---
title: "Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке қайтыс болды"
description: "ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ? 2024 жылғы 20 наурызда жазушы, драматург, аудармашы, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ 88 жасында өмірден өтті. Медеу Сәрсеке 1936 жылғы 2 қаңтарда Абай облысы Абай ауданының Қайнар..."
author: "orazali"
published: "2024-03-21T04:14:13+00:00"
modified: "2024-03-21T04:14:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/belgili-zhazushy-medeu-s-rseke-aytys-boldy-1002494"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/belgili-zhazushy-medeu-s-rseke-aytys-boldy-1002494/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке қайтыс болды

> ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ? 2024 жылғы 20 наурызда жазушы, драматург, аудармашы, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ 88 жасында өмірден өтті. Медеу Сәрсеке 1936 жылғы 2 қаңтарда Абай облысы Абай ауданының Қайнар...

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/52fdbd74b383ce69eb710b520b9f1b.jpg)

ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

2024 жылғы 20 наурызда жазушы, драматург, аудармашы, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ 88 жасында өмірден өтті.

Медеу Сәрсеке 1936 жылғы 2 қаңтарда Абай облысы Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген.

1958 жылы Алматы кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарды. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін отыз жылдан астам уақыт атқарды.

Ең алғашқы ғылыми фантастикалық повесі «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыттарда жазған «Жетінші толқын», «От және атом», «Айшықты мезет» повестері мен әңгімелері, «Туған жердің асылы» новеллалары, «Жаңғырық», «Көмбе» романдары жарық көрген. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс» және «Заңды неке» драмаларын жазды.

Қаламгердің есімін Одаққа және шетел оқырманына танытқан күрделі де сүбелі туындысы – «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясы бойынша 1980 жылы жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасы. Ұлт аспанына жарқырап шыққан біртуар тұлға академик Қаныш Сәтбаев өмірі мен ұлы ісін ұлықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам ғұмырын сарп еткен. Осы жолда жазушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск, Ташкент қалаларының мұрағаттарын ерінбей ақтарды. Кітаптың ана тілінде жазылған алғашқы нұсқасы 1975 жылы билеуші партияның Орталық комитеті тарапынан қиянатты тежеуге түсіп, баспаханада тоқтатылғаны – кешегі әміршіл жүйенің қолдан жасаған қыспағы болды. Алайда қайсар жазушы алға ұстаған бетінен қайтпады, көкейкесті еңбегін әуелі Мәскеуде, қазақша түпнұсқасын 1988 жылы Алматыда жариялады. Содан бері ол 9 мәрте қайта басылып шықты. Кітаптың таралымы 300 мыңнан асты, оның орысша басылымы дүние жүзінің 112 еліне тараған.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Абай облысының, Семей қаласының, Павлодар облысы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.

[Өскен Алдамжаров](https://www.facebook.com/profile.php?id=100003503040869)тың жазбасы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/belgili-zhazushy-medeu-s-rseke-aytys-boldy-1002494](https://yvision.kz/kk/post/belgili-zhazushy-medeu-s-rseke-aytys-boldy-1002494)