---
title: "Белгілі бапкер М.Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан халықаралық жарыс мәреге жетті"
description: "16 маусым күні Қазталов ауданында КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ма..."
author: "kazsportagent"
published: "2015-06-17T01:15:27+00:00"
modified: "2015-06-17T01:15:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/belgili-bapker-m-eleusinovti-zh-ldesi-shin-bokstan-haly-araly-zharys-m-rege-zhetti-513990"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/belgili-bapker-m-eleusinovti-zh-ldesi-shin-bokstan-haly-araly-zharys-m-rege-zhetti-513990/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Белгілі бапкер М.Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан халықаралық жарыс мәреге жетті

> 16 маусым күні Қазталов ауданында КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ма...

[!\[Белгілі бапкер М.Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан халықаралық жарыс мәреге жетті\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2015/06/20150616185552-300x183.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2015/06/20150616185552.jpg)

16 маусым күні Қазталов ауданында КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир мәреге жетті.

Аталған жарысқа Батыс Қазақстанмен қатар Маңғыстау, Ақтөбе, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясы Саратов облысынан (Александров-Гай ауданы) барлығы 146 балғын боксшы қатысып, бақ сынады.

Жарыстың жабылу рәсіміне Марат Елеусіновпен бірге бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, олимпиада ойындарына қатысқан, әлем және Азия чемпионы Галиф Джафаров, Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Кәрімжанов мәртебелі мейман ретінде қатысты.

М.Елеусіновті аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр қабылдап, ауыл-аймақта бокс өнерін одан әрі дамыту хақында әңгімелесті. Сонымен қатар, оған өткен жылы аудандық мәслихаттың шешімімен «Қазталов ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенін жеткізіп, төсбелгісін табыс етті. Турнир қорытындысында жалпыкомандалық есепте Қазталов ауданы жеңімпаз атанса, Ақтөбе облысы өкілдері екінші, Орал қаласынан келген облыстық спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшінші орынды еншіледі.

Еске сала кетейік, Марат Елеусінов Қазталов ауданында дүниеге келген қос ұлы Дәурен мен Даниярды әуелі Оралда, кейін Астанада жаттықтырып, ел намысын қорғайтын боксшылар қатарына қосты. Кезінде біраз биікті бағындырған Дәуреннің қазір кәсіби бокста өнер көрсетіп жүргені белгілі. Ал әлем чемпионы, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы, халықаралық бокс қауымдастығының шешімі бойынша 2014 жылдың ең үздік боксшысы атанған Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов — Рио-де-Жанейро олимпиадасында жүлде алады деген басты үміткерлердің бірі.

 

Автор: [Елжан Ералы](http://www.kazinform.kz/kaz/searchauthor/1053)

Басты сөздер: [Батыс Қазақстан облысы](http://www.kazinform.kz/kaz/searchtag/259) , [Спорт](http://www.kazinform.kz/kaz/searchtag/290)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/belgili-bapker-m-eleusinovti-zh-ldesi-shin-bokstan-haly-araly-zharys-m-rege-zhetti-513990](https://yvision.kz/kk/post/belgili-bapker-m-eleusinovti-zh-ldesi-shin-bokstan-haly-araly-zharys-m-rege-zhetti-513990)