---
title: "«Бейбіт миссия – 2014»: келіссөздер басталды"
description: "Бейжіңде «Бейбіт миссия – 2014» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларының алғашқы штабтық к..."
author: "minoboronyRK"
published: "2014-02-12T01:01:01+00:00"
modified: "2014-02-12T01:01:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/beybit-missiya-2014-keliss-zder-bastaldy-400239"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/beybit-missiya-2014-keliss-zder-bastaldy-400239/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Бейбіт миссия – 2014»: келіссөздер басталды

> Бейжіңде «Бейбіт миссия – 2014» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларының алғашқы штабтық к...

![«Бейбіт миссия – 2014»: келіссөздер басталды](http://mod.gov.kz/foto/storefront/6038_4.jpg)

Бейжіңде «Бейбіт миссия – 2014» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларының алғашқы штабтық келіссөздері өткізілуде. Келіссөздерде ҚР Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастаған қазақстандық әскери делегация оқу-жаттығудың жоспарын, мақсаты мен тапсырмаларын, сондай-ақ ұйымдастыру мәселелерін талқылауда.

Генерал-майор Мұқан Дүйсекеев өз сөзінде: – Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық Қазақстанның көп векторлы саясатының маңызды элементі болып табылады және ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосады. Қазақстан ШЫҰ-ның өзара сенімді нығайту, достық пен тату көршілік, көпсалалы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ бой көрсеткен террорлық, сепаратистік және экстремистік әрекеттерге бірлесіп қарсы тұра білу мақсаттарына жақын, – деп атап өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы форматындағы командалық-штабтық оқу-жаттығулары дәстүрлі түрде ШЫҰ-на мүше мемлекеттер аумағында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Аталған іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының әскери контингенттері қатысады.

Биыл «Бейбіт миссия – 2014» оқу-жаттығулары Қытай Халық Республикасының аумағында өтеді. 2010 жылы «Бейбіт миссия» оқу-жаттығулары Қазақстанның Мәтібұлақ полигонында өткен болатын.

**ҚР ҚК Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/beybit-missiya-2014-keliss-zder-bastaldy-400239](https://yvision.kz/kk/post/beybit-missiya-2014-keliss-zder-bastaldy-400239)