---
title: "Бердібек Сапарбаев: Қазақстанда 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау бойынша жаңа мембағдарламаны әзірлеу басталды"
description: "«Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жаңа мемб..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-07-10T00:19:00+00:00"
modified: "2015-07-31T00:20:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/berdibek-saparbaev-aza-standa-2016-2020-zhyldar-a-arnal-an-densauly-sa-tau-boyynsha-zha-a-memba-darl-521795"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/berdibek-saparbaev-aza-standa-2016-2020-zhyldar-a-arnal-an-densauly-sa-tau-boyynsha-zha-a-memba-darl-521795/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бердібек Сапарбаев: Қазақстанда 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау бойынша жаңа мембағдарламаны әзірлеу басталды

> «Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жаңа мемб...

«Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жаңа мембағдарламаны әзірлеуге кірістік, аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттары алғашқы медико-санитарлық көмекті дамыту, әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізу және денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін арттыру»,- деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ОКҚ баспасөз конференциясында.

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен қабылданған болатын.

Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру, медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту болды.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы арқасында тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарып келеді. Оның негізгі көрсеткіштерінің бірі тұрғындар өмірінің ұзаруы, егер бұл көрсеткішті 2010 жылмен салыстырсақ, өсім 3,6 % құрайды. Бүгінгі таңда қазақстандықтар өмірінің ұзақтығы 71,6 % құрап отыр. Жалпы, аналар, балалар өлімі төмендеп келеді. Сондай-ақ, туберкулез ауруы, онкологиялық аурулар, жүрек-қан тамырларының ауруы да азайып келеді», -деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ел көлемінде ұлттық скрингтік бағдарлама енгізілді, тек былтыр ғана бұл бағдарлама бойынша 2 млн 4 мыңдай адам тексеруден өткен.

«2014 жылы 45 мыңдай жоғары технологиялық оталар жасалған. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі аясында медициналық ұйымдарды таңдау еркіндігі жүйесі енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 2016-2020 жылдарға арналған жаңа мембағдарламаны дайындауға кірістік. Аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттары - алғашқы медико-санитарлық көмекті дамыту, әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізу, денсауық сақтау саласының кадрлық әлеуетін дамыту», -деді вице-премьер.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/23624/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/berdibek-saparbaev-aza-standa-2016-2020-zhyldar-a-arnal-an-densauly-sa-tau-boyynsha-zha-a-memba-darl-521795](https://yvision.kz/kk/post/berdibek-saparbaev-aza-standa-2016-2020-zhyldar-a-arnal-an-densauly-sa-tau-boyynsha-zha-a-memba-darl-521795)