көрінеді. Университет 1994 жылы құрылып, Х. Досмұхамедовтың атымен аталды. Оған Х. Досмұхамедовтың аты текке берілмеген болатын. Бұл кісі, ең біріншіден – дәрігер, ал одан кейін тарихшы, әдебиетші, тілші әрі әдебиет пен өнер салаларына зор үлесін қосқан адам. Университеттің мұражайы тарихи мұраларға өте бай екен. Жоғарыда айтып кеткен мәліметті біз сол мұражайдан білген болатынбыз.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/dbbl1sOhf3H7LsLBj6jK1ffKv62FXL.jpg)

Содан басқа, ерте дәуірдегі сақ тайпалары, олардың тұрмыс-тіршілігі туралы деректер беретін экспонаттармен таныстық. Қазақ батырлары мен қоғамға өз пайдасын тигізген зиялы қауым өкілдері туралы да аз мәлімет алған жоқпыз.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/SFh8vNbYwSqvcpG6w0I1cg9AJRT3U6.jpg)

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/0i4nqPH2zki7rfiItvPV9gk9Q0pf9E.jpg)

Айтып кететін тағы бір орын - сол университеттегі химия-биология салаларына арналған зертхана. Біздің мектебіміз химия-биология бағытында болғандықтан, онда алған мәліметтің бәріміз үшін маңызы өте зор болды деп ойлаймыз. Бізге бұл пәндер ұнайтындықтан, зертханадағы әр түрлі зерттеу құралдардың қалай жұмыс істейтіні туралы тыңдау бізге өте қызықты болды.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/5mBGjtc39qMqWM9gT26Ng2WNlNn3Tn.jpg)

Екінші жоғары оқу орны – Атырау Мұнай және Газ институты.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/QlX2OWt4Urj0dh2WWN5HSys91drRLO.jpg)

Ол бірнеше ғимараттан тұрады екен. Атап айтсақ: студенттер сарайы, спорт кешені, 4 факультеттің корпустары, кітапхана, жатақхана.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/DK1WMs7BbOZgXL4l3vQ7vTNAPql6X4.jpg)

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/fp5UyXVLzSZDojJLz535n0a5CCt3bi.jpg)

Біз студенттер сарайына барып шыққан болатынбыз. Мұндағы мұражай да үлкен әрі бірнеше тақырыптарға арналған бөлмелері бар. Онда Индер ауданынының тарихи жерлерінен табылған археологиялық ескерткіштерді көріп, еліміздің алдыңғы қатардағы ғалымдардың, тіпті Елбасымыздың еңбектерімен таныстық.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/l6rFwZdLs8OCfpEhFIqBJ7hGTqH4ZU.jpg)

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/TLdxTarCI32A5wpkV359Dn1saI0yl2.jpg)

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/Bp0Q36FbM3eDI69pSPuc6larUCUp28.jpg)

«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» демекші әскери даңқ залында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-бабаларымызды еске алдық.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/RDd3eui3Pv1HuALhLVQsPJ60satA5D.jpg)

Күннің соңында таеквандо спорт саласының озығы, жаттықтырушы Дүйсенов Нұрхат Саясатұлы мен оның оқушыларымен кездесу өткен болатын.

![Білім мен спорт — болашақ кепілі!](https://storage.yvision.kz/images/user/dask7182/jPdR0b68UV3UXeXr0wLS8tV2BWObg5.jpg)

Олардың Қазақстандағы спорт саласында үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде еліміздің атын шығарғаны үшін өзімді мақтаныш сезімі билейді. Ал таеквандисттердің көрсеткен жаттығулары шынымен де спортқа деген жігеріңді оятады.

Бүгінгі күнді қорытындылай келсек, күннің басындағы экскурсиялар өте танымды болды. Әсіресе, болашақта жақсы мамандық пен соған сәйкес университетті таңдау үшін бұл өте қажет. «Оқумен қатар спортпен де шұғылдану керек» деп Нұрхат ағамыз айтып кеткендей, тек санамызды ғана емес, денемізді де шынықтыру керек.

Блогымыздың соңында "оқу мен спортты ұштастыра біліңіздер" дегіміз келеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-sport-bolasha-kepili-420634](https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-sport-bolasha-kepili-420634)