---
title: "Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?"
description: "«Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?» сұрағына жауап. Ерте ме, кеш пе әрбір адам өзін..."
author: "CRMI"
published: "2016-06-06T23:12:53+00:00"
modified: "2016-06-06T23:12:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-alu-a-arazhat-zhinaudy-ashannan-bastau-kerek-696557"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bilim-alu-a-arazhat-zhinaudy-ashannan-bastau-kerek-696557/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?

> «Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?» сұрағына жауап. Ерте ме, кеш пе әрбір адам өзін...

**«Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?» сұрағына жауап.**

Ерте ме, кеш пе әрбір адам өзінің немесе балаларының болашағына алаңдай бастайды. Қалайда тұрмыс жағдайын көтеріп, өздерін қамсыз қарттық шақпен қамтамасыз етуді және балаларына білім алып берудің амалын ойластырады.

Бұл жолда жоспарлаған соманы тез жинақтау мүмкін бола бермейтіні белгілі. Ақша жинақтауды кез келген жаста бастауға болады және неғұрлым ертерек бастасаң, соғұрлым жақсы. Өйткені, ақша жинақтауда уақыт ең жақсы көмекші.

Қазіргі кезде қаражатты қор ретінде сақтап қана қоймай оны үсті-үстіне көбейтіп, болашаққа сақтандыратын «құтқару салын» дайындап қойған дұрыс.

Ендігі туындайтын сұрақ – қаражатты қайда салу керек?

![Білім алуға қаражат жинауды қашаннан бастау керек?](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/52J0MASy6YU6w7qP34CxgdS9V789Hw.jpg)

Қазақстанның қаржы нарығындағы тұрақсыздықты ескерер болсақ, қазір бар жинақты сақтап, оны көбейтуге нағыз оңтайлы кез келді. Соның ішінде оны дұрыс арнаға салу, яғни өз балаларыңның, өзіңнің болашақта білім алуына бағыттау ең маңызды іс, өйткені интеллектуалды ақпараттық 21 ғасырда өзін - өзі жетілдірмеген, барынша кемелденбеген, жалпы, білімі жоқ адамға қоғамда өз орнын табу өте қиын.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі осы – ақша жинақтау, жинақты көбейту және нәтижесінде білім алу мақсатында жасалған. Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ болып табылады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің негізгі артықшылықтарының бірі – білім беру жинақтау депозитіне серіктес банктен жылдық 14 % мөлшерінде төленетін сыйақыдан бөлек, жыл сайын жылдық 5% бастап мемлекеттен сыйлықақы есептеледі.

Нәтижесінде, білім беру жинақтау депозиттері білім алуға шығыстарды шамамен 30-40%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Бір айта кетер жайт, білім беру жинақтау депозиті банкте азаматтың өз атына ашылады және ҚР заңнамасына сәйкес оны иесінен басқа ешкім пайдалана алмайды.

Әлбетте, жинақтау валютасы да, яғни жинақтың қандай валютада жасалып, сақталатындығы өте өзекті мәселе.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңда білім беру жинақтау депозиттері ұлттық валюта – теңгеде ғана ашылады деп көзделген. Бұған бірқатар себептер бар:
- Қазақстан азаматтары жалақыны теңгеде алады;
- Қазақстанның ЖОО-ларында оқу ақысы ұлттық валютада төленеді. Сондай-ақ, тағы бір ескерер жайт, соңғы 5 жылда оқудың орташа құны бір деңгейде сақталып отыр;
- теңгелік депозиттермен салыстырғанда валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеме бірнеше есеге төмен. Қазір ол барлығы жылдық 2 % құрайды. Ал білім беру жинақтау депозиттері бойынша сыйлықақымен бірге есептегендегі табыстылық кемінде 19%-ды құрайды, яғни айырмашылық жер мен көктей.

Сондай-ақ Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдікті өтеу сомасын 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін көбейткендігін айта кету керек.

Білім беру жинақтау депозитінің ерекшеліктері:
- білім беру жинақтау депозиттері жүйеге қатысушы банктерде ашылады;

-салым бойынша минималды бастапқы жарна 3 АЕК (2016 жылы 6 363 теңге);

-жинақтау мерзімі 20 жылға дейін;

-мемлекеттің атынан Қаржы орталығының 100% кепіл болуымен білім беру кредитін алуға болады.

Ел экономикасы ұлттық валютаның бағамы «еркін жүзуге» жіберілген жағдайда болғанына қарамастан күн сайын жүйеге қатысушы банктерде 10-нан астам білім беру жинақтау депозиттері ашылады. Егер 2013 жылы бар-жоғы 700 білім беру жинақтау депозиті болса, бүгінгі таңда салымшылар саны 15 000 адамға жуықтайды.

Бір қуанарлығы, бағдарламаға меценаттар, қайырымдылық корлар, сондай-ақ отандық кәсіпорындар мен ұйымдар қосылуда.

Жобамызды бірінші болып қолдағандардың ішінде «Бөбек» қоры Қазақстанның білім беру ұйымдарында тәрбие алып жатқан жетім балалардың барлығына дерлік білім беру жинақтау депозиттерін ашу үшін шамамен 5,1 млрд. теңге бөлді.

Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Отбасылық тәрбие институты және Қазақстанның басқа да кәсіпорындары мен ұйымдары әлеуметтік санаттағы тұрғындарға Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы білім алу бойынша қолдау көрсетуде.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bilim-alu-a-arazhat-zhinaudy-ashannan-bastau-kerek-696557](https://yvision.kz/kk/post/bilim-alu-a-arazhat-zhinaudy-ashannan-bastau-kerek-696557)