---
title: "Білім мен іскерлік биігіне самғатар мінсіз таңдау"
description: "Біз өмірдің әр сәтінде түрлі таңдаулар жасаймыз және олардың сәтті, мінсіз болуы аса маңызды. Ойланы..."
author: "NURGULKENESBAYEVA"
published: "2019-12-26T06:36:31+00:00"
modified: "2019-12-26T06:36:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-iskerlik-biigine-sam-atar-minsiz-ta-dau-846618"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-iskerlik-biigine-sam-atar-minsiz-ta-dau-846618/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Білім мен іскерлік биігіне самғатар мінсіз таңдау

> Біз өмірдің әр сәтінде түрлі таңдаулар жасаймыз және олардың сәтті, мінсіз болуы аса маңызды. Ойланы...

Біз өмірдің әр сәтінде түрлі таңдаулар жасаймыз және олардың сәтті, мінсіз болуы аса маңызды. Ойланып басылған әр қадам - адамдардың болашағының жарқын болып, биік шыңдарды бағындыруына үлесін қосары сөссіз. Мен әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын аттаған кезімде - өмірімдегі сол сәтті қадамдардың бірін жасағанымды түсіндім. Іргетасы сонау 1934 жылы қаланған бұл білім ордасының ғылым жолын қуған жандарға берері мол.

Оқудың алғашқы күні, өзім таңдап түскен, «Филология және әлем тілдері» факультетінің «Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері» кафедрасының ұжымы аса қонақжайлылықпен қарсы алып, жол сілтеді. Тарихы тереңде жатқан бұл факультеттің негізін М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, М. Балақаев сынды еліміздің асыл тұлғалары қалаған. Факультет аталған ұлы тұлғалардың аманатын сақтап, Қазақстандық еңбек нарығына бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыруға аянбай еңбектенуде. Қаныш Сәтбаев сынды асқақ ғалым-академиктер дәріс жүргізген бұл университетте әр сабақ заман талабына сай, заманауи - озық технологияларды қолдана отыра өткізіледі.

Кірген сәттен бастап аса әсемдігі және зәулімдігімен көзді баурап алатын ҚазҰУ – ның кітапханасы 2013 жылдың наурыз айынан қызметін атқаруда. Орта Азия жоғары оқу орындарының арасындағы ең көп кітап қорына иемденген бұл мекемеде білім алушылардың толыққанды ғылыми ізденіспен айналысуына барлық жағдай жасалған. Қазірде кітапхана қоры 2 миллионнан асады. Кітап – алтын қазына демекші, ҚазҰУ – ның кітапханасы жеке бір қазына аралы іспетті.

Атына заты сай, ҚазҰУ –ның студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет» - те студенттердің сүйікті орындарының бірі. 8 павильоннан және 5 сектор мен бөлімдерден тұратын бұл мекеме адам өміріндегі ең бағалы нәрсе – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұнда оқу-ағартушылық, медициналық, заңгерлік, қаржылық және мәдени-көңіл-көтеру қызметтері көрсетіледі. Басқаша айтқанда, «бір терезе» қағидасын басшылыққа ала отыра студенттер мен оқытушы - профессор құрамына жоғарыда айтылған қызметтерді ұсынады.

Адамзаттың ең басты мақсаттарының бірі даму болса, ҚазҰУ - сол дамуға апарар көпір. Адамның жан – жақты дамып, жаңа белестерді бағындыру кезеңінде бағыт көрсетер компас тәрізді. Білім алушылар университет қабырғасында алған білімдерін, тәжірибелерін, қалыптастырған дағдылары мен меңгерген қабілеттерін шынайы өмірмен ұштастыра отыра, өз кәсібінің нақ шебері және елінің елеулі азаматына айналары сөзсіз.

ҚазҰУ – білім мен іскерлік биігіне самғатар мінсіз таңдау.

«Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері» кафедрасының магистранты - Кеңесбаева Н.М.

Ғылыми жетекшісі - PhD докторы Досанова А.М.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-iskerlik-biigine-sam-atar-minsiz-ta-dau-846618](https://yvision.kz/kk/post/bilim-men-iskerlik-biigine-sam-atar-minsiz-ta-dau-846618)