---
title: "Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?"
description: "30.10.12.Бір топ сенатор Байқоңырды бетке алып, суыт аттануға әзір! Кеше Сенаттың Экономикалық да..."
author: "AIKYN"
published: "2012-10-30T00:52:41+00:00"
modified: "2012-10-30T00:52:41+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bay-o-yrda-ay-eldi-za-namasy-zh-redi-299303"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bay-o-yrda-ay-eldi-za-namasy-zh-redi-299303/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?

> 30.10.12.Бір топ сенатор Байқоңырды бетке алып, суыт аттануға әзір! Кеше Сенаттың Экономикалық да...

**30.10.12.

![Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?](http://www.aikyn.kz/images/stories/30.10.12/2-bet-Ergozhin.jpg)

Бір топ сенатор Байқоңырды бетке алып, суыт аттануға әзір! Кеше Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті мүшелерінің Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басшылығымен кездесуінде осындай күтпеген мәлімдеме жасалды. Парламенттің Жоғарғы палатасының өкілдері ғарыш айлағы орналасқан мекенге «Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?» деген күрделі де ауыр сауалға жауап тауып, шиеленіскен түйінді мәселені ақыры шешу үшін жол тартуға бел бууда. **

****

Сенаторлардың кәсіпкерліктің және Үкіметтің өкілдерімен кешегі кездесуінде «жаңарғалы жат­қан ұлттық салық заңнамасы» талқыға са­лынған еді. Осы орайда Сенат депутаттары 2050 жылға дейін Ресейге берілген Байқоңыр мәселесін кө­терді: «Осы заң жобасында Байқоңыр қаласының кәсіпкерлерінің жағдайы ескерілді ме?

- деп сұрастырды сенаторлар Үкімет мүшелерінен.

- Сіз­дер ол жақта не болып жатқанынан, байқоңыр­лық шағын және орта бизнестің ахуалынан хабардарсыздар ма?» Байқоңыр қаласында шағын және орта бизнес ашуда проблемалар туындауда екен. Бұған қоса, қазақстандық кәсіпкерлерден Ресей өкіметі «біздің салықты төле!» деп өзеу­реуде. «Мен жаңылмасам, ол жақта қосымша құн са­лы­ғына қатысты проблема бар» деп, Эко­но­ми­ка­лық даму және сауда вице-министрі Марат Құ­сайынов өздерінің хабардар екендіктерін аң­ғартты.

- Бүгінгі таңда Байқоңыр бойынша проблема сақталып отыр, - деп растады Қаржы вице-ми­нистрі Дәулет Ерғожин.

- Ол проблема баяғыда қол қойылған жалға алу келісімінде бірқатар ол­қылықтардың барлығына байланысты. Өйткені он­да бұл аумақта кімнің заңнамасы жұмыс жа­сайтындығы нақты жазылмаған. Біз шамамен 2,5 жыл бойы ресейлік әріптестерімізбен қосымша құн салығын салу бойынша өзара «разборка» жа­саудамыз. Олар «Байқоңыр қаласы Ресей Феде­рациясының заңнамасы жүретін аумақ», яғни Ре­сейдің салығы ресейлік мөлшерде Ресейге төленуге тиіс деп табандайды. Ал біз «сендер жай ға­на мүлікті жалға алып отырсыңдар, ал Байқоңыр Қазақстанның аумағы, демек, онда да Қазақ­станның салық заңнамасы толыққанды күшінде» дейміз. Қаржы министрінің орынбасары Байқоңыр қаласында «қай елдің заңнамасының қолданы­латындығын белгілейтін базалық норманың жоқ­тығынан басқа да мәселелер қаптап туындауда» дейді. Нәтижесінде «қандай заңнама бойынша шағын және орта бизнесті тіркеу керек?», «қай ел­дің заңнамасы бойынша әкімшілік нормаларды қолдану керек?», «жалпы, қай елдің заңнамасы бойын­ша қарым-қатынастарды реттеуге болады?» де­ген маңызды сауалдарға ел Үкіметі әлі жауап таппапты. «Проблема шын мәнінде бар» деп тағы бір нықтаған Қаржы министрлігінің биік лауа­зым­ды өкілі бұл мәселелер «Байқоңыр» ғарыш айла­ғын жалға алу келісіміне түзетулер енгізу арқылы ше­шілуі керектігін меңзеді. «Ол келісім біздің ми­нистрліктің қарауына жатпайды, ол Қазғарыш агент­тігі жауап беретін сала. Соларда бұл мәселені қау­зап, шешу керек» деп қол жайды Д.Ерғожин.

- Бұл тұрғыда менде ұсыныс бар, - деп, Үкі­метке жүгінді Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абай­ділдин.

- Біз Қызылорда облысында өз коми­теті­міздің көшпелі отырысын өткізуге дайынбыз. Сонда жергілікті жерде, Ресей өкілдерін де ша­қыра отырып, көптеген мәселелерді қарап, ше­шейік. Заңды қабылдамас бұрын әртүрлі салмақ­тағы - шағын, орта, ірісі бар, бизнес өкілдерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен әң­гімелескіміз келеді. Сөйтіп, мәселелер шешілуі үшін не істеуіміз керектігін қарап, қорытынды­лайық, - дей келе, Т.Абайділдин сол сапар аясында Үкімет үшін ұсыным-рекомендациялар әзірленуі керектігін белгіледі. Жалпы, салық салу саласында еліміздің бүкіл өңірлеріне қатысты басқа да үлкен мәселелер бар екен. Қаржы министрлігі жаңа жылды қорқынышпен күтіп отыр! Мұны министрлік басшылығының өкілі ашық мәлімдеді. Себебі алдағы 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда Салық төлеу­шінің тіркеу нөмірі (РНН) жойылып, бүкіл еліміз бойын­ша Жеке сәйкестендіру нөмірі енгізілмек. Ал бұған мемлекеттік органдардың әлі күнге дайын еместігі ашық жарияланды. Ең сорақысы сол, Қа­зақстанда халық санынан 9 миллионға артық ЖСН бар көрінеді! Яғни базалар бойынша Қазақстан халқының саны 26 миллионнан баяғыда асып кетіпті. Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожиннің айтуынша, осы министрліктің Салық комитеті қа­зір қос базаға қатар жүгінуге мәжбүр екен. «Бізде өзіміз жасаған төл деректер базамыз бар да, сосын мем­лекеттік органдардың базасы бар. Біз ендігі жылжымайтын мүлік бойынша өзіміздің бөлек базамызға иеміз. Алматыда тіпті автокөліктер бойынша жеке деректер базасы қалыптасқан. Біз меморгандардың базасын мүлдем пайдаланбауға тырысамыз. Өмір үшін қауіпті («опасно для жи­зни»)!» деп турасын айтты сенаторларға Дәулет Еділұлы. Ең қызығы сол, базалардағы теріс ақ­параттар кесірін биік лауазымды тұлғалар да тартады екен: Қаржы вице-министріне мәселен, өзінде жоқ «темір тұлпарларға» салық төлеуді талап ететін қағаздар келген: «Менің өз басымда мезгіл-мезгіл әртүрлі автокөліктер «пайда болып» отырады».

- Меморгандарға өз базаларын тазалау қажет!

- деп күйінді вице-министр.

- Бұл мәселені кө­теретін кез баяғыда жетті. Ең қорқыныштысы 1 қаң­тарда - РНН жойылғанда тумақ! Біз содан қор­қып отырмыз. Ол жойылғанда, не болатынын біз тіпті елестете алмаймыз. Өз тарапымыздан біз өз базамызды тегіс тазаладық және дайын еттік. Алайда басқа мемлекеттік органдардың қаптап жатқан базалары бар ғой! Егер қазір олар өзара сәйкестендiріп, дұрыстап жұмыс жүргізбесе, бұл әлеуметтік қамсыздандыру, жалақы, зейнетақы және басқаларын төлеу мәселелеріне нұқсан келтірмек. Д.Ерғожин өзге меморгандардағы ЖСН-мен айналысқан шенеуніктер «бәрі тамаша» деп есеп бергендерін қынжыла жеткізді. «Желпіне есеп берді, ал оларда өзара айырмашылық-расхождение - 9 миллион! Адамдар жетіспейді! Яғни оларда ЖСН-дер Қазақстан халқының санынан артық болып шыққан» деп бас шайқай хабарлады ми­нистрдің орынбасары. Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділ­даев базаларға қатысты қайшылық әсіресе, күз кезінде ушығатынын айтты. Өйткені бұл кезде Қазақстанда жер және мүлік салықтарын төлеу науқаны басталады. «Бұл құпия емес, уәкілетті ор­гандардың базаларының «ластығы» мәселесі (проблема «грязности» базы уполномоченных ор­га­нов») бар, бұлар әсіресе, ГАИ, Жер орган­дарына қатысты. Мен мұны жақсы білемін, нақты айтып отырмын. ГАИ-дан алатын ақпараттың 40 пайызы «қисық мәліметтер» деп ашық айтқан Салық комитетінің басшысы автокөліктерді, жер телім­дерін және мүліктерді тіркеу бойынша өкілеттік­терді өз комитетіне беруді ұсынды. Сонда әр қа­зақстандыққа салық төлеуді талап етіп келетін төлемдердегі мәліметтердің дұрыстығына басымен жауап беруге әзір көрінеді. «Ал қазір бізден сұрау көп емес, біз тек өкілетті органдардың мәлі­меттерін ғана пайдаланамыз» деп қорытты Ә.Жұмаділдаев. **Айхан ШӘРІП **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bay-o-yrda-ay-eldi-za-namasy-zh-redi-299303](https://yvision.kz/kk/post/bay-o-yrda-ay-eldi-za-namasy-zh-redi-299303)